Қазақстанда азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 2026-2029 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар қабылданды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Жаңа құжат алты негізгі бағыт бойынша 59 нақты іс-шараны жүзеге асыруды көздейді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, жоспарланған шаралардың қатарында халықтың жалақысын көтеру, инфляция деңгейін төмендету, азаматтардың нақты табысын өсіру, адами капиталды дамыту және жұмыспен қамту көрсеткішін арттыру сияқты маңызды міндеттер бар. Сондай-ақ елде сапалы жұмыс орындарын ашу, жүйелі салықтық және әлеуметтік қолдау шараларын енгізу, халықтың борыштық (кредиттік) жүктемесін азайту және қаржылық белсенділігін жақсарту мәселелеріне ерекше басымдық берілген.
Ауқымды құжаттың негізгі мақсаты — қазақстандықтардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсарту болып табылады. Мұнымен қоса, мемлекет бұл процеске жеке секторды тартуды жандандыруды, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуді және ел экономикасы өсімінің инклюзивті моделін қалыптастыруды көздеп отыр.