30.03.2021, 18:25
Оқылды: 176

«Ықсанов – біртуар жан, асқақ тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың туғанына 95 жыл толып отыр. Мерейтой аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен республикалық «Ықсанов – біртуар жан, асқақ тұлға» атты жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті.

 м44

Конференцияға Мұстақым Ықсанов атындағы Қызылорда қаласындағы политехникалық колледжі, Жамбыл облысының Тараз қаласындағы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназиясы, Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназия, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы Мұстақым Біләлұлы Ықсанов атындағы кәсіптік-техникалық колледжі, Жәнібек ауданы білім беру бөлімінің «М.Б.Ықсанов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені, Орал қаласының білім беру бөлімінің «М.Б.Ықсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, кәсіптік-техникалық колледж студенттері, орта мектептердің 9-10 сынып оқушылары, қосымша білім беру мекемелерінің үйірме мүшелері қатысты.

Конференцияның пленарлық бөлімінде Мұстақым Біләлұлының қарындасы Қашия Біләлқызы мен қызы Гүлнәр Мұстақымқызының құттықтау хаттары оқылды.

Алғы сөзде Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева конференция қатысушыларына сәттілік тілеп, М.Б.Ықсановтың өнегелі өмірі мен қызметіне тоқталып өтті.

Конференцияда Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттары атынан Мәлік Құлшар,1981-1983 жылдары М.Б.Ықсановтың көмекшісі болған Айдар Батырханов пен туысы Өтебай Құспанов сөз алды.

«Мұстақым – ұлы феномен» тақырыбымен Мұстақым Біләлұлы Ықсанов атындағы Қызылорда қаласындағы политехникалық колледжінің директоры Бақыт Кенбаев, «Қаратаудың қазынасын ашқан тұлға» тақырыбымен Жамбыл облысы Тараз қаласы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Сыдықбек Сая өз зерттеулерімен бөлісті.

м1

Өзінің артынан өлшеусіз өнеге мен жасампаз істер қалдырған ұлы тұлғаның рухы қашан да биік болуы тиіс.

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Мұнайдар Балмолда мен Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін медалінің иегері, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев «Ел деп соққан жүрегі» туындысын тарту етті.

Конференция секциялық бөліммен жалғасты.

Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың 95 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын Орал қаласындағы Мұстақым Ықсанов атындағы №36 мектепте өтті.

м2

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мерейтойдың айрықша маңызына тоқталып, Жайық өңірінің экономикасы мен мәдениетін дамытуға, халықтың әлеуметтік жағдайын, ырыс-берекесінің артуына тікелей ықпал еткен ұлы тұлғаның қызметін ерекше атап өтті.

2005 жылы құрылған «Ықсанов атындағы қорының» жетекшісі Асқар Атаев Мұстақым феноменін ашып көрсетудегі келелі істеріне шолу жасады.

Салтанатты жиын ұлы тұлға ескерткішіне гүлшоқтарын қоюмен жалғасты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен,үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады» деген болатын.

Сол өлшеусіз еңбектің үлгісі де бірегейі Мұстақым Біләлұлы Ықсанов болғанын мақтанышпен айта аламыз.

Азима Губашева,

М.Ықсанов атындағы №36 мектептің директоры

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале