18.01.2021, 21:55
Оқылды: 141

Хоббиін кәсіпке айналдырды

...Мен ғаламтордан өзіме қажетімді аламын, таңертең төрт жарымда тұрып, аудио кітап тыңдаймын, содан кейін оқимын. Күн сайын өзіңді дамытып отырмасаң, өмір сүргеніңнен не пайда? Мен өмірге адам боп келген соң, артымда жұртқа пайдалы іс жасап қалдырғым келеді...

Хоббиін кәсіпке айналдырды

Бүгінде мемлекет еңбек етемін, кәсіп ашамын деген адамға қолдау-көмек көрсетуден кенде емес. Тек мүмкіндікті пайдаланып, өзіңнің қолыңнан келетін кәсіпті бастауға нар тәуекел етіп, батыл қимылдау қажет. Тасқала ауданының орталығында тұратын Ринат Әлімов өзінің бала кезінен серік еткен хоббиін мемлекеттің көмегімен нан табатын кәсіпке айналдырды. Бұрын ол Қарашығанақ кен орнында құтқарушы болып еңбек етті. Жалақысы жақсы болғанмен, жаны қалайтын дәнекерлеушілік ісіне көңілі ауа берді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жайында таныстарынан естіп-біліп, гранттық қаржы алуға ықыласы ауды. Өзін-өзі қамтушы ретінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы жанынан «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік оқуын оқыды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру деген 2-бағыты аясында 200 АЕК (555600 теңге) көлемінде грант алды. Жас кәсіпкер гранттық қаржыға  Ресейдің Ульяновск қаласынан «Профи 2Р» станогын сатып алды. Аз-мұз артық қалған ақшаға жинағын үстемелеп, жартылай аутоматты газбен жұмыс істейтін дәнекерлеу аппаратын сатып алды. Осылайша ол темір қақпа және темірден бұйымдар жасау жобасын жандандырды.

Хоббиін кәсіпке айналдырды2

– Дәнекерлеудің қыр-сырын ғаламтордан, ютубтан қарап үйрендім. Ең алғаш рет 12 жасымда өз бетімше темір сатыны дәнекерлеп көрдім. Мына станок түрлі темір бұйымдарын суықтай соғып дайындауға арналған. Алдымен профильді мыжғылап, илейміз, - деген Р.Әлімов станоктың технологиясының қыр-сырына тереңдей берді. Бұдан бұрын темір-терсекті қажетті бұйымдар жасауға дайындайтын үш станокты өз қолымен жасап алған. Тұрбаны керек өлшемде майыстыратын станокты көрші-сінен алған бір-екі подшипниктен құрастыра отырып жасапты. Ондай станок сауда орындарында 180 мың теңге тұрады.

– Тапсырыстар қыста аз, жазға салым көбірек түседі. Темір орындықтар, әткеншектер, табуреткалар, гүл және кітап жинайтын полкалар, терезеге арналған торлар, темір қақпалар және басқа да заттар жасаймын. Мына темір орынтақты жақында жасадым, дүкенде сатылатын орынтаққа қарағанда мықты. Мен «білмеймін, жасай алмаймын, жасағым келмейді» дегенді ұнатпаймын. Темірден жасалатын бұйымдардың барлығын жасауға болады, - деп әнтек жымияды Ринат шебер.

Біз барғанда ол өзі жаңадан салған баспанасында темір қоршаулар жасап жатты. Шеберханасы жоқ болғандықтан, жаңа үйін уақытша жұмыс орнына айналдырған. Жуырда көршісінің ағасы қайтыс болыпты. Марқұмның бейітіне қажет қоршауды қаладан алдырмай, іргедегі шеберге жасатуды жөн көріпті. Ринат қақпа жасау кезінде шикізатты Оралдан тасып әкеледі. Ал ұсақ-түйек бұйымдар жасауға материалды ауылдан отырып-ақ тапсырыспен алдырады. Темірмен қатар ағашпен де жұмыстанады. Ағашты ойып, өрнек салады. Бір қызығы, жоғары кернеулі электр тогының күшімен де ою-өрнек салуға болады. Оны табиғат өзі салады деп бірқатар ағаштан ойып салынған суреттерді көрсетті. Ерік-жігері жарқылдаған жанарынан атойлап тұрған жас құрастырмалы үйді бір өзі салған. Келіншегі Наталья – жақсы көмекші. Шағын монша да салыпты, оның қабырғасын ағаш үгіндісіне толтырған. Мұндай монша жылуды екі күн бойы сақтамақ. Жас отбасында үш балақай өсіп келеді. «Солардың қамы үшін жүрміз», - деп қояды ол. Ринаттың ұлты татар, өзі ол туралы: «Анам орыс пен қазақтан туған, әкем – татар, ал мен коктейльмін», - деп әзілдейді.

– Қазір ойдан бірдеңе ойлап табамын деп қиналудың реті жоқ. Тек ерінбеу керек. Ғаламторды миыңды қажетсіз қиқым-сиқымға толтыруға пайдалануға болады. Әдетте ғаламторды, теледидарды  жақсы жалшы (қызмет көрсетуші), жаман басқарушы дейді. Мен ғаламтордан өзіме қажетімді аламын, таңертең төрт жарымда тұрып, аудио кітап тыңдаймын, содан кейін оқимын. Күн сайын өзіңді дамытып отырмасаң, өмір сүргеніңнен не пайда?

Мен өмірге адам боп келген соң, артымда жұртқа пайдалы іс жасап қалдырғым келеді. Жоба-жоспарым бар, әзірге құпия, - деп күлімдейді еңбекқор Ринат Әнуарұлы.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале