7.03.2024, 11:00
Оқылды: 11

Ұстаз ұлағаты

Білім алу жолымда көптеген ұлағатты ұстаздан тәлім алдым. Өміріме  тура жол сілтеген асыл жандардың бірі – аяулы  ұстазым Қырымжан  Жақыпова. Алғаш рет  М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде араб тілінен сабақ берген Қырымжан апай талапшылдығымен есте қалса, кейін кураторымыз бола жүріп, оқу-тәрбие процесінде асқан жауапкершілікпен қарайтыны, терең білімділігі, өз ісіне деген адалдығы баурай түскен болатын. Ұстаз-шәкірттік байланысымыз кейін әріптестік қарым-қатынасқа ұласты. «...Әр сөзіме есеп беріп тұрамын, балалығым қалмасын деп сезіліп...» деп ақын А. Нәріков  жырлағандай, ұстазға деген шәкірттік құрметім Қырымжан Үмбетрзақызының нағыз оқытушыға тән өмір бойғы ізденісте жүруі, болмысының ерекшелігіне байланысты арта түсті.

WhatsApp Image 2024-02-23 at 12.38.45

Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжде Қырымжан Жақыпова ширек ғасырдан астам еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында колледждің тыныс-тіршілігіне белсене араласып, ұзақ жыл қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалинаның басшылығымен «Араб тілі», «Балалар әдебиеті  және мәнерлеп оқу практикумы» оқулықтарының, «Бастауыш мектептегі ана тілі», «Қазақ әдебиеті»  пәндеріне арналған  үлгілік оқу бағдарламалардың, «Қазіргі қазақ тілі» пәні  оқу әдістемелік кешендердің ауторы атанды. Сонымен қатар кафедрадағы ардагер ұстаздар Айман Қыдырниязова, Жұмабике Бахитова, Гүлнар Тұрдалиева, Маржан Меңдіғалиева секілді алдыңғы буын апалардан алған үлгі-өнегені жалғай жүріп, кафедра меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Осы жылдары облыста кабинеттер байқауынан бас жүлде, колледжішілік кафедралар рейтингісінде алдыңғы орыннан көінді. Қырымжан Үмбетрзақызы – кабинет  жасақтау ісінен де мол тәжірибе жинақтаған ұстаз.  Ол  «Араб тілі»,  «Ақын Ақұштап Бақтыгерейқызы», «Ақын Ақмаржан Бақытқызы» атындағы атаулы кабинеттердің жасақталып ашылуына атсалысса, 2019 жылы заман талабына сай, «Қазақ жазуының тарихы, латын әліпбиі» кабинетін  жасауда көп еңбек  сіңірді.

2004 жылдан бері кафедра жанынан «Зерде» клубын ашып, жетекшілік етеді. Клуб әдебиетші-ғалым Рахманқұл Бердібаевтың М. Әуезов музей-үйінде ұйымдастырған «Халық университетінің» үлгісімен құрылып, өлкеміздің  әдебиет-өнер, білім саласындағы танымал тұлғаларды танытумен қатар, қазақтың маңдайына біткен біртуар жандардың өмірі мен шығармашылығына арналған кештерді түрлі форматта ұйымдастырып,  өткеннен тағылым түйіп, ұлағат алу арқылы білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін  қалыптастыруды  мақсат  тұтты.

Айман Батырқызы колледжтарихында «Дарын» клубын жүргізуімен есте қалса, Қырымжан Үмбетрзақызы шәкірттердің жүрегінде «Зерде» клубының ұйымдастырған іс-шараларымен есте қалары сөзсіз. Өйткені өлкемізге танымал қоғам қайраткері, абыз ақсақал Бисен Жұмағалиевтен бастап, атақты ақын Қайрат Жұмағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, әдебиетші ғалым Серікқали Шарабасов, ақын Ғайсағали Сейтақ, Ақмаржан Бақытқызы, тағы басқа еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңген жандар «Зерде» клубының төрінде болып, шә-кірттерге тағылымды әңгімелерінен сыр шерткен еді. Сондай-ақ колледждің әлеуметтік серіктестері – облыстық Жұбан Молдағалиев атындағы кітапханамен, Хамза Есенжанов атындағы кітапханамен бірігіп, танымдық іс-шараларды жиі ұйымдастырады. Бұл атқарылған істердің бір парасы ғана. Сабақта берілетін білімнен бөлек, аудиториядан тыс өтетін шаралар арқылы да шәкірттің көкірек көзінің ашылып, білім нұрымен нұрланып, шығармашылық қабілеттерінің шыңдалуына жол ашу да – ұстазымыздың  ерекше  қасиеттерінің  бірі.

«Ұлттың ертеңін тәрбиелеу – жауапты да игілікті іс, ол жолда  жауапкершілік, тынымсыз
ізденіс пен еңбек қажет екенін әркез сезінемін», – дейді Қырымжан Үмбетрзақызы.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ғұлама Абай айтқандай, ұстаз дайындаған, баптаған студенттері қандай сайыстан болса да, жүлдесіз оралған емес. Солардың бірі «Мен халқымның ұлымын» атты халықаралық Wed олимпиадасында  студент  Шыңғыс Ромашев 3-дәрежелі  дипломмен марапатталса,  облыстық Ақұштап оқулары байқауында Айгүл Талғатова бас жүлде, облыстық «Оралхан Бөкей оқуларында» Самат Байболатов  1-орын, республикалық «Әуезов оқулары» байқауында Зафура Мамут бас жүлде, «Жас зерттеушілер көзімен»  сайысында Аяжан Отарбаева 1-орын иеленді. Сондай-ақ колледжішілік «Жыл студенті» байқауына қатысқан  Қырымжан Үмбетрзақызы дайындаған студенттер  Самат Байболатов, Ақерке Қалекес, Нұрым Ғұмар әр жылдары  бас  жүлде  иегері  атанды.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, ұстаздың алдын көріп, тәлімін алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде білім беру жүйесі мен мәдениет саласында еңбек етуде. Мәселен, Э. Айдыналиева Назарбаев зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, М. Мерғалиев жастар мәдениет үйінің директоры,Г. Аюпова облыстық «Aqjaıyq» телеарнасында тележурналист болып қызмет етуде. Колледж қабырғасында  алған білім мен өнеге-тәрбиелерін мұғалімдікпен ұштастырып, абыройлы еңбек етіп жүрген шәкірттер де аз емес. Олардың қатарында  Н. Бексариев, Ж. Лұқпанова, А. Шондыбаева, Ж. Ажуова, Е. Аманкелдіұлы, А. Қожасова, Ә. Жалмамбетова,С. Байболат, тағы басқалар бар. Сүйікті студенті облысқа танымал тележурналист Хамза Жандостың ұшқан ұясына оралып, оқытушылық жолды жалғастырғаны ұстазымыздың мерейін үстем ете түсті. Әрбір жеңіс үлкен ізде-ніс, тынымсыз еңбек, зор жауапкершіліктің, өзіне де, өзгеге де қояр талаптың нәтижесінде  келетіні  шындық.

Еңбектің еленгені ұстаз мерейін асыратыны сөзсіз. Ұзақ жылғы ұстаз еңбегі елеусіз қалмай, ҚР  Білім және ғылым министрлігінің алғысхатымен, облыс әкімінің  алғысхатымен, «Білімге үлес қосқаны үшін» медалімен,  «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері»  төсбелгісімен марапатталды.

8 наурыз – Халықаралық  әйелдер мерекесі қарсаңында талай шәкірттің жүрегінде ұстаздық ұлағатымен қатар, аналық мейірімімен орын алған ұстаз ана Қырымжан Үмбетрзақызын мерейлі мерекемен  құттықтаймыз! Ұстаздардың ұстазы атанған апайдың әр ісі – бізге  үлгі. Біз сізбен мақтанамыз. Сіздің жаныңызда жүріп, шапағатыңызға бөлену – біз  үшін  үлкен  мәртебе!

 

Бақытқаным Кәрімова,

Ж. Досмұхамедов
атындағы жоғары педагогикалық  колледжі
директорының тәрбие ісі
жөніндегі  орынбасары

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале