22.04.2022, 15:45
Оқылды: 204

Замандастар жырлары: Жарқын жүздесу

Бүгін Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларымен жүздесуге керемет суреткер ақын, жазушы, журналистер – Ғайсағали Сейтақ және Мұнайдар Балмолда келді.

8

«Кейіпкерге 100 сұрақ» форматында өткен жарқын жүздесуде оқушылар меймандардың бал бала шақтағы арманы, адам бойындағы ізгі қасиеттері мен жан тазалығы, әкелік ұстанымдары, ақынның миссиясы, шалқар шабыт кезеңдері, қазақ тарихындағы бес ең абыройлы белес және тағы басқа тақырыптарға байланысты ой-толғамдарын тыңдады. Оқушылар, әсіресе, Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған Димаш Құдайбергеновтің орындауындағы «Махаббат бер маған» әнінің шығу тарихы туралы жарыса сұрасты.

5

Шарада жас зияткерлер Ғайсағали Самиғоллаұлының «Қазаққа жұмақ та сын, жұт та сын», «Көтереді көкке тіл мені», «Қасиет қонған қара жер», Мұнайдар Мұхамбетжанұлының «Ақ жағалы ағалар», «Тұлпарлар», «Бабалар аманаты» өлеңдерін оқыды.

6

Айта кетейік, барлық Зияткерлік мектептерде жүзеге асып жатқан «Замандастар жырлары» аясында жастардың сүйікті заманауи ақын-жазушылармен кездесуі, көркемсөз оқулары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жас әдебиетсүйерлердің бейнебаяндары – барлығы қазақ поэзиясы жауһарларына арналды. Ұлтымыздың руханият дарабоздарының төл туындыларын насихаттау, олардың ішкі кемел ойларын бүгінгі заманмен байланыстыра ұқтыру – аталған жобаның маңызды миссиясы.

Жас әдебиетсүйерлер ақындық – ерекше сый, ол ой толғаушы, не нәрсені де тереңінен көріп отыратын сұңғыла жан деген ортақ пікірге келді.

Айдана Хамидуллина,

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале