2.02.2024, 11:30
Оқылды: 92

«Ұраннан» «Орал өңіріне» дейін

Бүгін – Ұлттық басылым күні

 Өңіріміздегі үнқағаздың тұңғыш қарлығашы болып есептелінетін «Қазақстан» газетінің  1911 жылғы алғаш жарияланған нөмірінде Ғұмар Қараш: «...бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет...» – деп  жазыпты.

1 бетке баспа күні2

«Қазақстан» газеті 1911-1913 жылдары Оралда шығып тұрған. Кейін қаржылық қиындықтарға байланысты шығуын тоқтатқан сияқты. Ал газеттің алғашқы ұйымдастырушылары мен тұрақты шығарушылары Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сол жылдардағы қиын-қыстау заманда бастарын қауіп-қатерге тігіп, ұлтымызға аянбай қызмет еткен. Олар «Қазақстанның» әр санына: «Газеттің асыл мақсаты: кәсіп ету, ғылым, өнер турасында» деп ұран іспетті жазып отырған. Үнқағаздың «Қазақстан» атауымен шығарылуында да сол бір ағаларымыздың азат ел болуды аңсаған ұлы армандары жатқандай. Бұл азаматтар – кейін әр жылдарда түрлі атаулармен өңірімізде жарыққа шығып отырған басылымдардың да ыстық-суығына бірдей төзген нағыз қалам қайраткерлері.

Бүгінде алғашқы саны жарыққа шыққанына 107 жыл толатын облыстық «Орал өңірі» газеті өзінің бастауын «Ұран» газетінен (1917 жылдың 28 шілдесінен бастап шыққан) алғаны архивтік құжаттармен және сол үнқағаздардың сақталып қалған сандарымен нақты дәлелденген. Одан кейін «Ұран» газеті 1918 жылдың 17 қарашасынан «Хабар» деген атаумен шыға бастайды.  Одан соң газет әр жылдарда заман, уақыт талабына ыңғайланып,  әртүрлі атаулармен «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық  жолы», «Сахара таңы», «Қызыл ту», «Екпінді құрылыс», «Октябрь туы» болып шығып отырған.  Бұл үнқағаздар – бүгінгі  «Орал өңірі» газетінің «ата-бабалары».

Еліміздің бас газеті «EGEMEN QAZAQSTAN» өзінің бастауын «Ұшқын» газетінен алатыны тарихтан белгілі. Міне, осы «Ұшқынды» еліміздің сол кездегі астанасы Орынбордан шығару үшін  жоғарыда айтқан «Ұран» газетінің баспаханасы Ордадан сол астанаға көшіріледі. Ал  газеттің «Ұшқын» атауын жерлесіміз, қазақтың қадірлі ұлы болған күрескер тұлға Сейітқали Меңдешев қойған екен. Редакторлығына бөкейлік азамат Тамимдар Сафиев тағайындалыпты. Батыс баспасөзінің тарихы өте қысқаша тарқатқанда осындай.

 

«Орал өңірі» газетінің

редакция алқасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале