18.10.2023, 12:15
Оқылды: 55

Ұлттық қор - балаларға: Мәжіліс депутаттары өзгерістер енгізуге келісті

Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлуді көздейтін заң жобасына Сенат ұсынған өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге келісті, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ЖП АҚША

Жалпы отырыста "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның Сенат ұсынған жаңа редакциядағы кейбір баптары талқыланды.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Берік Бейсенғалиев заңға депутаттар бастамашы болғанын, ол игі мақсатты көздейтінін жеткізді.

Оның айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты - кәмелетке толған кезде жиналған қаражат есебінен тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға мүмкіндік жасау үшін өскелең ұрпақты қолдау.

- Биыл 23 қыркүйекте Мәжіліс қабылдаған заң жобасы Сенат қарауына жіберілген болатын. 13 қазанда Сенат заң жобасын кері қайтарды. Заңға 10 түзету енгізілді. Оның ішінде 5 түзету редакциялық нақтылау сипатында, 5 түзету заңның жекелеген нормаларын ішкі және заңнамалық актілерге сәйкес келтіруді көздейді, - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат заңға қандай өзгерістер енгізілетінін айтты:

Мақсатты жинақтауда бірыңғай зейнетақы қорындағы шоттарға аудара отырып, екінші дейгейлі банктерде, Ұлттық пошта операторында ашылған банк шотына аударуды реттейтін нормалардағы долларды теңгеге аудару мүмкін емес, бұл аудару кезінде деп өзгертілді.
Қазақстан Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы конституциялық заңның қолдануын тоқтатуына байланысты терминологиялық біріздендіру үшін Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдары туралы заңға түзету енгізілді.

- Сенат енгізілген түзетулер заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді. Жоғары айтылғандарды ескеріп, комитет Қазақстан Парламенті Сенатының өзгерістері және толықтырулармен келісуді ұсынады, - деді Берік Бейсенғалиев.

Талқылау барысында депутаттар Сенат ұсынған өзгерістермен келісті.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлуді көздейтін заң жобасы Мәжіліске қайтарылған еді.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қорды балаларға табыстың бір бөлігін аударуға міндеттейтін жарлыққа қол қойғаны хабарланған еді.

Кейін Қаржы министрлігі өкілі 2024 жылы Ұлттық қордан қанша қаражат алынатынын және оның қайда жұмсалатынын түсіндірді.

Аяз Есен,

massaget.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале