6.10.2022, 9:46
Оқылды: 136

Ұстаздардың ұстазы

Бұл адам жайлы ой толғау әрі қиын, әрі қызық. Қиындығы сол – қасиеті сан қырлы, болмысын сөзбен өрнектеу мүмкін еместей. Қызық болатыны – өмір жолы талайға үлгі азаматтың ісінен ғибрат алып, ой түйесіз. Мен ол кісіні ұстаз ретінде, біліктілікті арттыру институтының басшысы ретінде танушы едім. Кейіпкерім Өтебай Құспанұлы тек басшы емес, біраз мұғалімнің ғылым жолына түсуіне ықпал етті.

1

1991-1995 жылдары институттың бес қызметкері кандидаттық диссертация қорғады. Олардың екеуінің диссертациясы институт базасындағы зерттеу жұмысының нәтижесі еді. Сол жылдары облысымызда бес атаулы авторлық мектеп, жаңа типтегі мектеп-лицей-гимназиялар ашылды, оларға институт ұжымы тиісті ғылы­ми-әдістемелік көмек берді.

1997-1999 жылдары республика бойынша облыстық мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институттары таратылған кезде Өтебай Құспанұлы институтты «Облыстық ғылыми-әдістемелік орталық» деп атап, әр ауданда бір әдіскермен жұмысты жалғастырады. Өтебай Құспанұлы басшылық еткен жылдары институтта «Ұстаз» жорналы, «Жайық ұстазы» газеті өз жұмысын бастады. Бүгінгі таңда электронды түрде шығатын бұл газеттер облыс мұғалімдерінің асыға күтетін басылымдарына айналды. Сол жылдары облыста тұңғыш ашылған педагогикалық мұражай бүгінгі таңда мазмұнын жаңартып, институт тың­даушыларының қызығушылықпен тамашалайтын орынға  айналды.

Ол 1986-1994 жылдары институттың заман талабына сәйкес оқу үдерісіне ақпараттық технологияны енгізуді мұрат тұтқан. Осы дәстүр бүгін жалғасын тауып отыр.

Біздің филиалдың ғылыми-әдістемелік тақырыбы – «SMART Education үдерісін енгізу жағдайында педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың педагогикалық және технологиялық негіздері» деп аталады. Бұл тақырыппен тоғыз жылдан бері өткізіліп келе жатқан облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі конференциялар, «Ауылдық мектептің цифрлық бейнесі», «Сабақтың үздік контенті» сайыстарын атап өтуге болады. Бұл – институт тарихындағы сабақтастықтың бірізділігін насихаттауға бағытталған шаралар.

Өтебай Құспанұлының ғылыми ізденістері алгебра мен математикалық логика салаларына қатысты болды. Нәтижелері бүкілодақтық, республикалық ғылыми конференциялар мен симпозиумдарда талқыланып, 15 еңбегі Орал, Свердловск, Кишинев, Гомель, Ленинград, Нью-Йорк (АҚШ), Бонн (ГФР) қалаларында шығатын математикалық ғылыми журналдарда жарық көрген. Институт базасында өткізіліп жатқан қысқамерзімді курстар аясында жоба қорғау, тәжірибелік сабақтар, ғылыми ізденіске бағыттау кезінде осы еңбектері таныстырылып, мұғалімдердің үнемі қызығушылығын оятып, оқушыларды ғылыми жұмысқа, ізденіске жетелейтін бір бастау сияқты көрінеді.

Аға ұрпақ ардагерлерден өнеге алу, олардың озық еңбек үлгілері мен өмірлік тәжірибелерінен, жеке тұлғалық адами қасиеттерінен сабақ алу – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Көп жыл бойы қызмет атқарған зейнет демалысындағы ардагерлерді дәріптеу, олармен институтқа келген жас мамандарды таныстырып, тәжірибе алмасу үшін дәнекер болу Оралдың «Өрлеуінің» дәстүрлі іс-шарасына айналған. «Біліктілермен бір күн» айдарымен ұйымдастырылатын шарада институт ардагерлері өз кабинеттеріне келіп, бұрынғы жұмыс бөлмелерін көріп, институттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысады. Осындай кездері Өтебай Құспанұлының шарамызға бастан-аяқ қатысып, бұрынғы әріптестерімен жылы жүздесіп, қойылған сан түрлі сауалға жауап беріп, кәсіби маман ретінде ғана емес, өзіндік өмір өрнегін, қолтаңбасын қалдырған тұлға, аға ретінде де дидарласатыны көңіл қуантады.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қазақстан педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жоспарлаған іс-шараларға сәйкес Өтебай Құспанұлының салған сара жолын насихаттауға бағытталған «Дара жол» бағдарламасы өткізілді. Танымал тұлғамен жүзбе-жүз сұхбаттасып, өмір жолына үңіліп, үлгі-өнеге алу мақсатында институттың алдыңғы толқын – аға буын өкілдері мен кейінгі толқын – жастары, сонымен қатар Өтебай Құспанұлымен замандас болып, киелі қара шаңырақ Батыс Қазақстан педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының қалыптасу, даму жолында ыстық-суықты бірге кешкен, бүгінгі күні ардагер атанған ұстаздар да бағдарламаға қатысты. Кездесу кешіне Өтебай Құспанұлының өмірлік қосағы Клара Ғұсманқызы, қызы Эльмира Өтебайқызы, сонымен қатар замандасы, досы Асқар Ақышев, әріптесі Марат Сақыпұлы Қадыров және шәкірті Сембіғали Темірғалиев шақырылды. Бағдарлама бойынша Өтебай Құспанұлына өмір кезеңдерінен сұрақтар қойылып, қол жеткізген жетістіктері мен шыққан биіктері турасында әңгіме өрбіді.

Осы іс-шара аясында өзі ширек ғасыр басқарған институттан Құспанов Өтебай Құспанұлы атындағы дәрісхана ашылды. Дәрісхананың ашылу салтанатында Өтебай ағай өз қолымен дәрісхананың лентасын қиды. Бүгінгі күні осы дәрісханада мұғалімдер біліктіліктерін арттырып, ұстаздың өмір белестері, еңбек жолымен танысып отырады.

Айта берсек, мұғалім ретінде, басшы ретінде Өтебай Құспанұлының еңбегі ерекше. Ұстаздардың ұстазы атанған тұлға әлі де тұғырында. Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің қазылар алқасын тұрақты басқарып келеді. Математикалық регаталар да ол кісісіз өтпейді.

...Биыл біздің институттың ашылғанына 70 жыл толды. Біз ірі тұлғаларды көзі тірісінде бағалауымыз керек деп ойлаймын. Өмірде болар-болмас бір нәрсені жасап, оны айқайлап көрсететін жандар болады. Көп іс атқарып, үндемей жүретін адамдар болады. Менің кейіпкерім соңғысына жатады. Өтебай Құспанұлымен күн сайын көрісіп, араласып жүрген жоқпын. Бұрын сәлеміміз түзу болса, осы институттың табалдырығын аттағаннан бастап жақын таныстым. Ол кісімен біліктілік арттыру мәселелерінен басқа өмірлік  тақырыптарға қатысты ой бөлісуге болады. Кешірімділіктің, кеңдіктің биік үлгісі дер едім. Бетіме күле қарағанымен, ешқашан қолдау көрсетпей, реті келсе, мені көлеңкеде қалдыруға тырысатын лауазым иесі туралы күйіне отырып, ол кісіге реніш айтқаным есімде... Сонда ол кісі жымиып отырып: «Ал сен одан өзіңнің биік екеніңді көрсет. Оны елемей, жақсы сәлемдес, үндеме, ал іштей өзің білесің, одан қолдау күтпе» деді. Шынында да, мен содан кейін ол адамға ренжуімді  доғардым.

2

Өмір адамға түрлі тағдыр сыйлайды. Тәттісінен ащысы көп, қызығынан қиындығы көп өмір жолында адам сан түрлі соқпақтан өтеді. Әлсіздер күйреп қалады, қайраттылар көпке үлгі болады. Өтебай Құспанұлының өміріндегі үлкен жетістігі өзіне лайық жар тапқаны дер едім.Клара апаймен бірге саналы ұрпақ өсірді. Өмірден ерте кеткен ұлдарының ізін басқан Арсен – бұл күнде көз қуанышы, көңіл  жұбанышы.

Дүние-байлыққа қызықпаған, атақ-лауазымға ұмтылмаған, бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған осы бір жанды көрген сайын «Аман жүргейсіз, ұстаздардың ұстазы», – деп іштей бас иемін.

Софья Ізмұхамбетова,

«Өрлеу» БАҰО АҚ «БҚО бойынша кәсіби даму институты» филиалының директоры,

педагогика ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале