21.04.2021, 17:35
Оқылды: 136

Ұзақ жылға созылатын жоба

Биыл ақпан айынан бастап өңірде «Партадан жалақыға дейін» деген қанатқақты әлеуметтік жоба «жанданды». Ол облыстық кәсіпкерлер палатасы және Орал қалалық білім беру бөлімінің қолдауымен іске асырылуда. Жоба жұмысының 2-кезеңі №3 жалпы білім беретін мектепте «Мен болашақ мамандық әлемінде» атты тренингпен жалғасты. Онда жобаға қатысушылардың мамандық таңдауына білікті мамандар бағыт сілтеді.

іс 4

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі қалалық білім беру бөлімі ұсынған қала мектептерінің (№34, 39, 50, 12) төрт оқушысына жоба бойынша қолдау жұмыстарын бастады. Негізінен жобаға қатысушылар 8-сыныпта оқиды және олар көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларынан. Оларға мектептердегі әлеуметік педагогтар көмек көрсетуде.

іс 5

- Алдымен осы оқушылардың ата-аналарымен кездесіп, балаларды не толғандыратынын, болашаққа деген көзқарастары қандай, қоғамға қай бағытта үлестерін қосқысы келетіндері жайында кеңінен әңгімелескенбіз. Ата-анамен осы ұл-қыздарды қолдауда, бағыттауда бірлескен қандай жұмыс жүргізуге болатыны жөнінде ақылдастық. Сондай-ақ олар балалардың  қандай қызығушылықтары барын айтып, оларды дамыту бағытындағы ой-пайымдармен бөлісті.

іс 6

Бүгінгі тренингте жобаға қатысушылардың мамандық таңдауына білікті мамандар, №3  мектептің психологы Ольга Сралиева, №41 жаратылыстану, математикалық бағыттағы мектеп-лицейдің психологы Сандуғаш Тәжен көмектесті. Олар тренинг барысында  қатысушылардың өз ойларын ашық, еркін айтуға жағдай жасады. Сауалнама жүргізеді. Осындай жұмыстардың қорытындылары бойынша оқушылармен одан әрі жұмыстану мүмкіндігі жасалады, - деді іскер әйелдер кеңесінің білім комитетінің басшысы, Орал қалалық мәслихатының депутаты, №36 ЖББМ-ның директоры Әзима Ғұбашева.

іс 2

Жобаның барысында өңіріміздегі білікті, беделді мамандар, ХХІ ғасырдағы ең қажетті мамандықтар жайында ақпараттар беріледі. Жазғы демалыс кезінде жобаға қатысушы оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай кәсіпорындарда, мекме-ұйымдарда жұмыс жасауына қолдау көрсетіледі. Балалардың қызығушылығына байланысты қаладағы үйірме, сеция жұмыстарына және тілдік оқуларға тарту (ондай оқулар ақылы болған жағдайда қолдау көрсету) жоспарланған. Жоба қатысушыларын тек Оралдағы емес, еліміздегі өзге де жоғары және арнаулы оқу орындарына оқыту бағытында жұмыс жүргізілмек.

іс 3

- Мақсатымыз – осы шәкірттер үлгісінде қоғамымызда белсенді құзыретті мамандар шығатындығын көрсету. Жоба арқылы облыс аудандарында да осындай жобаларды алып, өздерінің қоғамдық азаматтық бастамашылдық белсенділіктерін көрсетсе дейміз. Кәсіпкерлер палатасы жобаны қолдады. Біздер, педагогтар өз тарапымыздан әдістемелік, психологиялық көмек және балалардың қызығушылығына, біліміне қатысты ақпараттарды береміз. Мұның сыртында материалдық мәселені облыстағы іскер әйелдер кеңесі өз жауапкершілігіне алып отыр. Жобаға қатысушы төрт балаға үлкен сеніммен, үмітпен қараймыз. Олармен мектепте оқып, оқу орындарына түсіп, оны бітіріп келгеннен кейін облыста, қалада қай салада еңбек етпесін алдыңғы орында боласыздар деген бағытта әңгіме жүргіздік. Сондықтан бұл жоба бір жылға емес, бірнеше жылдарға созылады, - деді А.Ғұбашева.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале