15.08.2022, 10:16
Оқылды: 191

Ұстаз. Ақын-журналист. Азамат

Тілақаң туралы қалам тербемей тұрып, әуелі оның азаматтық, кәсіби, адами қырларын ұштап алуымыз керек. Әйтпесе, осынау бір ерекше жаратылған, ылғи жұрттың назарында, елдің алдында жүретін жанның бүкіл болмысы бұлыңғыр болып қалуы мүмкін. Журналистика мен поэзияны қатар алып келе жатқан кейіпкеріміз әу бастан жазуды машық етті десек, артықтау кеткеніміз.  Дегенмен, поэзияны жанына серік етуі бір жағынан кездейсоқ болмаса керек. Өйткені Тілақаң Жұбан ақын, Сағынғали саңлақ туған  ауылда дүние есігін ашқан ғой. Екі бірдей заңғар шыққан ауылдың топырағына тартпай тұра ма?

6

Осындайда еске түседі. Сонау 80-ші жылдардың аяғында Құралбек Дәулетов деген Тайпақтың атақты жылқышысы Қазақ ССР-ның депутаттығына ұсынылып, ол туралы жазу үшін Алматыдан біздің ағайындар шұбырды. Күндердің күнінде  «Социалистік Қазақстанның» тілшісі Ғалым Тыныбеков Құралбекті арнайы іздеп келді. Обкомның үгіт-насихат бөлімі қонақтың қасына осы жолдардың иесін қосты. Қаңтардың бораны құтырынып тұрған. Сол кездегі «Котельников»  кеңшарының директоры Хаймулдин Ғазез ағай су жаңа «УАЗ»-ын тақымдап келгесін, айқай боранға қарамай тартып кеттік. Атырауға қарай аңырап жатқан күрежолды күндіз-түні аршып тұрғасын, көп қиындық көрмедік. Ал әрі қарай жылқышы Құралбектің ауылына жеткенше, көресіні көрдік. Баяғы алағай да былағай боран көз аштырмай соқты да тұрды.  «Социалистік Қазақстан» газетінің абыройы аспандап тұрған кез. Өзіміздің обкомнан берілген тапсырманың екпіні қатты. Аудан басшыларынан бастап, шаруашылық жетекшілеріне дейін республикалық басылымнан келген журналистің жүріп-тұруын мықтап мұқияттаған. Сондықтан олар біздің қасымыздан табылды. Әрі жауып, әрі бораған  қалың қардан  су жаңа  «УАЗ»  омбы күртікке  бауырлап, жіп есе алмай қалғасын, алдымызға арқыратып, «К-700» тракторы салынды. Сонымен Құралбектің қыстағына жеттік-ау! Болашақ депутаттың қасында  күн жарым болып, барлық айтқан әңгімесін қаттадық. Совхоз орталығына оралғаннан кейін Алматыдан келген қонақ журналист арқаны кеңге салды. Кеңшар директоры Ғазез Хаймулдин ағамыздың үйінде «боран ашылсын», - деп бір күн, бір түн арқа-жарқа отырдық. Алматылық журналист Нарынқолдан Мұқағали ақынның жерлесі. Өзі де өлең жазады, оларын бізге алып келіп оқиды. Бір қауым уақытта «Ауылыңызда ақын бар ма?» - дегені, біз далада қалып... Ғазекең: «Болғанда қандай... Тек көрші ауылда, Базаршоланда» Сол сол-ақ екен, көп ұзамай Базаршоланға аттандық. Ол кезде мен Тілес ағамды алыстан, сырттай, бізге анда-санда жазып тұратын мақалаларынан ғана білемін.

Тілақаң бізге (дұрысы Алматыдан келген қонаққа) айшылық жерден ағайыны іздеп келгендей қатты қуанды. Мектепте директор болып істейді екен. Бір күн, бір түн қонақ етті. Шай келсе, суып қалады. Ас келсе, күтіп қалады. Тыныбеков екеуі кезек-кезек өлең өреді. Өздерінің өлеңдерін, арасында өзге де ақындардың жауһарларын оқып жарысады. Сыртта қаңтардың құтырынған бораны, іште өлеңнің мартені жалын бүркіп, вулканша атқылады. Тыныбеков мәз. Кетерінде Тілақаңның бір топ өлеңдерін қойнына қыстыра кетті. Кейін оны «Социалистік Қазақстанда» жариялатты. Оралға келгенше арасында «Әй інім, ана жігітің құр емес, өлеңдерін газеттеріңе жариялап тұрсаңдаршы?..» - деп қояды. Осылайша Тілес ағамызбен алғаш рет жақын танысқанмын. Содан бері іргеміз ажыраған жоқ.

Енді Тілақаңның азаматтығына келейік. Сонау бір жылы Тайпақ деген ауданның басына қара бұлт үйіріліп, ақыры сол кездегі басшылардың пәрменімен жабылды. Бір кезде шаруашылықтары Жайықтың қос бетін ен жайлап, тарихы талайлы, шаруасы шалқыған  талай еңбек майталмандары  шыққан аудан карта бетінен біржола (бәлки, қайта құрылатын шығар деген үміт тайпақтықтардың көкейінде әлі маздап жатыр) өшірілді. Әсіресе, тайпақтықтардың жанына қатты батқаны – аудан  шаруашылықтарын Қаратөбе, Жымпиты және Чапаев аудандарына үлестіріп, быт-шыт қылмақ... Жоғарыдан «Аудан таратылсын!», - деп келген жарлықты одан сайын «ұшындырып», бір елді үшке бөліп, орындамақшы болып  жүрген жергілікті (облыстық) билік. Халықтың сол кездегі көңіл күйін сұрамаңыз, жер болды. Бірақ бірден көне кетпей, ауылдарда, ауданда қарсылық білдірген жиналыстар жиіледі. Сол жиындардың ортасында Тілес Сағынтайұлы да жүрді. Жәй жүрген жоқ, қызыл тілін безеп, анау шешім шығарған үкіметті, жергілікті билікті сойып тұрып сөйлейді. Көп ұзамай, қарауылға ілінді. Тиісті орындар шақырып, әуелі ескертті. Тыңдамады.
Қорқытып, үркітті. Қыңбады. Халықтың үнін құлақтарына қыстыратын облыста дәрмен жоқ. Тайпақтықтар айналып келгенде, Алматыға екі адамнан тұратын «делегация» жіберуді ұйғарды. Таңдау Тілекеңе түсті. Қасына Жеңіс Мырзашев деген азамат қосылды. Әлі есінде, сол кездегі қиындықтарға қарамастан жамағат жабылып, тиындап жинап, «жол шығындарыңызға» деп, 82 мың теңгені қолдарына ұстатты. Бірақ тиісті орындар «қалғымапты», Оралдан аттануға ешқандай мүмкіндік қалдырмаған. Содан түн жамылып, астыртын Атырау асып, сол жақтан ұшақпен Алматыға топ ете қалды. Бірақ мұнда Президентке кіргізбеді, одан бергілері де қабылдамады. Өйткені бір түнде зым-зия болған екеуден облыстағылар күдік алып, Алматыға, тиісті орындарға «сіздерге қарай екеу кетті, біреуі - браконьер, екіншісі - жүрген жері дау-да-
май, дәукес-арызқой, біреуінің айтқандарына сенбеңіздер», - деп хабарлап үлгерсе керек. Ақыры, республикалық «Хабар» телеарнасы арқылы эфирге шығудың орайы келіп, Жеңіс екеуі жалпақ Қазақстанға Тайпақтың жайын жайып салды. Аудандарын  жапқандарымен қоймай, ту талақайын шығарып, үш ауданға зорлықпен бөлініп бара  жатқан іргелі елдің мұң-зарын обалы қайсы, «Хабар» сол бойда Қазақстанға таратты. Онысына рақмет! «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» деген, келесі күні Жеңіс екеуі «Егемен Қазақстан» газетіне  келген. Бірақ олар «Хабар» сияқты тәуекел ете алмады... Сол бойда «Жас Алаш» газетінің есігін қаққан  екеуін газет редакторы Нұртөре Жүсіп қабылдады. Жанып тұрған жігіт екен: «Осы мақаланы шығару керек пе?» – деді материалды оқып шығып. «Иә, шығару керек!» Ай, азамат екен, мақаланы сол бойда ертең шыққалы жатқан газетке салды да жіберді! Келесі күні Тілақаңның мақаласы үнқағаздың бірінші бетінде менмұндалап тұрды! Айналып келгенде әуелі тайпақтықтардың айқайымен, қала берді, Тілес пен Жеңіс сынды жампоздардың жүрек жұтқан әрекеттерінің арқасында Тайпақ елі үшке туралмай, аман қалды. Облыстық мәслихат бір ауданның халқын үш аймаққа тентірете жаздаған өзінің солақай шешімін жоюға мәжбүр болды.  Сөйтіп, Жайықтың қос  бетін ен жайлаған ел Чапаев (қазір Ақжайық) ауданына қосылды. «Осыған да шүкір!» - демеске  амал жоқ еді сол кезде...

Тілес Сағынтайұлы туған тіліміздің жыртысын жыртып, талай мақала жазды. Онысы аудандық, облыстық газеттерде жарияланды. Әлі жазып келеді. Жайықта жатып алып, қазақ тілі деп, мақалаларымен еңірегенде етегі толатын тіл жоқшысын Алматы да жақсы біліп, сонау 1992 жылы күзде Қазақ тілі қоғамының ІІ құрылтайына шақырып еді.  Ал жыл санап жіңішкеріп, суалып бара жатқан Жайықтың жайына егіліп отырып жазған мақалалары ше? Көп қой, көп! Мақала жазып қана қоймайды, ауданға, облысқа олардан ештеңе шықпаса, республикаға дейін ресми арыздарын жолдап, қыр соңдарынан қалмайды, ерің. Елдің, жердің қамын ойлағасын жазады да. Қазақи тәрбие, мектептің, ондағы ұстаздардың өткір мәселелері жайлы да еңіретіп тұрып жазатын осы – Тілес  Жазықбаев.

Сонымен оқырмандарымызға Тілес Сағынтайұлының ғұмырдерегінен де мәлім ететін сәт келген сияқты. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жұбан мен Сағынғали сынды поэзия пырақтары жаралған топырақта өніп, өскен. Оралдың педагогикалық институтын 1974 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша қотарады. Сол жылы Харькин сегізжылдық мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастаған. Одан кейін Краснояр мектебінде, Тайпақ аудандық білім бөлімінде еңбек етті. К. Маркс атындағы сегізжылдық мектептің, Қызылжардың  ЖОББ мектебінің тізгіндерін ұстап, директор болды. ҚР Білім беру ісінің озаты атанды. Республикалық Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен екі қайтара марапатталды. Сол жылдарда өлең, мақала жазуды да жанына айнымас серік етті. С. Датұлына арналған  республикалық шешендер сайысында екі дүркін бас жүлдені жеңіп алды. Өлеңдер мен мақалалар жинағынан тұратын кітабы жарық көрді. Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Сөйтіп жүріп, газет жұмысына түпкілікті ауысты. Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінде біраз уақыт қалам сілтеді. Облыстық «Орал өңірі» газетінің Ақжайық ауданы бойынша меншікті тілшісі болып, талай тұшымды дүниелері жарияланды. Күні кеше ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың алғысхатын алып, марқайды. Туған ауданы да өзінің елім, жерім десе, жаны шығып кете жаздайтын перзентін бағалап, Ақжайық ауданының құрметті азаматы деп төбелеріне көтерді. Осылайша жай басып, жалпақ алып келе жатқан Тілес ағамыз осы тамыздың 15-інде 70 жасқа толмақшы. Ендеше, жасыңыз құтты болсын, жақсы аға!

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале