3.11.2022, 16:15
Оқылды: 96

Ұлттың жүрегі де, тірегі де – тіл

 Қазақ тілі – аласапыран кезеңдерді, шапқыншылықты, отаршылдықты артқа тастаған, құрыққа ілінбеген, құрдымға құламаған қасиетті тіл. Қазақ ұлты сияқты «түбі бүтін, тегі түгел, тамыры терең, сабағы нық, жапырағы көк». Жүрегі қазақ деп соққан әрбір азамат үшін тіл – ұлы байлық, басты тұғыр.

5065618

Кез келген ұлтты тіл арқылы танимыз. Кез келген көркем шығарма өз тілінде оқығанда ғана көркем. Кез келген адам өз тілінде сөйлегенде ғана сүйкімді. Осы жерде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Ана тілі - қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сағынышы, онда дәм де, мән де болу керек» деген сөзін тілге тиек еткен жөн. Қазақ үшін ана сүтімен дарыған қазақ тілін біліп қана қою жеткіліксіз. Ана тілінде ойланып, ана тілінде білім жетілдіріп, ана тілінде сүйе білу керек.

Туған тілге деген махаббат пен құрмет тал бесіктен бойға дарып, жер бесікке дейін бүлкілдеген жүрегімізде сақталуы тиіс. Қазақ тілінің бай сөз иірімдері аңыз-әңгіме, мақал-мәтел, ертегілерінен бастап, әндері мен өлең шумақтарынан, поэма-романдарынан көрініс табады. Осынау мол байлықты санасына сіңіріп, кішкентайынан тыңдап өскен бала тексіз, ақылсыз болмайды. Тіліміздің түп тамырына бойлап, мол қорына таң-тамаша болған көрші елдің жазушы-зерттеушілері том-том еңбектер қалдырған. XIX ғасырда өмір сүрген белгілі поляк журналисі, ақын Адольф Янушкевич қазақ халқы жөнінде: «Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс  бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі» дейді. Ал орыс түркітанушысы Платон Мелиоранский: «Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бірауыздан ең бай, ең таза түркі тілдерінің бірі деп таниды» деп тамсана жазған.

Ақиқаты осы болса да, бұл күнде тіліміздің қолданыс аясы тарыла түскендей. Қозғай-қозғай жауыр болған тақырып болғанымен, айтпай кету – арға сын. Ана тілімізден артық бізге не бар? Кешегі күннің шындығы жалғасын тапты ма? «Оянатын мезгіл жетті емес пе? Бәріміздің бойымыз бен ойымызды меңдеп алған енжарлық деген қырсықтан құтылар күн бар ма?» деген жанайқайдың атой салар кезі қазір. Бүгінгі тілдің мүшкіл халі Абайдың «Қайран сөзім қор болды-ау» деп келетін өлеңін еріксіз ойға оралтады. Осыдан он жылдай бұрын тіліміз орысшаланды деп күйіндік, бүгін ағылшын мен түрік тілі жастар арасында сәнге айналып барады. «Өзге тілдің бәрін білген» жақсы, оған дау жоқ. Кітаптарын да әр елдің өз тілінде оқыған жөн. Дегенмен таныс жандармен тілдесу кезінде орысшаның үстіне ағылшын тілін, оған түрік тілін, тіпті испан мен француз тілін қосудың керегі не? Білгеніңіз бен үйренгеніңіз өзіңізге жақсы. Біліміңізді ел игілігіне жұмсап, тілді шұбарламасаңыз – болашақ ұрпақ үшін жақсы. «Қазақпын» деп қазақша айта алмайтын қазақтар қаншама... «Анамыздың ақ сүтімен бойға дарыған тілді ұмыту – бүкіл ата-бабаларымызды ұмыту» дейді батыр Бауыржан. «Ана тілін анамыздай ардақтайық» деген Ғабит Мүсіреповтың да ішкі тебіренісін түсінуге болады.

Ақ жаулықты аналарымыз:

«Кіршіксіз ардай сақтаңдар,

Қазақтың тілін, ғаламат.

Ұрпақтар! Атар ақ таңдар.

Аманат, саған аманат», – деп өсиет айтыпты.

Тіліміздің қолданыс аясын кеңейту мақсатында сәтті қадам жасағандар бар. Солардың бірі - Иманғали Тасмағанбетов: «Өзімізден бастайық, содан соң өзгелерден талап етейік» дейді. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай айналса, соңғысының солай айналатыны» да анық.

Әлемде 7117 тіл бар. Статистика бойынша екі аптада бір тіл жер бетінен мәңгіге жойылып отырады. Біздің тіліміз сол сорлы тілдермен тағдырлас болмау үшін әдебиетімізді, мәдениетімізді, тарихымыз бен салтымызды ұлықтауымыз, қорғауымыз шарт. Мұхтар Әуезовтың «Қисық ағаштың өзін түзеп алмай тұрып, оның көлеңкесін түзеу мүмкін емес» деген сөзі бар. Бүгін жүріп өткен жолымыз бен қадамдарымызды бағдарлап, келешекке түзу жол қалдыру – парызымыз.

Қазақ тіліндей майда, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады. Кейде қазақ болып туғаның үшін, әлемдегі ең бай тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің...

Қазақ тілі – біздің жұрт бастан кешкен қуаныш пен қайғының куәгері. Қазақ тілі кез келген әннің, поэзиялық, прозалық туындының шырайын кіргізіп, дәмін келтіреді. Осынау мол байлықты санасына сіңірген баланың дүниетанымы мен өмірге деген көзқарасы ерте қалыптасады.

Әлемдегі атақты аудармашылар өз тілдеріне тәржімалай алмай жүрген жыраулар поэзиясы қазақ тілінің қиын да құнарлы тіл екенін тағы дәлелдейді. Қазақ тілінде көркем сөйлеп тұрған адамның жаныңды лезде баурап алатыны ғажап құбылыс.

Шетел аудармашылары жыраулар поэзиясын өз тілдерінде сөйлете алмағанымен, қазақтың бірқатар ұлы ақын-жазушысы мен қазіргі заман қаламгерлерінің сүйекті шығармаларын аударды. Бұл аудармалар әлемге қазақ деген ғажап елдің тұрмыс-тіршілі-гімен, дүниетанымымен, ата салтымен, қазіргі хал-ахуалымен таныстыруда. Осындай ғажайып шығармаларды ана тілінде оқу үшін біраз адам қазақ тілін үйренуге бел буатыны сөзсіз.

Бүгінде өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуге ден қойды. Шетелде ғұмыр кешіп жатқан қандастарымыз түрлі курстарға қатысып, қазақ тілін үйренуде. Олардың қазақ тілін жетік меңгеруге деген талпынысы, ынта-ықыласы қазақ тарихына, салт-дәстүріне қызығушылықтан басталған.

Өзгеше ойлайтын, таным-түсінігі мүлде басқа, ізденісті, жаңашылдықты жақсы көретін ұрпақ өсіп келе жатыр. Олардың қазақ тілін тағы бір сатыға биіктететініне бек сенемін. Біз ұлттық болмысымыздың негізі – қастерлі тіліміз деп дөп басып айта аламыз. Себебі қазақ тілінде біздің мақсат-мұратымыз, тарихымыз, ой-армандарымыз бар.

Әселханым Ғайнеден,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті

филология факультетінің магистранты

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале