10.10.2023, 11:45
Оқылды: 74

Үш ауданға – 16 үміткер  

 

Пилоттық режімдегі Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандары әкімдерінің сайлауына 16 үміткер (барлығы ер адам) ұсынылған. Олардың құжаттарын қабылдау 5 қазан күні тоқтатылған екен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов мәлімдеді.

 6BE634FD-7FC3-4883-945E-AF12D7A148E1-1170x700

Фото: talgargazeti.kz 

– Кандидаттардың ең үлкені – 56 жаста, ең жасы – 27 жаста. 16 үміткердің 11-і – мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері, біреуі – бюджеттік саланың маманы, үшеуі коммерциялық құрылым өкілі болса, қалған біреуі уақытша жұмыс істемейді. Бұлардың арасында экономистер (5), заңгерлер (4), қаржыгерлер (3), педагогтер (2), мал дәрігері және техник-құрылысшы бар. Үміткерлердің бесеуін «AMANAT», ҚХП, «Ақ жол» секілді саяси партиялар ұсынса, қалған 11-і өзін-өзі ұсынған. Кандидаттар қатарында Бөкей ордасы ауданы бойынша Сатқан Өмірзақов, Мейрамбек Аққалиев, Нұрлыбек Дауымов, Нарынбек Кереш, Асылжан Хайреденов, Жалғас Ташуов, Мейрамбек Ғилманов, Қаратөбе ауданы бойынша Қадыржан Сүйеуғалиев, Ермек Сайынов, Қанат Мұқанов, Тасқала ауданы бойынша Әлібек Ерғазиев, Әлібек Ташимов, Мэльс Нәріков, Талғат Шәкіров, Бекжан Тоғжанов, Айбек Қайырғалиев бар. Аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік парақшаларына толыққанды мәлімет жүктеліп отырады. 4 қарашаға дейін үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Сайлаушыларды бұл саяси науқанға жауапкершілікпен қарап, белсенділік танытуға шақырамын, – деді Ғайса Хамидоллаұлы.

Спикердің мәлімдеуінше, учаскелік сайлау комиссиялары жүйелі жұмыс атқаруда. Үш аудан бойынша үміткерлердің көпшілікпен кездесу орындары, үгіт-насихат стендтері дайындалып жатыр. Брифинг жүргізушісі Айдана Жұмабергенқызының «Сайлауалды үгіт-насихат жұмысы үшін кандидаттарға қаражат бөліне ме?» деген сұрағына Ғайса Қапақов:

– Сайлау қорынан әрбір кандидатқа 400 000 теңге бөлініп отыр. Олар осы қаражат шеңберінде ғана жұмыс жүргізуге міндетті. 400 000 теңге үгіт-насихат жұмыстарына толықтай жетеді, – деп жауап қатты.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале