12.12.2022, 10:15
Оқылды: 92

Үздік волонтерлер марапатталды

Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресуртық орталығы «Үздік волонтер – 2022» байқауын қорытындылады. Дүниежүзілік еріктілер күніне орай өткен жиынға түрлі қоғамдық, спорттық, мәдени, қайырымдылық, экологиялық  және басқа да бағыттағы іс-шаралардың сапалы  әрі жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүрген еріктілер мен белсенді жастар қатысты.

волнтер

- Әр волонтер – уақытпен  санаспай, ел үшін еңбек ететін нағыз патриот. Волонтерлік  қызмет – қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды ұлықтаудың негізгі арқауы. Осы кешке жиналған әр еріктінің волонтерлік  қозғалыстың дамуына қосқан үлесі орасан. Сол себепті  мемлекетіміздің басты идеялары мен бағдарламаларын жүзеге асырудағы үлестеріңіз бен белсенді қызметтеріңіз жемісті болсын, – деді еріктілерді құттықтаған облыстық  жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының орынбасары Назерке Құрамысова.

Одан соң өзінің белсенді азаматтық ұстанымы мен ел үшін еткен еңбегі еленген Зарина Бозова, Альбина Мерғали және Талшын Елеу сияқты үздік волонтерлер ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің алғысхатымен марапатталса, облысымызда волонтерлік  қозғалыстың дамуына елеулі үлес қосқан еріктілерге «Үздік волонтер – 2022» атағы табысталды. Одан соң облыстық  қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы әр ерікті қазақ елінің нағыз патриоты екенін атап өтті.

– Волонтер – қайырымдылықтың бір қанаты. Ерікті болу ерлікпен тең. Волонтерлік бізге сырттан келген түсінік емес, ата-бабамыз жақсылық  жасауды, мұқтаж  жанға қолұшын беруді ықылым заманда-ақ қолға алған. Аты өзге болғанымен, волонтерлік  қызмет әр қазаққа ана сүтімен, әке қанымен дарыған қасиет, – деді Әсет Сұлтанұлы.

Кеш барысында жастар саясатының дамуына елеулі үлес қосып, жас буынның игі бастамаларын қолдап, оларды мазалаған түрлі мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген азаматтар мен кәсіп иелері және волонтерлердің  ата-аналары да марапатталды.

Түгелбай Бисен,

 zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале