16.09.2021, 11:28
Оқылды: 68

Үміткерлер қазақ тілін білуге міндетті

Президенттік жастар кадрлық резервінің және "Болашақ" халықаралық степендиясының үміткерлеріне қойылатын басты талаптардың бірі – мемлекеттік тілді білу және меңгеру. Соған орай сәрсенбі күні Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен "Қазтест" жүйесінен сертификаттық тестілеу өтті.

1

Тестілеу жүйесінің барысын Ұлттық тестілеу орталығы Қазтест жүйесін дамыту басқармасының бас сарапшысы Ұлжан Садакова арнайы қадағалады.

- Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мен оны дамыту – қазіргі уақытқа дейін күн тәртібіндегі, қоғамның басты назарынан түспей келе жатқан келелі мәселелердің бірі. Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жыл ішінде бұл бағытта үгіт-насихат жұмыстарымен бірге бірқатар іс-шаралар атқарылып, алдағы уақытқа жоспарлар жасалды.

Атап айтқанда, мемлекеттік тілдің мерейін асыру, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды қамтамасыз ету үшін оның заңдық, құқықтық тетіктері іске қосылды. "Қазтест" жүйесі енгізілді. Бұл жүйенің басты мақсаты – кәсіби міндеттерін атқару барысында өмір талабы мен заман сұранысына сәйкес мемлекеттік тілді жетік деңгейде меңгерген еліміздің ұлтжанды азаматтарын қалыптастыру. Бүгін, міне, өңірімізде Қазтест тапсырып, сертификатын алуға Президенттік жастар кадрлық резервінің және "Болашақ" халықаралық степендиясының үміткерлері келіп отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Мемлекеттік тілдің мерейін асқақтата берейік, - деді іс-шараның ашылу салтанатына қатысып, тест тапсырған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниеваның мәліметінше, ҚАЗТЕСТ жүйесінің мазмұны төрт бөліктен тұрады. Олар тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым және жазылым. Әрбір бөліктің ерекшелігіне байланысты тапсырма да алуан түрлі, яғни әрбір тапсырманың өз мақсаты, бағалайтын білік-дағдысы болады. Жүйенің алғашқы бөлігі тыңдалым бойынша күнделікті өмірде қолданыста бар, әрбір деңгейдің лексикалық қорына сәйкестендірілген диалог, монолог, полилог және әр алуа­н мазмұндағы мәтіндер ұсынылады. Тест тапсырмалары аудиомәтіндер және тест тапсырмалары арқылы тіл үйренушінің білік-дағдыларын бағалайды.

ҚАЗТЕСТ азаматтардың қазақ тілін меңгеруін бес деңгей бойынша, яғни А1– қарапайым, А2 – базалық, В1 – орта, В2 – ортаданжоғары, С1 – жоғары деңгейді анықтайды.

Айта кетсек, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да өткен Қазтестті Президенттік жастар кадрлық  резервінің және "Болашақ" халықаралық степендиясының үміткерлерінен тұратын70-ге жуық маман тапсырды.

 

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале