19.07.2022, 10:00
Оқылды: 81

Халыққа халал индустрия қажет пе?

Қазір дүкен сөрелерінен «халал» тағамдарды жиі кездестіретін болдық. Әсіресе халал ет өнімдерінің небір түрі бар. Базардағы ет сатушылардан «Етіңіз халал ма?» деген сұрағымызға «Әрине, халал», «Ауылдан әкелінді», «Намазхан жігіттер жеткізді» деген секілді түрлі жауап естиміз. Шындығында, халал дегеніміз не, халал ет қандай болады, мұндай етті өндіру ел экономикасына тиімді ме, халал өнімдер стандарты деген не? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

 4

Халал дегеніміз...

Біз «Халал Даму» ЖШС-ның БҚО бойынша жауапты өкілі Асхат Асылбековке хабарластық. Аталмыш серіктестік 2014 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған. Серіктестік өнімдерді шариғат нормалары мен халал стандарт тәртібі бойынша стандарттау және сертификаттаумен айналысады.

– Халал – рұқсат етілген нәрсе дегенді білдіреді. Оған қарама-қарсы «харам» сөзі «тыйым салынған» деген мағынада қолданылады. Бұл – негізінен ислам әлеміне тән сөз. Жаратушы ие Құранда «Сендерге өлексе, аққан қан, доңыз еті мен Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді» деп айтқан. Қоғамға зиянды болғандықтан әрі түрлі жаман аурулардың алдын алу үшін харам етілген нәрселерді пайдаланбаған абзал. Кез келген істі Алланың атымен «Бисмилләһ» деп бастап, бір Алла разылығы үшін жасау – мұсылманның міндеті. Сол сияқты малды да бір Алланың атымен сою – парыз. Шариғат бойынша «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалған малдың екі күретамыры бірдей кесілуі тиіс. Малды қинамай, зақым келтірмей сою керек. Ал мұндай тәртіппен сойылмаған мал – арам.

Ірі ет комбинаттарында малды токқа соқтырып өлтіретіндер бар. Мұндай тәсілмен өлтірілген малдың еті арам болады. Себебі мұндай жағдайда малдың қаны бойында қалып қояды. Ал қанда зиянды гемокультура, шлактар бар. Бауыздағанда қаны ақпаған малдың еті түрлі аурулардың қоздырғышына айналады. Сондықтан харам ет жеген адамның ұйқысы бұзылып, тұла бойы ауруға шалдығады. Малдың жанды жерінен пышақ сұғып, басынан ұрып өлтіруге де қатаң тыйым салынады. Өйткені малды қорлап, қинап өлтіруге, бір-бірінің көзінше бауыздауға болмайды. Мұндай әдіспен өлтірілген мал үркіп-қорыққандықтан, адреналин гормондары бөлініп, қорқыныш пайда болады. Бұл гармон қанмен бірге барлық ағзаға тарайды. Еттің қышқылдығы өзгеріп, оның түсіне де, сақталу мерзіміне де әсер етеді. Еттің сапасы нашарлайды. Бүгінгі таңда Еуропа елдерінде мал етіндегі «үрей гормоны» (адреналин) қызу талқыланып жатыр.

Сөз реті келгенде ҚМДБ «Халал даму» ЖШС бөлімінің «MUFTIYAT» баспасынан «Халал – шариғат талабы» атты кітап жарық көргенін айтқым келеді. Бұл – халал турасында ең алғаш жарық көрген анықтамалық құрал. Мұнда халал мен харамға қатысты маңызды ақпараттар мен анықтамалар берілген. Сондай-ақ өнім өндіру технологиясына байланысты түрлі күмәнді әрі зиянды өнімдерден сақтану жолдары айрықша көрсетілген. Түптеп келгенде, халалды мұсылман адамның өмір сүру салты десек, қателеспейміз. «Ауру – астан» демекші, ішіп-жеп отырған тағамымыз денсаулыққа пайдалы болуы тиіс. Адал өнім тұтынудың ұрпақ денсаулығы мен тәрбиесіне тигізер әсері бар екенін естен шығармаған жөн, – дейді Асхат Асылбекұлы.

Бұл мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №84 санынан оқи аласыздар!

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале