Орал қаласындағы №53 Келешек мектебіндегі №216 сайлау учаскесінде тұрғындар белсенді дауыс беруде. Комиссия төрағасы Жанаргүл Көкенованың айтуынша, сағат таңғы 8-де келушілер легі көбейіп, бір сағаттың ішінде 50-ден аса азамат таңдау жасаған. Аталмыш учаскедегі сайлаушылар саны – 2388. «Зашаған» бау-бақша серіктестігі тұрғындарының қатынауы үшін арнайы аутобос жүреді. Аутобос аялдамада тұрған азаматтарды алып кетіп, оларды мектеп алдына дейін тасымалдайды.

Одан бөлек, ғимарат алдында құрылған киіз үйде көрме ұйымдастырылған. Мұнда жергілікті қолөнершілер жасаған көздің жауын алатын сәнді киімдер мен ұлттық әшекей-бұйымдар көпке ұсынылды. Оған қоса, Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырушылар ұлттық киім үлгісімен дауыс берушілерді ілтипатпен қарсы алып, бауырсақ-көже беруде.

Зашаған кентінің тұрғыны Мәншүк Жұмағазиева ел болашағы үшін әр азаматтың дұрыс таңдау жасауы маңызды екенін тілге тиек етті. Тұрғын саяси науқандардан шет қалмайтынын айтып, референдумға белсене қатысу азаматтық міндетім деп санайтынын алға тартты.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»
