
Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының елордалық құрамасында "Сарбаз 2.0" республикалық бағдарламасы аясында мерзімді әскери қызмет сарбаздарына білім гранттарының сертификаттарын табыстау салтанаты өтті.
Ауқымды білім беру бастамасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтық борышын адал атқарған жастарды қолдау және әскери қызметтің беделін арттыру.
Биыл Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне 660-тан астам білім гранты бөлінді. Оның ішінде елордалық құраманың 14 сарбазы грант сертификаттарына ие болды. Бұл көрсеткіш еліміздің барлық күштік құрылымдары арасындағы ең жоғары нәтиже саналады. Бағдарламаға Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшілерінің 60 пайызы қатысуға ниет білдірген. Бұл жастардың білім алуға және кәсіби тұрғыдан дамуға деген жоғары ынтасын көрсетеді.
Сертификаттарды үздік сарбаздарға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков табыстады. Ол аталған жобаның жастардың болашағына кең мүмкіндік ашатынын атап өтті.
– Бүгін сертификат алған әрбір әскери қызметші бұл жетістікке өз еңбегімен, табандылығымен және білімге деген ұмтылысымен қол жеткізді. Болашақта осындай жастар білікті маманға, сұранысқа ие кәсіби кадрға және мемлекетіміздің сенімді тірегіне айналатыны сөзсіз, – деді Аңсаған Балабекова.
Мемлекет тарапынан Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Қарулы Күштер, өзге де әскери құрылымдар мен жоғары оқу орындарының өзара ынтымақтастығының арқасында бағдарлама жеңімпаздары жоғары білімді тегін негізде игеруге, шәкіртақы алуға және жатақханамен қамтамасыз етілуге мүмкіндік алады.
Биыл бағдарламаға қатысу үшін төрт мыңға жуық мерзімді әскери қызметші өтініш берген. Жауынгерлік даярлықта, тәртіп сақтауда және арнайы тапсырмаларды орындауда жоғары нәтиже көрсеткен үздік сарбаздар жеңімпаз атанды. Гранттарды бөлу қатысушылардың қорытынды рейтингі негізінде жүзеге асырылды.
Бүгінде Қазақстанның 70-тен астам жоғары оқу орны конкурс жеңімпаздарын қабылдау жөніндегі меморандумға қол қойған.
Білім гранттарын табыстау – құқықтық тәртіп әскері қатарындағы қызметтің беделін арттырып қана қоймай, жас Отан қорғаушылардың жеке және кәсіби тұрғыдан дамуына нақты мүмкіндік беретін маңызды бастама.