27.12.2022, 10:31
Оқылды: 78

«Ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле»

Тарихымызға көз жүгіртсек, ата-бабамыздың ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөлгенін аңғарамыз. Кез келген жеке тұлға, ең әуелі, жанұясында қалыптасып, өсіп-өркендейді. «Отан отбасынан басталады» деген сөз қай уақытта да өзекті. Біз отбасын сақтау, оның қоғамдық қызметін аса маңызды институт ретінде бағалау арқылы ғана мемлекеттің болашағына зор үмітпен қарай аламыз. Отбасы дамыса, мемлекеттің іргетасы мықты болады.

1

Алайда бүгінде түрлі себептермен шаңырақтар шайқалып, бала тағдыры мен тәрбиесіне өз деңгейінде көңіл бөлінбей жатқыны жасырын емес. Отбасы бұзылған кезде әрдайым балалар зардап шегеді. Ажырасуға, сот ісін жүргізуге әкеп соққан жағдайлар бірінші кезекте баланың жүйкесі мен мүдделеріне әсер етеді. Сондықтан ресми неке институтын түбегейлі жаңарту қажеттілігі туындайды. Мәселе отбасылық қатынастардың, неке мен ажырасудың құқықтық нормаларына қатысты. Отбасы жайлы қоғамдық пікір өзгеруі тиіс. Мәселені шешуге заңгерлерге қоса, психологтар, тәрбиешілер, БАҚ қызметкерлері мен дін саласының мамандары атсалысуы қажет. Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алатындықтан, оған  немқұрайлылық  таныту  дұрыс  емес.

2020 жылы 23 маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облысымызда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» КММ жанынан «Отбасы» орталығы құрылды. Орталықта әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында тегін әлеуметтік, заңгерлік және пси-хологиялық қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар аналарға арналған түрлі бағыттағы курстар мен шеберлік сабақтар үнемі ұйымдастырылады. Орталық ашылған сәттен бастап 575 тұрғын заңгерлік кеңес алды. Құқықтық кеңеске басым көпшілігі тұрмыстық, неке қатынастары, алимент өндіру, мүліктік дау және басқа да мәселелер  бойынша  жүгінеді.

Ұлттық санасы жетілмеген ел ғана жатқа еліктейді. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» депті дана халқымыз. Ата-бабамыз ұстанған дәстүрді ұлықтап, ұлттық тәлім-тәрбиені бойға сіңірсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық.

Айдана Сидарова,

«Отбасы» орталығының заңгері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале