7.04.2022, 10:46
Оқылды: 118

Заңсыз митингілерден аулақ болған абзал

Облыс прокуроры Жандос Өмірәлиев Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті студенттерімен кездесіп, құқықтық тәрбие бағытында әсерлі әңгіме өрбітті. Жиынға 700-ден астам студент қатысты.

5Q5A1619

Әп дегеннен Жандос Жәнібекұлы жастар ортасы өзінің әлеуметтік сипаттамалары мен қоршаған ортаны қабылдауына байланысты құқыққа қарсы іс-әрекеттерге неғұрлым тез бейімделгіш келетінін жасырмады. Сол себепті оларды түрлі құқықбұзушылықтардың, әсіресе нашақорлықтың алдын алуға, заңсыз митингілер мен наразылықтарға қатысудан бас тартуға шақырды. Жалпы, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл – құқық қорғау қызметіндегі басым бағыттардың бірі екенін жеткізді. Тек соңғы бір жарым жыл ішінде облыс соттары есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен оларды әлеуметтік желілер арқылы өткізгені үшін 110-нан астам адамға тиісінше жаза тағайындаған. Мысалы, «К» деген азамат 2019 жылдың наурызынан 2020 жылдың қаңтарына дейін Telegram мобильді қосымшасын пайдалана отырып, интернет-дүкен көмегімен есірткі және психотроптық заттарды (кристалдар, тұз) заңсыз сатумен айналысқан. Ал төлемдер КИВИ-әмиян, биткоиндер және тікелей визуалды байланысты болдырмайтын аударымдар арқылы жүргізілген. Әлгі пысықай бұл іске өзінің екі сыныптасын тартып, оларды ризалап отыруды да ұмыт қалдырмапты. Қазіргі күні бұл үш азаматтың тұрғылықты жері бойынша табылған тыйым салынған заттардан бөлек, бетбелгілердің орны, сонымен бірге сатып алушылары да анықталған. Қысқасы, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 2001 жылы туған бұл «үш дос» есірткі сатқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Бір жас қыз мұның бәрін біле тұра, қылмысты жасырғаны үшін  сотты  болыпты.

5Q5A1616

Жиынды түйіндеген прокурор Ж.Өмірәлиев ҚК-ның 297-бабы бойынша есірткі заттарын өткізгені үшін саралау белгілеріне байланысты кінәлі адам 6 жылдан 20 жылға дейін жаза арқалайтынын да түсіндіріп өтті. Соңғы бес жыл ішінде ҚК-ның 297-бабының барлық бөліктері (өткізу не өткізу мақсатында сақтау) мен 296-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде сақтау) бойынша құрыққа ілінгендердің бәріне де бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған тақырыптар төңірегінде, соның ішінде прокурор мамандығы мен прокуратура құрылымдарындағы қызмет ерекшеліктері туралы сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алды.

Бақытжан Ордабаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале