26.04.2021, 23:55
Оқылды: 159

Ұлттық спорт қанат жаюда

Оралдың Зашаған кентінде «Орал» спорт клубының ат спорты түрлері бойынша бөлімі ашылды.

 df0c0d92-60aa-4f11-9c88-47f3c43bb00c

Оралдық жасөспірімдерді ұлттық ат спортына баулу мақсатындағы аталмыш бөлімді қалалық әкімдік «Ишанов» жеке кәсіпкерлігімен бірлесіп ашты. Енді мұнда ат спортына құштар өрендер ұлттық спорттың төрт түрімен  жаттығады.

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында, ең алдымен, атқа міну мәдениетіне тоқталып, мән-маңызына үңілтеді. Қазақ халқы қашан да «Ат – ердің қанаты» деп жылқы малын ерекше бағалаған. Көптен жоспарланып жүрген осындай ат спорты түрлері бөлімі жұмысын бастамақ. Жеке кәсіпкер Ақылбек Ишанов өз иелігіндегі бұл жерде бірнеше жыл бұрын жеке кәсібін бастаған болатын. Енді осы орталықты мемлекеттің қолдауымен осындай кешеннің базасы ретінде пайдаланғалы тұрмыз. 300 мыңдай тұрғыны бар облыс орталығында ат спорты түрлері бойынша бөлімнің  ашылуы – біз үшін үлкен мүмкіндік, - деді кешеннің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Қазақ күресі ассоциациясының басқарушы директоры Ербол Мырзабосынов атқа мінген балалардың рухы асқақ боларына сенім білдірді.

«Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев еліміздегі бірегей спорт кешенінен шыққан чемпиондарды аталмыш басылым арқылы насихаттауға уәде берді. Спорттық базаның ашылу рәсімінен кейін шараға қатысушылар аударыспақ, жамбы ату, асық ату сынды спорт түрлерінен спортшылардың көрсетілімдерін тамашалады. Сонымен қатар кешенді аралап көріп, жылқы шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерліктің және жаңадан ашылған бөлімнің жұмыс барысымен танысты.

– Қала әкімдігінің қолдауымен ашылған ат спорты түрлері бойынша бөлімде жасөспірімдер спорттың көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату түрлерінен жаттығады. Біз «Ишанов» жеке кәсіпкерлігімен шарт жасасу арқылы бүгінгідей спорттық базаны жасақтадық. Алдағы уақытта 150 спортшыны даярлап, олардың арасынан Орал қаласының құрама командасына жас спортшыларды іріктеп шығаруды жоспарлап отырмыз. Спорттың әр түрі бойынша жаттықтырушылар бекітілді, қажетті құрал-жабдықтар, киім-кешектер алынды. Ат спорты түрлері бөліміне балалар 7-9 жастан бастап қабылданады, - деді Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев.

 

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале