29.03.2024, 10:00
Оқылды: 47

Ұлт мәдениетінің жанашыры

Осындай атаумен облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ұлт жанашыры, мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарих ғылымдарының докторы Өзбекәлі Жәнібековке арналған тарихи-танымдық іс-шара өтті.

фото мади салык2

Жалпы мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібекұлының Кеңестік идеологияға қарамастан Алаш зиялыларының ақталуына атсалысқаны, күні кеше тойланған Наурыз мейрамының да қазақпен қайта қауышуына үлес қосқаны секілді ел есіндегі елеулі істері же-терлік. Ол атақ-даңқтың артынан қуған жоқ, есесіне елдің алғысын алды, жұрт алдындағы абырой-беделі артты. Тарихымыздың түгенделуіне ықпал етіп, Тайқазанды қайтарып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмысына бастама жасады. Сонымен қатар Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысқанын да оның көзін көргендер жиі айтып жүр. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев ұлт жанашыры жайында естіп-білген естеліктерді айтып берді.

– Өзбекәлі ағамыздың қазақ қоғамына біраз еңбегі сіңді десек, артық айтқандық емес. Өйткені ел тарихының жаңғыруына зор үлес қосып, өткенімізді тірілтуге атсалысқанын ел-жұрт анық біледі. Ағамыз жайында бірнеше естелік әңгімелерді естіп, кей еңбектеріне таңғалып жатамыз. Ол кісі Қостанай қаласында еңбек етіп жүргенде, жалпы қай жерде жүрсе де, айына бір рет Түркістанға баратын көрінеді. Қыс мезгілі басталар шақта сондай бір сапарға шығыпты. Сөйтіп, түс әлетінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барар жолда жаңа түскен ақ қардың үстінен кесенеге бағыт алған адам аяғының ізін таба алмапты. Онда адамдардың көп келмейтінін көріп, сол кездерде кесенені мұражай етіп аштырып, халықтың көптеп жиналуына жағдай жасаған. Бұлай істеуі кесенені қайта тіріл-туі деп есептеймін өз басым. Міне, ағамыздың елдің бірі білсе, бірі біле бермейтін осындай еңбектері орасан. Кейінгі буын, жас ұрпаққа кеңінен насихатталғаны дұрыс, – деді Мирболат Бижанұлы.

Өзбекәлі Жәнібеков Торғай облысының жаңадан құрылып жатқан уақытында аталмыш облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы болып қызметке барған. Сол кезеңдерде жас облыстың мәдени өмірінде айтарлықтай өзгерістер орын алыпты. Арқалық маңызды мәдениет орталығына айнала бастаған екен. 1971-1973 жылдары ол жақта педагогикалық институт, екі арнаулы орта дәрежелі оқу орны, облыстық филармония, музыкалық драма театры және тарихи-өлкетану музейі ашылған. Бұл да белгілі мемлекет қайраткерінің әр өңірдің мәдени мұраларын түгендеп, сол өлкенің гүлденуі жолында аянбайтынының айқын дәлелі. Сондай-ақ ол кешегі Алаш арыстары – Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев және Шәкәрім Құдайбердиев есімдерінің халық жадында қайта жаңғыруына біраз тер төккен.

Уақытында Өзбекәлінің көзін көрген ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Сердеш Қажымұратов оның өнерге деген ықыласы ерекше болғанын әңгімеледі.

– Өзағаң өнерді шын бағалайтын жан еді. Ол кісінің мемлекеттің мәдени-тарихи мұраларын қайтару мақсатында атқарған еңбегі өз алдына, өнердің өркендеуіне қосқан үлесі өлшеусіз. Себебі өзінің ана тіліне, қазақтың салт-дәстүріне, өнерге деген құрметі зор болатын.

Соның ішінде театрды жақсы көріп, кей кездері театр әртістеріне ақыл-кеңестерін де айтып қоятын. Өйткені Өзағаң бәрін жан-жақты зерттеп жүретін қайраткер адам еді. Адамгершілігі мен кішіпейілдігі туралы да ел аузында жүрген жақсы естеліктер жетерлік. Осындай тұлғаның өмір жолы студент-жастарға үлгі болып, ел еңсесінің қашанда биік болуына ықпал ететін азаматтар өсе берсін! – деген тілегін жеткізді Сердеш Қажымұратов.

мадени майдан

Бар қазаққа есімі мәлім тұлғаның бірнеше еңбегі әр жылдарда жарық көрген. Атап айтсақ, 1982 жылы «Қазақтың ұлттық қол өнері», 1991 жылы «Жаңғырық», 1992 жылы «Уақыт керуені», 1996 жылы «Жол­айрықта», «Қазақ киімі» және 1997 жылы «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» кітаптары оқырман қауымға жол тартқан. Танымал тұлғаға арнап конференция ұйымдастырып жүрген Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің жоғары санатты оқытушысы Қырымжан Жақыпова белгілі этнографтың өмірбаянына тоқталып өтті. Сондай-ақ іс-шара барысында Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы жөнінде де біраз пікір айтылды.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале