15.09.2026, 13:00
Оқылды: 0

Заңды білу жауапкершіліктен басталады

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Заң мен тәртіп: қауіпсіз қоғамға қадам» қағидаты аясында студенттерге арналған құқықтық кездесу өтті. Іс-шараға Орал қаласының Абай полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Рүстем Мұхамбетияров пен Абай полиция бөлімінің полиция капитаны Мөлдір Нұрқаятова қатысты.

 DSC03759

Кездесудің мақсаты – студенттерге заң талаптарын сақтау, құқықтары мен міндеттерін білу, өз әрекетінің салдарын түсіну және құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде түсінік қалыптастыру. Сонымен қатар құқықтық мәдениетті, жауапкершілікті арттыру және қоғамдағы қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын  дамыту.

Жиында жастарға құқықтық сауатты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері түсіндірілді.

– Жастардың заңды білуі олардың қауіпсіздігі мен болашағы үшін аса маңызды. Кейде құқықбұзушылық адамның заң талаптарын білмеуінен немесе өз әрекетінің салдарын толық түсінбеуінен болып жатады. Сондықтан әр жас өз құқығын ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін де жақсы түсінуі керек. Қандай жағдай болмасын, мәселені күшпен немесе заңсыз жолмен шешуге болмайды. Кез келген әрекеттің құқықтық салдары бар. Сол себепті жастарды сақтыққа, тәртіпке және өз ісіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Заңды құрметтеу – ең алдымен өзіңді, өз болашағыңды және айналаңдағы адамдарды құрметтеу, – деді Абай полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Рүстем Серікұлы.

Ашық диалог сипатында өткен кездесуде студенттер сұрақтар қойып, мамандардан тиісті жауап алды. Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заңға құрметпен  қарауына  ықпал  етеді.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі» 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале