11.01.2021, 14:47
Оқылды: 186

Халал кәсіпорынның тынысы

Оралдық «Высший  сорт» ЖШС-ның еліміздің нарығына өз өнімдерін шығара бастағанына екі жыл болды. Бүгінде қазақстандық-ресейлік біріккен кәсіпорнында он адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

 Халал кәсіпорынның тынысы

Серіктестіктің басшысы Денис Кирилловтың айтуынша, әзірге қазақстандық шұжық өнімдерінің он бес шақты түрі өндіріледі. Компанияның өнімдері «Высший сорт» тауар белгісімен танымал. Өнім түрлеріне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының халал сертификаты берілген.

– Тәулігіне бес тонна ет өңдейміз. Өңірдегі сиыр етінің сапасы жоғары бағаланады. Өнімдерімізді келісімшарт бойынша Теңіз кен орнын игеруші компанияларға өткізудеміз.  Сонымен қатар шұжық өнімдерін Ақтау қаласындағы сауда орындары және Оралдағы «Алтындар» супермаркеті, «Дина» гипермаркеті, өзіміздің  фирмалық дүкеніміз арқылы тұтынушыларға  ұсынудамыз, - деді Денис Кириллов.

Халал кәсіпорынның тынысы2

Ет өңдеуші кәсіпорын сиыр мен жылқының сапалы етін жергілікті шаруашылықтардан келісім бойынша сатып алады. Халал стандартына сай сойылған мал етінің сапасына мән-маңыз беріледі. Өндірістегілер шұжық өнімдері өндірісінде консерванттар мен дәмділігін арттыратын химикаттар қолданылмайтынын айтады. Өнімдері табиғи таза, құнарлы, сапалы. «Соған орай сапалы өнімдердің бағасы да орташа көрсеткіштен жоғары. Тұтынушы алдымен өнімді сатып алып, дәмін көреді, содан кейін сол бағаға тұратынын-тұрмайтынын анықтайды. Өнім өткізудегі басты мәселе азаматтардың сапалы өнімді сатып алу мүмкіндігіне тіреледі. Қазіргі коронавирус пандемиясы жағдайында азаматтардың өнімдерді сатып алу мүмкіндігі төмендегені байқалады. Ақтауда оралдық шұжықтар үлкен сұранысқа ие. Орал шаһарында ет өңдеушілер баршылық, сондықтан өнімді өткізуде қиындықтар кездеседі. Бірақ біз өнімдеріміздің сапасының арқасында өз орнымызды табамыз», - дейді Д.Кириллов.

Ет өңдеуші серіктестіктің өндірістік цехының құрылысы еуропалық стандарттарға сай салынған. Ондағы құралжабдықтар неміс өндірісшілерінің қолынан шыққан. Өнім өндіру үрдісі барлық технологияларды қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Заманауи тоңазытқыштар мен мұздатқыш камералар сатып алынған. Жас кәсіпорын аяғына тұрып, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуды, өнім түрлерін молайтуды көздейді. Солай болған күнде де халал кәсіпорын  болып қалуды мақсат тұтқан.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале