14.02.2025, 23:00
Оқылды: 234

Университет жастары арасында ақын шығармашылығы насихатталды

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының «Дәуір дарабозы-90» атты жобасы өңірдегі оқу орындары арасында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен бастау алды.

2

Жәңгір хан университеті мен Қадыр орталығы бірлесе ұйымдастырған «Талассыз тау тұлға» атты концерттік бағдарлама Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналды. Кеш шымылдығы мерейтой иесі, жерлесіміз Қадыр ақын туралы деректі фильммен түрілді. Бұдан әрі құттықтау сөз алған Жәңгір хан университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов Қадыр орталығы ұжымын қаламгердің 90 жылдығымен орайлас келген 10 жылдық мерейтойларымен құттықтады. – Қазақ әдебиетінде өшпестей  мұра қалдырған, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Қадыр Мырза Әлінің жырлары әлемге танымал. Ақынның туған жерге деген махаббаты, ана тілге деген құрметі өскелең ұрпақты рухтандыруға зор күш береді, – деген университет проректоры жастарды қаламгердің шығармашылығымен кеңінен танысуға шақырды. Дарабоз ақынның өміріне жастарды қызықтыра түскен жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин: – Қадыр Мырза Әлі – қазақ жастарына, бүгінгі орта буынға, аға толқынға даналық өсиет қалдырған ақын. Қадырдың шығармашылығы сан қырлы. Ол – балалар әдебиетінен бастап поэзия, эссе жанры, драматургия, жалпы шығармашылығының қай саласын алып қарасаңыз да, соңына классикалық мұра қалдырған қаламгер, – дей келе, ақынның өлеңдерінен үзінділер келтірді. Өз кезегінде Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов Қадыр Мырза Әлідей талантты тұлғаның шығармашылығы мәңгілік екенін жеткізді. Айтуынша, Қадыр ақынның 90 жылдығына және оның есімін иеленген орталықтың 10 жылдығына арналған «Дәуір дарабозы-90» жобасы аясында ақын шығармашылығы жыл бойына жалғасатын болады. Соның ішінде өңірдегі арнаулы орта және жоғары оқу орындарында оқитын жастар арасында кеңінен насихаттау жоспарланған. Бұл бағыттағы іс-шаралар БҚАТУ-дан басталып отыр. Сондай-ақ Жәңгір хан университеті ұйымдастырған концерттік бағдарламада үздік өнер көрсеткен білім алушылар алдағы жаз айында ұйымдастырылатын үлкен гала концертке қатысады. Орталық директоры Серік Әнуарұлы өнерге осындай қолдау көрсеткен Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің басшылығына алғысхат табыстады.

1

«Талассыз тау тұлға» атты концерттік бағдарламада универсиеттің вокалдық-аспаптық ансамблінің жетекшісі Әдиет Мералы, «Нарын сазы» ұлт-аспаптар ансамблі, «Тұмарым» вокалдық тобы, «Еркенұр» би ансамблі өнер көрсетті. Кеште ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, композициялық қойылымдар ұсынылды. Индустриалды-техникалық институтының  студенті Мөлдір Салауат Қадыр ақынға арнаған арнауын оқып берді.

Қазақтың Қадырының мерейтойына арналған тағылымды кеш «Өз елім» әнімен түйінделіп, көрермен университет өнерпаздарына деген ыстық ықыластарын қошеметтерімен сезіндірді.

БҚАТУ медиа орталығы

Мәди Салықтың суреттері

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале