26.09.2024, 16:00
Оқылды: 72

Ядролық қауіпсіздік туралы заң қабылданады

Президент АЭС құрылысына қатысты жалпыхалықтық референдумды 6 қазанда өтеді деп Жарлық шығарды. Содан кейін еліміздегі жетекші саяси партиялар мен азаматтық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан Халық штабы құрылды. Осы республикалық штабтың ҚР Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған бір топ мүшесі өңірімізге іссапармен келді. Олар «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның және «КазТрансГазАймақ» АҚ ұжымдарымен кездесті.

428D301C-8ACD-46A0-BF23-FB5F4A349FC8

Алдымен сөз алған облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев күллі елімізде Президент идеясының мәні мен маңызын талқылау қарқынды жүргізіліп отырғанын, республикалық штаб
мүшелерінің атом электр стансасын салудың қажеттілігін, мән-маңызын түсіндіруге келгендерін айтты.

«Атом стансасының энергиясы арзан әрі тәулік бойына тоқтамастан энергия береді. Біздің базада 1967 жылы су зерттеу реакторы салынған. МАГАТЭ-ның (халықаралық ұйым) зерттеу реакторлары мен атом стансаларына қоятын талаптары бірдей. Демек, 57 жылдан бері Алматы қаласының түбінде қуаттылығы 6 мегаваттық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр деуге болады. МАГАТЭ атом стансасын  ескертіп те, ескертпей де тексеретін болса, біздегі стансаны да 57 жыл бойы назардан тыс қалдырған емес. Осы жылдар ішінде бірде-бір ескерту берілген жоқ. Мұнай-газ саласы үшін қажетті радиоизотоптар шығарып отырмыз. Онкологиялық науқастарды емдеуге және диагностика үшін дәрі-дәрмектер өндірілуде. Әлемдік деңгейдегі теңдесі жоқ зерттеулер жүргізіліп отыр. Мамандарымыз бар, әлеуетіміз де мықты. Кадр жоқ деген қауесет. Әлем елдерінде 415 атом стансасының 235-і – сусыз атом стансасы. Олардың бірде-бірінде оқыс оқиға   болған емес. Әлемде ғана емес, бізде де қауіпсіздік мәселесі бірінші орында.  Балқаш көліне реактордың суын құяды, көлді кептіріп жібереді, балықтары қырылып қалады деген сөздер де шындыққа жанаспайды. Реакторға қажет су бір рет алынады және ол станса 60 жыл жұмыс істейтін болса, сол уақытқа пайдалануға жетеді», – деді Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.

Кездесуде сөз алған Бақтықожа Ізмұхамбетов осында айтылған әңгімені өзгелерге айтып, ақпаратпен бөлісуді сұрады.

«Жылдан-жылға дамып келе жатқан мемлекетпіз, түрлі өнеркәсіп орындары дамуда. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі өрге тартып келеді. Ірі өндіріс орындары көбейген сайын электр энергиясына деген сұраныс артады. Энергияға сұранысымыз ұсынысымыздан әлдеқайда артық болғандықтан, болашақта қиын жағдайға түспес үшін қаралып отырған мәселе. Балқаштан неге салынады дегенге келсек, бұрын Балқаштан солтүстіктің энергиясы оңтүстікке беріліп отырды. Инфрақұрылым бар.  Осының барлығы мұқият зерттелген, 2006-2007 жылдары мен Энергетика министрі болған кезімде, осы әңгіме көтерілді», – деген халық қалаулысы кейін

Балқаш ЖЭС-ін салу туралы шешім қабылданып, оның аяқсыз қалғанын жеткізді.  

Жиында штаб мүшелері ауа райы күрт құбылмалы біздің өңірде күн және жел электр стансаларының тұрақты қуатпен қамти алмайтындарын жеткізді. АЭС-тің қауіпсіздігі туралы айта отырып, Парламент ядролық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты жеке заң қабылдайтыны ерекше атап өтілді. Бұл құжат АЭС-ты жобалау, салу және пайдаланудың қатаң қауіпсіздік стандарттарын қамтиды.

Спикерлер еліміз үшін энергетикалық тәуелсіздіктің  ең күрделі мәселелердің бірі екенін айтып түсіндірді. Еліміздің оңтүстігінде қуат тапшылығы бар. «Сондықтан  энергияны көршілес елден импорттауға мәжбүрміз. Жалпы ғаламдық энергетика жүйесі энергия тапшылығынан АЭС-ке тәуелді болуда.  Өзбекстан осындай тығырықтан шығу үшін АЭС салуға кірісті. Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркия АЭС-ті таңдады. Біздегі электр стансаларының басым бөлігінің тозығы жеткен, 70 пайызы көмірмен жұмыс істейді. Энергия тапшылығын болдырмас үшін атом энергетикасын пайдалануымыз керек», – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Кездесу соңында аталмыш компанияның бас директоры Валерий Крылов АЭС туралы тың мәлімет-ақпарат берген штаб мүшелеріне алғыс айтты. Өзінің ұжымымен осы тақырыпта әлденеше мәрте түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін, ұжымның референдумға біркісідей атсалысатынын жеткізді.

Сондай-ақ ол өзінің ұстазы санайтын астаналық үгіт-насихат тобын бастап келген қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетовке ескерткішке кәдесый тарту етті.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале