Қазақстан Республикасының VIII халық ойындарында Батыс Қазақстан облысының спортшылары екінші жарыс күнін өте нәтижелі өткізіп, бірқатар спорт түрінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Жарыс қорытындысы бойынша БҚО құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік алтылықтың қатарына тұрақтады. Әсіресе, волейболдан қыздар құрамасы Маңғыстау облысын 3:0 есебімен айқын ұтып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Өңір шахматшылары да тамаша ойын өрнегін көрсетіп, Алматы қаласын 4:0, ал Шымкент, Түркістан және Ақтөбе облыстарын 3,5:0,5 есебімен қапы қалдырып, көшбасшылар қатарына қосылды. Үстел теннисі шеберлері ширек финалда СҚО құрамасын 6:0 есебімен ойсырата жеңгенімен, жартылай финалда Шығыс Қазақстанға 2:6 есебімен жол берді. Енді жерлестеріміз қола жүлде үшін бақ сынайды.

Ұлттық спорт түрлері мен допты ойындарда да тартысты бәсекелер өтті. Футзалшылар Атырау облысына 0:1 есебімен есе жіберіп, СҚО құрамасымен 1:1 есебімен тең тарқасты. Асық атудан БҚО мергендері Қызылорданы 2:1 есебімен жеңгенімен, Павлодар мен Астана командаларына есе жіберді. Бес асықтан қыздар құрамасы Абай облысын 3:0 есебімен ұтып, маңызды ұпай еншілегенімен, Алматы және Қызылорда облыстарымен өткен кездесулер сәтсіз аяқталды. Ал тоғызқұмалақшылар төрт турдың қорытындысы бойынша 13,5 ұпаймен жалпы есепте тоғызыншы орында келеді. Күннің соңғы матчында волейболдан ерлер құрамасы Ұлытау облысын жеңіп, кейін Алматы қаласымен өткен тартысты ойында 2:3 есебімен есе жіберді. Алда халық ойындарының шешуші кезеңдері күтіп тұр.

Фатима Қамидуллиева