7.05.2021, 11:26
Оқылды: 291

Хабарсыз кеткендер аз емес...

Майдан даласында 1,5 миллион  қазақстандықтың 270  мыңы хабар-ошарсыз кеткен. Арада 76 жыл өтсе де, сол  кездегі куәгерлердің көбі бүгінде өмірде жоқ. Сондықтан да деректердің  жойылуына байланысты із-түзсіз  жоғалғандарды табу тым қиын. Соған  қарамастан  «Atamnyn  Amanaty» ұйымы  зор  табандылық танытып, талай сарбазды  табуға еңбек сіңіруде. Бұл туралы  Ақ  Жайық өңіріне арнайы келген  «Atamnyn  Amanaty»  республикалық қоғамдық  бірлестігінің құрылтайшысы Әлия  Сағынбаева айтып берді.

257680F5-6783-4309-AC4D-F2F202E7C1B1

Оның айтуынша, аталмыш қоғамдық бірлестік – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен жүйелі айналысатын ұйымдардың бірі. Сонымен қатар олар жауынгерлердің қаһармандық жолын ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында нәтижелі еңбек етуде. Қоғамдық ұйым Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағытында да бірқатар жұмысты қолға алған.

– Майдан даласына аттанған аталарымызды үш санатқа бөліп қарайтын болсақ, бірінші санаты ерлікпен қаза тапса, екіншісі жараланып елге оралды, ал үшінші санаты – хабар-ошарсыз кеткендер. Жауынгерлердің ішіндегі тағдыры ауыры да осы хабарсыз кеткендер еді. Кеңес кезінде хабар-ошарсыз кеткендерді сатқын деп есептеп, олар жөнінде айтуға рұқсат бермеді. Оның зардабын ұрпақтары да көрді. Бір жауынгердің немересіне «Сенің  атаң сатқын болған» деп кезінде үлкен шараға қатыстырмай тастаған. Өкінішке  орай, осындай мысалдар аз емес. Жасы
80-нен асса да, аталарынан бір хабар күтіп жүрген қаншама адам бар. «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі іздестіру  жұмыстары барысында Мәскеудің, Ленинград, Украинаның, Балтық бойы елдері, Молдавия, Финляндия, Новгород іздеу жасақтарымен күнделікті халықаралық деңгейде қызмет етуде. Іздеу барысында олар көп көмек көрсетуде. Қазақстан бойынша іздеу жасақтары, топтары бар, әркім өзінше іздеу жүргізіп жатыр. Әрине, нәтиже бар. Олар игілікті іске үлкен үлес қосуда. 2019 жылдан бері бізге 4000-нан астам тапсырыс түсті. Біз 1000 жауынгер туралы деректерді анықтадық. Соның ішінде 200 жауынгердің жерленген жері табылды. Соғыстан оралмай, хабарсыз кеткен жандарды іздеуге үлес қосып жүрген батысқазақстандық еріктілер де бар. Күні кеше Бөкей ордасы ауданында болып, 15-тен астам жауынгерді қайта жерлеу рәсімін өткіздік, – деді Әлия Сағынбаева.

5 мамырда Оралдағы «Рухани жаңғыру» кеңсесіндегі іс-шарада майдан даласында жоғалғандарды іздеуші еріктілер із-түзсіз кеткен жауынгерлерді тауып қана қоймай, үзіліп қалған ұрпақ арасындағы сабақтастықты жалғау, тарихымызды түгендеу туралы тың ойларын айтты.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ерболат Исанов хабарсыз кеткен жауынгерлердің қаһармандық жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатындағы жұмыстарға өңір басшылығы әр кез қолдау білдіретінін айтып, басқосуды  қорытындылады.

 Гүлжамал  Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале