15.12.2020, 11:51
Оқылды: 246

Үндеу

Біз, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен өкілдері, барша Жайық жұртшылығын егеменді еліміздің ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!

44616A8B-0F9C-4C93-8936-65CBC02258D2

Мемлекетіміздің қалыптасуының басында құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы өзекті мәселелерді талқылау және көптеген пайдалы ұсыныстардың бастамашысы ретінде бірегей алаңы бола отырып, Батыс Қазақстан облысының барлық тұрғынын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Менің туым – менің Отаным!» акциясына белсенді қатысуға шақырамыз.

Акция аясында 16 желтоқсан күні сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін толерантты және гүлденген мемлекетімізге құрметтің, елімізге деген патриотизмнің символы ретінде тұрғын үйлер балкондарында  еліміздің мемлекеттік туын орнату жоспарлануда.

Достығымызды, бейбітшілік пен келісімді сақтау мен нығайту әрқайсымызға байланысты. Сондықтан аталған акция жас ұрпақтың бойында ұлттық туымызға деген мақтаныш сезімін оятуға қызмет ететіне сенімдіміз.

Біз, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, облысымыздың барлық тұрғындарын, әрбір отбасын, әрбір азаматты біздің бастамамызды қолдай отырып, мерекелік және патриоттық игі акцияға белсене қатысуға шақырамыз.

 Аветик Амирханян, облыстық  мәслихаттың  депутаты, «Масис»  армян  этно-мәдени бірлестігінің  төрағасы:

A33A2CDA-C095-4F2C-BE3E-ACA370E3E835

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жас мемлекет үшін оңай болған жоқ.

Кеңес Одағы ыдыраған қиын сәттерде ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әр салада қабылдаған батыл шешімдерінің маңызы зор. Елдің экономикасы тұралап, электр жарығы болмай, халық айлап жалақы мен зейнетақы ала алмаған қиын кездерде Елбасы бар жауапкершілікті мойнына алып, елжұртын сол қиындықтан алып шығып, бүгінгі  деңгейге  жеткізді.

Елбасымен ақжайықтық кәсіпкерлер 1998 жылы кездестік. Бұл  қиын кездер еді. Сол кездесуде ол кісінің рухты сөздері бізге күш-жігер берді. Көп ұзамай мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамыту бағытында тиісті заңнамалар қабылданды. Сөйтіп, қазақстандық кәсіпкерлер іске қызу кірісті. Мемлекеттің қалыптасуының алғашқы жылдарындағы ауыртпалықтың бәрінен Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында шықтық деп зор сеніммен айта аламын. Посткеңестік кеңістіктегі өзге елдер қиындықтан шыға алмай жатқанда біздің ел іскер басшының батыл шешімдерінің нәтижесінде әлемдік деңгейде өз орнын айқындай алды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда атқарылған әр істе Елбасының төл қолтаңбасы  бар.

Біздің мемлекетіміздің бейбіт саясатын бүкіл әлем біледі. Қазақстанымыз алысты-жақынды елдермен достық қарым-қатынасты жолға қойып,  өзге  мемлекеттерге үлгі болып келеді.  Қазақ елінде сан алуан ұлт-ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың аясында тату-тәтті өмір сүруде. Ұлтаралық достық пен бірліктің негізіне айналған еліміздің ынтымақ-ырысы  артып,  жетістігі  көбейе  бергей!

 Гүлмира Батпақұлова, «Арба»  қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

1E2EE7AA-84F6-4404-8B8A-0D78FE63517A

– Тәуелсіздік мүмкіндігі шектеулі жандарға көп мүмкіндік сыйлады. Тәуелсіздік алғаннан кейін мүмкіндігі шектеулі жандар да өзге адамдар секілді қоғаммен тығыз араласа бастады. Бұл – үлкен жетістік!

Қазіргі күнде мүгедек адамдар да кездесетін түрлі қиындықтарға тап болған адам ретінде жерлестерді, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылау және шешу қажеттілігі бойынша жұмыстанып жүрмін. Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі 8,7 мың адам, мүгедектер проблемаларымен айналысатын тоғыз қоғамдық  бірлестік жұмыс істейді.

Мен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы бойынша мониторингтік топтың мүшесі ретінде соңғы жылдары пандустар, бедерлі тақтайшалар орнатуға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз пайдаланатын көптеген әлеуметтік нысандар мен банк мекемелеріне мүгедектер арбаларының кіруіне арналған кеңістікті кеңейтуге қол жеткіздім. Мүмкіндігі шектеулі жандардың біразы  қазіргі күнде қала өміріне белсене араласып, түрлі шараларға қатысып, жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Бұл  да  бізге  тәуелсіздік  берген  сый  деп  есептеймін. Осындай жетістіктерге қарамастан, біздің қаламызда, облыста әлі де көптеген мәселелер бар. Бұл мәселелерге тек назар аударып қоймай, оларды шешу қажет. Алдағы уақытта ерекше қажеттіліктері бар адамдарға өз бетінше, онлайн режімде өздерінің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік қызметтерді сатып алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтердің бірыңғай порталын енгізу, қиын өмірлік жағдайдан шығу үшін әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ өмір сапасын жақсарту мақсатында «Жанұя» орталығын ашу, диспансерлік есепте тұрған мүгедек адамдар мен балалар үшін 150 орындық оңалту орталығын салу және өзге де жоспарларымыз бар.

Өңір тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Әлемді әуреге салған ауыр індеттен құтылып, аман-есен болайық!

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале