27.10.2022, 10:45
Оқылды: 110

«Халықтық бақылауды күшейтейік!»

Жуырда 15 жылға жуық уақыт бойы заң саласында қызмет істеген, 2008-2020 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға кеңесшісі қызметін атқарған Бауыржан Зәкиұлымен сұхбат құрдық. Ол қазіргі таңда «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының заңгері ретінде бірқатар жобаны қолға алып, нақты нәтиже үшін тер төгуде. Оның әлеуметтік желілерде жарияланған өңіріміздегі өте маңызды мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірлері, дәлел-дәйектері қызу талқылануда.

4

– Бауыржан Зәкиұлы, «Әділдік жолы» РҚБ бастамасымен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келесіздер. Облысымыздағы маңызды мәселелер назарларыңыздан тыс қалып жатқан жоқ. Жалпы бірлестік қандай мақсатпен құрылды? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ...

– «Әділдік жолы» РҚБ 2020 жылы 18 қараша күні құрылды. Бірлестікті құрудағы басты мақсат – жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу және жемқорлықпен күресетін құрылымдарға жәрдемдесу, қоғамдық жұмыстармен шұғылдану. Оған қоса халықтың құқықтық білімін арттыру бағытында еңбектенеміз. Бюджеттен ақша алмаймыз. Себебі бұл – жеке ұйым. 2021 жылы 22 қыркүйекте еліміздегі барлық облыста филиалдар ашылды. Филиалымыздың сарапшысы Арман Ахметқалиев екеуміз жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.

– Иә, оны әлеуметтік желілерден көріп, біліп отырмыз. Бір  жыл ішінде 10 ауданды аралапсыздар. Барған жерлеріңізде сіздерге арыз-шағым түсірген кісілер болды ма? Ауыл тұрғындарын көбіне нендей мәселе мазалайды?

Өздеріңізге белгілі, өңірімізде қордаланып қалған мәселе баршылық. Кейбіреуі айтылады да, сол айтылған жерінде қалады. Олай болмауы керек. Көпшілікті толғантқан мәселе арыз, шағым, өтініш түрінде қағазға түскені жөн. Содан кейін тиісті құрылымдарға жолданады. Бір ауданның өзінен шамамен он шақты мәселе менмұндалап тұрады. Біз оның тізімін жасап, облыс әкіміне жеткіземіз. Кейбір үлкен проблемалардың шешілу жолын сұрап, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жолдадық. Ауыл тұрғындарының  өкпе-реніші, талап-тілегі – қоғамдық  пікірдің кені. Бірақ олар біраз күрмеулі мәселе бар екенін білсе де, көп нәрсені айтудан сескенеді. «Бейнетаспаға жазайын, мәселеңізді қысылмай-қымтырылмай жеткізіңіз» десек, қазағы да, орысы да ат тонын ала қашады. Халық пен билік арасында ашықтық қағидаты жанданбай жатыр. Сөйте  тұра,  ауылдық жерлерде ішінара болса да, ашық түрде ой-пікірін жеткізетіндер бар. Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылдық округіне барғанымызда тұрғындар әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету керектігін айтты. Ал Шыңғырлау ауданының тұрғындары youtube бейнехостингінде балаларға арналған қазақша бағдарламалар, пайдалы фильмдер аз екенін алға тартты. Сапалы, тәрбиелік мәні зор дүниелерді қазақ тіліне аудару керек екенін тілге тиек етті. Ақсай қаласының тұрғындарын да біраз мәселе толғандырып жүр. Сол жердегі «ҚПО б. в.» компаниясы жыл сайын бөлетін 20 млн доллардың көп бөлігі басқа аудандарға, өзге елді мекендерге түрлі нысандар тұрғызуға жұмсалады. Ақсайлықтар басқа ауданның көркейгенін қызғанбайды, қолдайды. Алайда өздерінің де жағдайының жақсы болғанын қалайды. Мәселен, Ақсайда әлеуметтік нысандар тапшы. Біраз жоба қаражат күтуде.

– Мердігерлердің жұмысты қаншалықты атқарып жүргеніне тұрғындар куә. Бірақ олар жобаның қалай жасақталатынынан бейхабар. Негізі, тұрғындар жоба құжаттарын тексеруге құқылы ма?

– Иә, олар әлеуметтік жоба жасалып, жол құрылысы немесе кез келген салынып жатқан нысан жөнінде мәлімет сұрау үшін мердігермен байланысқа шығып, жоба құжаттарымен таныса алады. Өйткені ол жоба мемлекеттің бюджетінен бөлінген қаражатқа жасалады. Ал бюджет қаржысы – халықтікі. Біз мердігерлерден жұмыс талап етіп, кез келген салада халықтық бақылауды күшейтуге тиіспіз. Елімізде қандай жоба  қолға  алынса да, сол халықтың назарынан тыс қалмауы қажет. Президентіміз де қоғамдық бақылаудың күшеюіне үнемі мүдделілік танытып келеді. Қазіргі таңда тексерістер жиі жүргізіледі. Әлеуметтік желінің көп көмегі тиюде. Бізбен кездесуге келе алмаған тұрғындар әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға хат жазып немесе қоңырау шалып, мәселесін айтып жатады. Мәселен, оларды Орал – Атырау  тасжолына қатысты қауіпсіздік мәселесі толғантады. Негізінде әрбір ауылдың тұсында мал өтетін жолақ, белгі болуы керек. Осы күрежол бойымен күніне 9000-ға жуық көлік әрлі-берлі өтеді. Чапаев, Тайпақ ауылдарының тұсына мал өтуге арналған белгі орнату керек екенін айтып жүрміз. Жол саларда осындай проблемаларды алдын ала ойлау керек. Мал өтетін жолақ, су құбыры, дәретханалар сметалық құжатқа енгізіліп, барлығы бір жобаның негізінде бірге жасалғаны абзал. Жобаны дайындайтындар, дайын жобаны тексеріп, бекітетіндер барынша мұқият болғаны жөн. Ел-жұрт осындай нәрселерді байқап отырса, құба-құп.

– «Әділдік жолы» РҚБ БҚО филиалында тек екі маман бар екен. Сөз арасында мемлекеттік сатып алу конкурстарын да тексеретіндеріңізді айтып қалдыңыз. Екі адамға осыншама ауқымды жұмысты атқару қиынға соқпай ма?

Иә, goszakup.gov.kz сайтынан мемлекеттік сатып алу конкурстарын тексереміз. Қырық  шақты лауазымды тұлғаға 8 миллионнан астам айыппұл салынуына ықпал еткен екенбіз. Біздің ықпалымызбен жобалардан үнемделген 6 600 000 теңге бюджетке қайтарылды. Қосымша құн салығын да тексереміз. Кейде бюджеттік мекемелер қаражатты заңсыз аударып жібереді. Айына қазынаға орта есеппен 1 416 000 теңге қайтарып отырмыз. Кез келген жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілерге жариялағанымыз дұрыс. Біздің қоғамдық бірлестіктің (ҚБ) басқа өңірлердегі филиалдарының әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Олар да қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Орталық кеңсеміз Астанада.  «Әділет жолы» ҚБ-ның төрағасы – Исламбек Салжанов. Жеке мәселелерімен келетіндер де бар. Заң палатасымен келі-сімшартқа отырдық. Қолымыз тимей жатқан жағдайда басқа заңгерлер көмектесетін болады. Бізге бір жыл ішінде жеке мәселесімен 116 адам келіпті. Бәріне тегін қызмет көрсеттік.

Бауыржан Зәкиұлы, өңірімізде ең көп талқыланатын мәселе – жол мәселесі. Соңғы кездері мердігерлерді сынға алып жүрсіз. Олар содан қорытынды шығарды ма? Жалпы жол саласында қандай құқықбұзушылықтар орын алуда?

Тамыз, қыркүйек айларында «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды жоба өткіздік. Goszakup.gov.kz порталындағы мәліметке сәйкес, соңғы үш жылда облысымызда көлік жолдарының құрылысына бюджеттен 172,1 млрд теңге бөлінген. 2020 жылы – 26,6 млрд, 2021 жылы – 57,8 млрд және 2022 жылы – 84,8 млрд. Жол салу, жол жөндеу саласындағы кемшіліктерге қатысты 166 ақпаратты тұрғындар 1463 нөміріне («Әділдік жолы» РҚБ call centre), adildik.kz сайтына және әлеуметтік желілерге жолдады. Аталған жоба аясында 6 аудан бойынша 25 ауылға барып, талдау жүргіздік. Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылына жол салу шарты бойынша 90 млн теңге аванс төленген. Бірақ жұмыстар басталмаған (мердігер «Ануш-Құрылыс» ЖШС). Жаңақала ауданының
орталығындағы 4 көшені жөндеу жұмыстары шартта көрсетілген мерзімде аяқталмаған. Орал қаласындағы Қ. Миханова көшесін күрделі жөндеуден өткізген «ШамШың» ЖШС 62 метр жерге асфальт төсемеген. Бәйтерек ауданының Мичурин ауылында шарт бойынша қарастырылған Подстанционная көшесі асфальтсыз қалған (мердігер «Адал Арна» ЖШС). Бәйтерек ауданына қарасты Асан ауылы (Абылай хан көшесі) мен Орал қаласындағы Ескі әуежай шағынауданын (Самал көшесі) қосатын 360 м жолдың үстіне көп қабатты үйлер салынған. Бір жыл бұрын жасалған шарт бойынша «Адал Арна» ЖШС Бәйтерек ауданындағы Октябрьское және Жамбыл ауылдарына дейінгі 9 шақырым жолды жөндеуді енді ғана бастаған. Бәйтерек ауданына қарасты Махамбет ауылы көшелерін асфальттау туралы 2021 жылы жасалған шарт міндеттерін «ДСК приоритет» ЖШС әлі күнге орындамаған. Ақсай қаласындағы Жастар көшесін күрделі жөндеуді «Жайық Сити» ЖШС біз әлеуметтік желіге салғаннан кейін бастады. Айта берсең, мұндай  фактілер көп-ақ. Талдау нәтижесінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне, Батыс Қазақстан облысының прокуратурасына, Батыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасына, облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жалпы саны 17 өтініш жолдадық. Бәрі де қаралуда. Біз әлеуметтік желілерге жүктеген бейнетүсірілімдер 556 мың қаралым жинады. Осы бағыттағы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарына, телеканалдарға, сайттарға жарияланды. 30 қыркүйек күні уәкілетті мемлекеттік құрылым өкілдерінің қатысуымен брифинг өткіздік.

– Облыс тұрғындары арасында  жол сапасының не себепті сын көтермейтінін білгісі келетіндер көп-ақ. Осы жаңадан жол салу немесе жол жөндеу басталады да, неліктен тоқтап қалады? Кедір-бұдыр жолдардың тақтайдай тегіс болатын күні бар ма? Мердігерлер міндеттерін неге тиянақты атқармайды?

Жазда басталған шаруа күзгі жауын-шашынға  ұрынады. Көктем айларында қырылған жол жазда шаңға, күзде балшыққа айналады. Қаржы-қаражаттың жетіспеушілігінен шарт мерзімі бірнеше жылға ұзартылады. Битум мен қиыршықтас жетіспейді. Оның үстіне битум сапасыз. Қиыршықтастың жаяу жүргіншілер жолына төселетін түрі көлік жолына пайдаланылады. Нысандарда техникалық қадағалаушы болмайды. Кәсіпорындар геодизист маманды жалдамайды. Әкімдіктер жол құрылысын бақылауға алмайды. Тапсырыс берушілер мердігерлердің салғырттығына көз жұма қарайды. Тұрғындар да жол құрылысын бақыламайды. Жұмысшылардың еңбекақылары өте аз. Жайық өзені түбінен алынатын қиыршықтас тазаланбай, бірден жол салуға пайдаланылады, тексерілмей-ді. Мемлекеттік сатып алу порталындағы кемшіліктерді толық жойып, блокчейн технологиясын (блокчейн – сіздің өміріңізге қатысты барлық шынайы дерек, жазбаларды тізбектеп сақтау технологиясы) енгізу керек. Жобалық-сметалық құжат дайындағанда мамандар сол жерге (объектіге) бармайды. Тек google картасын қолданады. Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасына мамандар жетіспейді. Жолдағы шоқалақ-шұңқырды жамағанда (бітегенде) арнайы асфальт жабынды қыздыратын техника қолданылмайды. Өздеріңізге белгілі, биыл 14 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында соңғы он жылда салынған жолдарды тексеру-ді тапсырды. Одан бұрын 24 сәуірде Президент облысымыздағы жол мәселесіне на-
зар аударды. Ал енді айтыңызшы, Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып жатыр ма?..

Сұхбаттасқан Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале