3.08.2021, 9:26
Оқылды: 2079

Хайрөштен шыққан қара бала

Біз әңгімелегелі отырған азаматтың атакүлдігі Жаңақаланың Жаңа Қазанында болғанымен, бес жасында ата-анасы елмен бірге Фурманов, Казталов, Тасқала аудандарының қақ ортасында орналасқан (мемлекеттік қорыққа) Хайрөш деген жерге көшіп келген. Орта мектепті Богатыревта бітірген. Бұл жерге ел қуаңшылыққа байланысты көшірілсе керек. Осы жерді тұрақтанған халық кейін өздерін «Біз Хайрөштікпіз» деп кеткен. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында және Алматы жоғары партия мектебінде оқыған. Институттан кейін бөлімше зоотехнигінен бастап, мал шаруашылығында маңдай терін сыпырып, еңбектің қазанында қайнады. Бас зоотехник болып жүрген жерінен оны Фурманов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайлаған. Сол жылдардан бастап жас жігіттің қызмет бабында өрлеу кезеңдері басталады.   

WhatsApp Image 2021-08-03 at 09.24.58

Айдар Тапашұлы Халық депутаттары Фурманов аудандық кеңесі төрағалығына 1991 жылы 24 қазанда кезектен тыс 8-сессиясында сайланды. Бұрынғыша айтқанда бірінші хатшы, қазіргі дәуірдің лауазым атауына салғанда аудан әкімі. Сайлануы кездейсоқ емес еді. Жоғарыда айтқанымыздай, оның есімі бұған дейін де Жалпақтал өңіріне жақсы таныс болатын. Өйткені сонау 1973-77 жылдары Талдықұдық  қой совхозының №4 фермасының зоотехнигі, Красный Партизан қой совхозының бас зоотехнигі, 1977-81 жылдары Қазақстан ЛКЖО Фурманов аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етіп, аудан көлемінде біраз тәжірибе жинақтады. Әсіресе, оған тағдыр аңыз адам, Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдіәлиевтің көзін көріп, қарауында еңбек етуді бұйыртқаны өлшеусіз сый болғандай. Кенжеақаңның мектебі Айдар Тапашұлы үшін бір университет десе, жарасар. Одан басқа Мақсот Батыров, Амантай Исмағұлов, Әлібек Қоңырбаев, Жаңыл Құспанова, Сара Әшімғалиева, Жақсығали Бақтыгереев, Сағын Мырзағалиев, Хабер Ихласов, Кәрім Өтеғұлов, Теміржан Исмағұлов, Камал Шаблиев, Ибатолла Үмбетов, Сағынгерей Сарсимов, Есет Рахметуллин сынды басшылармен қызметтес болды. Тәлім-тәрбиелерін көрді. Осы күнде елдің алғысына бөленіп жүрген Кәрім Тәжімағамбетұлы Өтеғұлов ағайдың ауылы Ақпәтер үшін жасаған қадау-қадау жұмыстары кімге болса да үлгі боларлықтай.

Аудан тізігінін ұстағанға дейін ауыл шаруашылығының қазанында қайнағаны, комсомол жұмысында әбден пысығаны, біраз тәжірибе жинақтағаны оның кейінгі жұмысына көп көмегін тигізді. Әсіресе, жастық оты жалындап, комсомолдың жас қайраты болып жүрген кезде  Мақсот Өмірәлиев, Құрманғали Сахипов, Сәндеш Өтеуова, Оразбек Шәуенов, Еркін Ғазизов сынды үлкенді-кішілі замандастарымен қоян-қолтық еңбек етіп, ауданда комсомол ұйымдарының нығайып, жас шопан бригадаларының атақтары шығуына өз үлесін қосты. Ал 1981 жылдан бастап, он жыл қатарынан Орда ауданында аупарткомның хатшысы, ауаткомның төрағасы болып қызмет етті. Айдақаң сол Орда өңірінде өткен жылдарын ылғи әрі риза әрі сағынышпен еске алады. «Нарынның нар ұлдарымен өткен жылдарым деймін, мен
сол шақтарды. Ақсақалдарының алыстан толғап айтатын аталы сөздері әлі есімде. Ол жылдар мен үшін қасиетті жерде бастан өткерген үлкен өмір мектебі болды» – дер еді Айдақаң. Тауасих Мырзағалиев, Нұрлыбек Бірманов, Сәния Хамзина, марқұм Өтеміс Мырзағалиев, үзеңгілес інілері Рахман Оразов, Лавр Хайретдиновтер де Айдақаңның ұмытпайтын жандары. Міне, осындай азаматтармен жұмыстас болып, талай баспалдақтардан өткен, талай жұмыстарда сыналған жас азамат жоғарыда айтқан Фурманов ауданына басшы болып сайланған еді. Ел басқару жүйесі мүлдем басқа арнаға ауысқанда сол ауданға басшы болып тағайындалды. Бұл тұста Фурманов ауданында 7 кеңшар, бір арнаулы мал бордақылау шаруашылығы (Сарықұдық), 31 мектеп болды. А. Батырхановтың аудан тізгінін алған алғашқы жылдарында экономикалық қиындықтар бастан асатын. Жаңа, нарықтық заман, шаруашылық жүргізу тәсілі мүлдем басқа арнаға бұрылған, халық қапелімде оны түсінбей, қиындық белең алған өліара шақ еді. Халықты еңбекке жұмылдырып, әл-ауқатын көтеру оңайға соқпады. Оның үстіне дәл сол 1992 жылы аудан аумағындағы өзен-көлдерге жоғарыдан су келмей, көлдіктер мен шабындықтарға мүлдем су түспеді. Соның зардабынан аудан мал азығын Камен (қазір Тасқала), Приурал аудандарының жерлерінен дайындап, мықтап қиналды. Сол жылдың қысынан да аудан әупіріммен шықты. Қараөзен, Көктерек кеңшарларының 10 мыңнан астам ірі қара малдары Орда ауданының жеріндегі құм қойнауларына қыстатылды. Тап осы жағдай 1995-96 жылдары да қайталанды. Бұл жолы да аудан әкімінің жағдайға қарай шебер маневр жасауының арқасында Красный Партизан, Талдыапан шаруашылықтарының малдары Орда ауданының жерлерінде қыстап шықты.

1994 жылдың сәуір-мамыр айларында аудандағы барлық кеңшарлар таратылып, ауыл шаруашылығы ұжымдық кәсіп-орындары болып қайтадан құрылды. Одан әрі екі-үш жыл өткенде бұл құрылымдар жаппай таратылып, оның меншіктері еңбекші халыққа пай ретінде бөлініп берілді. Халық ағарту, мәдениет, спорт, медицина, халықты әлеуметтік қорғау салаларына да баса назар аударылып, бірқатар жұмыстар табысты жүріп жатты. «Ақкөл» кеңшарының директоры болған, марқұм Тілекқабыл Қабасовтың еңбекқорлығының арқасында аталған шаруашылыққа қарасты №3 ферма орталығы Көмекшіде 180 орындық орталау мектеп салынып, пайдалануға берілді. Аталған білім ұясына Социалистік Еңбек Ері Нүпи Дүйсенғалиевтің есімі берілді. Сол кездегі қиындықтарға қарамастан Жаңажол ауылында 90 бүлдіршінге арналған екі қатарлы, типтік балабақша салынып, ел игілігіне берілді. Аудан орталығында музыка мектебі кеңейтіліп, «Өнер» мектебі болып қайта құрылды. Оның филиалдары Ақпәтер, Көктерек, Сарықұдық орта мектептерінің жанынан ашылып, жұмыс істеп жатты. Осылардың Ақпәтер ауылындағы филиалы әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Тағы да сол қиындықтарға қарамастан 1993 жылы аудан орталығынан 630 орындық, үш қабатты орта мектеп үйі салынды. Оған Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдіәлиевтің есімі берілді.

Шаруашылықтар жекешелендіріліп, социалистік мал-мүлік жекеге таратылғанда Батырханов аудан көлемінде айта жүрер тағы бір іс тындырды. Анау жекеге берілген малдан мүмкіндігіне қарай ауданның мектептеріне «енші» бөлінді. Оны мектептер қуана-қуана алып, өздерінің қосалқы шаруашылықтарын өркендетуге тырысты. Мал өнімдерін сол мектеп интернаттарының қажеттеріне жаратты. Бұл үрдіс облыста тұңғыш рет қолға алынғандықтан, өзгелер де қызыға бастады. Сол кезде Қаратөбе ауданының әкімі болған, сырлас-пікірлес, дос-құрдас,  марқұм Аманкелді Әділов алғашқылардың бірі болып жетті, жарқылдап. Қасына қызметтестерін ертіп келіп, тың бастаманың қыр-сырына қанықты. Кейін тәжірибені өздерінің Қаратөбесінде кеңінен пайдаланды.

Айдар Батырханов аудан тізгінін ұстаған жылдарында тағы бір тарихи оқиға орын алды. Ол – аудан, оның орталығы өзінің байырғы атауын алып, Жалпақтал ауданы, Жалпақтал ауылы болып өзгерді. Бұл кейін басқа да ауылдар мен елді мекендердің өзінің тарихи атауларын алуына жолашар болғанын айта кеткен жөн. Красный Партизан кеңшарының орталығы  Порт-Артур – Ақпәтер, Фурманов кеңшары – Талдыапан, ферма орталығы Киров ауылы – Саралжын деген атауларын қайтарып алғаны егемендіктің бір белгісіндей болып, халық есінде мәңгі қалатыны даусыз. Тап осы  аудан үшін ұлы өзгерістер болған кезеңде аудан орталығының, ауылдардың көшелері де қазақтың тау тұлғалары мен ауданның даңқты жерлестерінің есімдерімен аталып, өзгергенін де халық зор ризашылықпен қарсы алды.

Елдің егемендікке қол жеткізуімен қатар, халық имандылыққа біржола, еркін бет бұра бастаған шағы болатын, сонау 90-жылдар. Міне, осыдан келіп ауданда мешіт ашу мәселесі көтеріле бастады. Әкім Батырханов халықтың бұл өтінішіне самарқау қарамады. Тап сол кезде 1885 жылы Қазан татары Қожантайдың өз қаражатына салдырған мешіті ауданда аман-есен тұрған еді. Ауданның тарихи кезеңдерінде әр түрлі мекеменің кеңсесі, мұражай, мәдениет үйі болған ғимарат 1995 жылы 27 наурыз күні аудан әкімі Айдар Батырхановтың шешіміне сәйкес тарихи ғимарат халыққа қайтарылды. Сол Алланың жердегі үйі бүгінде де дін жолындағы мұсылман қауымына қызмет көрсетіп тұр.

Аудан әкімі өзінің Жалпақталдағы қызмет жылдарында  мәдениет саласына да үнемі баса назар аударып отырды. Аудандағы өздерінің құрылғандарына 60, 50 жыл толған ауылдар мерейтойларын халықтық мерекеге айналдырып, кең көлемде атап өтуге барлық жағдай туғызылды. Сол шаруашылықтардың жүріп өткен жолдарын баяндайтын кітаптар жарық көрді. Ауылдарда тарихи-өлкетану музейлері жасақталып, есіктерін айқара ашты. Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтар мен соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған ескерткіш тақталар орнатылды. Жалпақтал ауданынан аттанып, қан майданнан қайтпай қалған ерлердің есімдерін халық жадында жаңғыртқан облыстық  «Боздақтар» энциклопедиялық  жинақтың 6 томы осы ауданға арналды.

1996 жылы аудан әкімі  А. Батырхановтың мұрындық болуымен іргесі бұған дейін 1959 жылы қаланған аудандық халық театрына аталмыш өнер ұжымының негізін салушы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мұхамбетжан Ғұмаровтың есімі, аудандық ұлт-аспаптар оркестріне белгілі домбырашы, соғыс және еңбек ардагері Рақым Ығылмановтың есімі берілгені де халықтың асқан ризашылығына ие болды.

Жалпақталдың тарихында Айдар Батырхановтың еңбек еткен жылдары өзіндік қолтаңбасымен сайрап жата беретіндігінде дау жоқ.

*  *  *

Айдар Тапашұлының көп жариялап айта бермейтін бір сыры бар. Ол Ақ Жайықтан түлеп ұшып, талай биік лауазымдардың тұтқасын ұстаған,  өткен ғасырдың 70-80-жылдарында Орал облысын басқарып, соңында өшпестей із қалдырған Мұстахым Ықсановпен үзеңгілес болған жылдары. 1981 жылы Фурманов аудандық комсомол комитетінде бірінші хатшы болып жүрген кезінде аупартком оны жаңа қызметке ұсынды. Ауатком төрағасының орынбасарлығына. Бұл сол кезде жас жігітке көрсетілген зор сенім, үлкен жауапкершілік еді. Бұған дейін бір жыл бұрын  совхоз директорлығына жұмсаған, бірақ өзі басшы болып баратын совхоздың жағдайын білетіндіктен, тәуекел ете алмады. Ауатком төрағасының орынбасарлығы облыстық партия комитетінің бюросында бекітіледі. Бюроның алдында бірінші хатшыға кіріп, әңгімелесуден өтеді. Мұсекең мұның қағазын мұқият қарап отыр екен.  «Бұрын совхоз директорлығына ұсынылыпсың, неге бармадың?» – деп сұрақты төтесінен қойды. Бұл бармау себебін айтты. «Ауатком төрағасының орынбасарлығы директорлықтан оңай жұмыс емес, оған үлкен тәжірибе керек. Саған үлкен қызметке әлі ертерек», – деп нығыздады. Сөйтіп, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөліміне нұсқаушы қызметіне кірісті. Одан бес-алты ай өткенде обкомның бірінші хатшысының көмекшісі болды. Бұл дегеніңіз тәуліктің 24 сағатында ұстараның жүзінде жүргеннен әрмен жауапты жұмыс екен. Мұны Айдекең еш мүлтіксіз орындады. Талай рет біріншімен іссапарларда болды. Талай адамдармен кездесті, Мұсекеңнің сол кездегі аспандап тұрған абыройына талай рет  куә. Мәскеуге қызмет бабында жиі сапарлайтын. Сондайда Кеңес одағының талай марқасқаларымен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып отырған сәттері әлі көз алдында. Мұсекең өзі су маманы болғанымен әдебиетті, поэзияны, музыканы жақсы көрді. Талай ақын жазушылармен жақын араласты. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменовтермен сағаттап сырласушы еді. Ал анау Дағыстанның дарабозы Расул Гамзатовпен екеуінің қарым-қатынастары тіпті ерек. Авар елінің айбозы Расул Мәскеуде кездескен сайын күркіреп өлең оқитын, Мұсекең ерекше сүйсініп тыңдайды. Кейін қауырт жұмыстан қолы қалт еткенде сол бір сәулелі сәттер есіне түсіп кетеді-ау, «Айдар, Расул ақынның өткендегі өлеңі қалай еді?» – дейді. Ондай кездесулерде Айдекең өте мұқият тыңдап отыратын. Бірінші елең еткен жайттарды, әңгімелерді, шығармаларды,  тосыннан туған сөздерді ойына мықтап түйіп алады. Оқылған өлеңді, шығарманы кейін тауып алып қояды. Мұсекең сұрағанда қолына береді. Ол да бір жақсы ағаның және оған асқан құрметпен қараған небір дүлділдердің  қасында өткен  дариға дәурен екен ғой...

*  *  *

Бұйырмыс деген ештеңеге бағынбайтын құбылыс, сірә... Арада әлденеше жыл өткенде өнер, әдебиет, музыка  майталмандарына сырттай тамсанатын зоотехник, мал маманы Айдар Батырхановтың  өнер адамдарының арасынан табылып, мәдениет жөніндегі үлкен басшылық қызметтің тізгінін ұстаймын деген үш ұйықтаса түсіне кірді ме екен? Жә, оны ретімен кейін баяндармыз.

Айтпақшы, елі үшін еңірете еңбек еткен, облысты қай-қай жағынан да алға шығарған Ықсановты жұмыстан шеттетіп, басын дауға қалдырған уақыттар да өтті. Сонда кезінде төңірегінде қоғадай жапырылып жүргендердің дені Мұсекеңді ұмытты. Маңына жоламады. Бұл ылғи барып, жағдайын біліп тұрды. Сонда ғой, қайран азамат іштей риза болып тұрса да: «Айдар, маған келген, кеткен кісілердің бәрі нысанаға алынады. Зияным тиіп жүрер, неғыласың...», – деген мұны сақтандырып. Бірақ Мұсекең өмірден өткенше қарым-қатынасын үзген жоқ. Бұл да Батырхановтың азаматтық келбетін көрсететін бір қыры шығар, оқырман?!

Жалпақтал өңірінде алғаш еңбек жолын бастағанда ақын, журналист, аудандық газеттің қызметкері болған Гүлнар Қапашеваны жақсы білетін. Әрі бір жылдың төлдері, құрдас. Кейін сол ауданға әкім болып барғанда Гүлнардың сырқат екенін естіп, халін білу үшін үйіне арнайы барды. Барса, Гүлнар қанатынан қайырылған қарлығаштай болып, үйден шыға алмай қалған.  Өмірдің соққысы өз алдына, екі аяғынан баса алмай, екі қатарлы үйдің жоғарғы қабатынан түсу, далаға шығу мұңға айналған. Сол бойда Гүлнарға мүгедектерге арналған арба алуға көмектесіп, оған қоса екінші қабаттан түсетін арнайы саты жасатып, сондағы алты жыл далаға шығуға зар болған Гүлнардың қуанғанын көрсеңіз ғой... Содан кейін алты жыл бойы туарылған қаламына жан бітіп, шабыттың пырағына мінген Гүлнардың бұрқыратып жазғанын оқысаңыз ғой... Сол құрдасы о дүниелік болғанда, соңында қалған жалғыз түйір қызы Аңсаған Түркияға оқуға түскенде,  қаржылай қолдап, көмектескенін  біреу білер, біреу білмес. Бұл да  Батырхановтың адами болмысы мен азаматтық қасиетін  толықтыра түспей ме?

*  *  *

Кей адамның өмірінде үш ұйықтаса өзінің түсіне кірмейтін күрт өзгерістер кездеседі екен. Батырхановтың басында  сондай жағдай бір емес екі дүркін қайталанды. Біріншісі, БҚО бойынша мемлекеттік стандарттар және мемлекеттік басқару басқармасына басшылыққа жолданды. Міндет – басқарманы департамент ретінде құрып, жұмысын жолға қою. Ол жұмысқа жұмсаған сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуов. «Сізді департамент құру үшін жұмсап жатырмын. Одан соң, мәдениет басқармасына барасыз», – деді нығарлап. «Мамандығым мәдениет саласынан мүлдем алыс қой...», – деген сыңайда қарсылық білдіріп еді, облыс әкімі «Менің де мамандығым бөлек болса да, бір кезде мәдениет министрлігіне баруыма тура келді», – деп бұл әңгімеге нүкте қойды. Мемлекттік стандарт пен зоотехнияның арасы онша жақын болмаса да барды. Құрды. Көп ұзамай Қырымбек Елеуұлы мұны ауыл шаруашылығынан мүлдем шығандаған сала – мәдениет басқармасына басшы етіп тағайындады. Сонда кейбіреулер «зоотехник басқарған мәдениет алысқа бармайды» деп аттандап жатты. Осы жұмысында облыстың төрт әкімімен жұмыстас болды.  Төрт әкім де мұның жұмысын жоғары бағалады. Он бір жыл өмірін облыстың мәдениетін өркендетуге алқаусыз жұмсады. Жаман жұмыс жасамағаны ғой, басқа марапаттарын айтпағанда «Құрмет» ордені өңіріне ілінді. Осы жұмысынан облыс оны құрметтеп зейнет демалысына шығарып салды. Айдақаң бүгінде де сапта – мәдениет, спорт, туризм  және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағын басқарады. Тамыз айының 10 жұлдызында  Айдекең 70-тің жотасына шыққалы отыр. Осы қарсаңда әңгімелесе келе, қоштасарда «Айдақа, сіз бақытты жансыз ғой!» – дедік. «Әумин! Өз отанымда, Ақ Жайығымда  талай тамаша жандармен үзеңгілес болып, еңбек етіп, өсіп-өніп, ұл-қыз өсіріп, немере-жиен жетектеп, осыншама жасқа жетіп, мен өзімді бақытты санаймын» – деді азамат.

                                                                                             Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале