10.12.2020, 23:47
Оқылды: 57

Халықаралық жетекші сараптама орталықтары дін және әлемдегі диалог мәселелерін талқылады

Бүгін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы алаңында ең беделді ғалымдар, танымал халықаралық сараптама орталықтарының (think tanks) сарапшылары жаһандану, дін, диалогтың өзекті мәселелері бойынша мазмұнды пікірталас өткізді.

сарап

Конференция барысында халықаралық сарапшылар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы, түрлі конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін құрудағы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясында әлемдегі дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытудағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың айрықша рөлі мен көрнекті үлесіне ерекше назарды аударды. Олар бірауыздан Қазақстан халқын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, әлемдік және дәстүрлі діндер арасындағы жаһандық диалогты дамытудағы халықаралық бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанның мәдениет, діндер мен өркениеттер арасындағы диалог тарихы ғасырлардан басталады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алты съезі осы елде өтіп, диалог алаңына айналған мекен болып қалыптасуы - заңдылық. Бүгінгі таңда конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету - Қазақстанның жалпы стратегиясының маңызды бөлігі», - деді Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Ислам өркениеті орталығының халықаралық бөлімінің бастығы Олима Гулямова.

Ал Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері В.Немчиновтың айтуынша, бүкіл әлем пандемия зардаптарына қарамастан, елдер діндер, ұлтаралық қатынастарды нығайтуға көмектесіп, рухани құндылықтарды насихаттауға үлес қосуы керек. «Пандемия бізге ұлттық шекара адамдардың қозғалысына кедергі бола алатындығын көрсетті, бірақ мәдениеттер арасындағы ынтымақтастық үшін шекара жоқ», - деп атап өтті В.Немчинов.

«UniaoPlanetaria» коммерциялық емес ұйымының президенті Эдуардо Уивер өз сөзінде жаһандану жағдайында діни әлемнің табысты дамуының негізгі принциптерін айтып, Қазақстанның түрлі мәдениеттер мен діндерді біріктіріп, үлкен істер атқарып жатқандығына назар аудартты.

«Қазақстан осы саладағы жаңа көшбасшы, әртүрлі діндер мен мәдениеттер тоғысатын орталыққа, бір-бірін түсінуге және құрмет көрсетуге баулитын мекен болуға бетбұрыс жасады. Жаһандану үдерістері бізге диалог орнатуға, мәдениеттер мен діндер арасында көпір құруға, өзара түсіністік пен достықтың негізі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді деп үміттенемін», - деді «Woolf Institute» институтының атқарушы директоры Эстер-Мириам Вагнер.

Шетелдік және қазақстандық сарапшылардың сөздерін қорытындылай келе, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Алтай Әбибуллаев жаһандық турбуленттік жағдайында әлемде жаңа сын-қатерлер мен қауіп-қатерлердің пайда болуы - қазіргі заманғы дінаралық және конфессияаралық қатынастар терең қайта бағалану мен трансформациядан өтіп жатқанын баса айтты. Осы тұрғыда діндер мен өркениетаралық даму мәселелерін жан-жақты зерттеуге мамандандырылған ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың, ұлттық және халықаралық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының рөлі артып келе жатқандығын жеткізді.

«Дінаралық диалог пен өркениеттер серіктестігі тек ұрандар болмауы керек. Біз ұлттық және жаһандық деңгейде шешім қабылдауда түрлі мүдделерді үйлестірудің барлық тәсілдерін, адамдардың моральдық сезімін, өмір салтын, ұлттық және діни дәстүрлерін құрметтеумен біріктіретін әлемдік тәртіпті құруымыз керек. Жаһандану дәуірі көрсетіп отырғандай, диалог және толеранттылық мәдениеті қазіргі әлемнің басты құндылық бағдары болады», - деді Алтай Әбибуллаев.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қорытындылары бойынша қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалог мәселелерін одан әрі зерттеу, дінаралық проблемаларды шешуде өзара іс-қимылдың тұрақты тетіктерін қалыптастыру, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің отырыстары және оның институттары шеңберіндегі ынтымақтастық бойынша тиісті практикалық ұсыныстар әзірледі. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Ұлыбритания, Ватикан, Бразилия, Пәкістан, Ресейден әлемдегі жетекші ақыл-ой орталықтарының өкілдері қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале