8.08.2023, 14:45
Оқылды: 92

Зейнетақы жүйесіне қатысты ақпаратты қайдан алуға болады?

«Еңбегі көптің өнбегі көп» демекші, қауқары барда қармап қалудың амалын жасап, адал еңбек етіп жүрген әр адам ертеңшіл келеді. Зейнет жасындағы жағдайын күйттеген әр азаматқа «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) Батыс Қазақстан облысы филиалының мамандары қол ұшын созуға қашанда дайын. Осы орайда зейнетақы мөлшерін шамамен есептеуге көмектесіп, маңызы зор Қор  туралы жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарымен айналысатын Мұхит көшесі, 78 мекенжайындағы облыстық филиалға табан тіреп, мамандардың жұмысын бақылап қайттық.

2f8b5ef5-da56-45a4-913e-5a45261202a8

Облыстық филиалдың бас кеңсесі бес күндік жұмыс аптасында сағат 9:00-18:00 аралығында дамылсыз жұмыс істейді. Ақсай қаласында және Сырым, Қаратөбе, Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы, Шыңғырлау аудандарында Қор өкілеттігі бар. Филиал 50 маманның басын қосып, бір отбасындай ұйыған ұжым болып қызмет етуде. Қызмет көрсету бөлімдерінің ішінен операциялық және барып қызмет көрсететін бөлімді ерекше атап өтуге болады. БЖЗҚ облыстық филиалының директоры Қайрат Ихсановтың сөзінше, операциялық бөлімде тұрғындармен 12 маман жұмыс істейді.

«Мобильді кеңсенің» мүмкіндігі көп

– Барып қызмет көрсету бөліміндегі алты маманның екеуі бекітілген кестеге сәйкес күн сайын шағын автобуспен Оралдағы кәсіпорындар мен шалғай ауылдық округтерді аралайды. Салымшыларға зейнетақы жүйесіне қатысты ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Біздің «Мобильді кеңсе» арқылы қашықтан көрсетілетін қызмет түрлерін алуға болады. «Мобильді кеңсе» дегеніміз – ноутбук, принтер, кез келген жерде интернетке қосылуға мүмкіндік беретін жерсеріктік антеннасы бар шағын автобус. Салымшы жай ғана жеке басын куәландыратын құжат арқылы өзіне қажетті барлық ақпаратты алады. eGovMobile қосымшасындағы электронды құжаттың да көмегі көп. Іссапарлардың кестесін менеджерлер бір ай бұрын алдын ала жоспарлап қояды. Кейін мекеме басшыларымен және ауылдық округ әкімдерімен хабарласып, кездесу күнін белгілейді, – деді Қайрат Ихсанов. Барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Алия Көшербаева мен бас маман Шара Қалыбековамен кездесіп, аталған бөлімдердің жұмыс барысымен таныстық. Біз барған күні «Мобильді кеңсе» құрамындағы екі маман Спасо-Преображенский шіркеуі мен «ҚазQazGene» ЖШС Батыс Қазақстан филиалына, сондай-ақ күні бұрын Жәнібек ауданына барып, үш ауылдық округтің тұрғындарымен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізген және кеңес берген. Көшпелі

қызмет көрсету бөлімінің басшысы Әлия Көшербаеваның айтуынша, сәуір айынан бастап «Мобильді кеңсе» жобасы аясында қызметкерлер ай сайын облыстың 10 елді мекенін аралап, салымшыларға бір орында отырып БЖЗҚ-ның барлық қызмет түрін еш қиындықсыз алуға болатынын іспен көрсетіп келеді.

– Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылында біз 43 ауылдық округте және өңірдің 500 кәсіпорнында болып, 10 860 астам салымшыға зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер мен жаңалықтарды қамтыған таныстырылым жұмыстарын өткіздік. Мамандар БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасын жүктеп алып, дұрыс қолдану жолын көрсетті. Осылайша тұрғындар орталықтың табалдырығын тоздырмай-ақ емге, тұрғын үй жағдайын жақсартуға бір рет алуға болатын зейнетақы жинағы сомасының көлемін біле алды. Жеке тұлғаларға кеңес беріп, оның ішінде зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға бағыт берді. Өтінім бойынша олар үйден де  қызмет ала алады, – деді Әлия  Көшербаева.

Кездесулерді ұйымдастыруға халықты жұмыспен қамту орталығы атсалысуда. Мүгедектігі бар жандар медициналық қызмет алатын орталықтарына шақырылады. Ол жерге БЖЗҚ БҚФ-ның мамандары барып, зейнетақы жүйесін түсіндірумен айналысады. Атап өтетін жайт, I және II топтағы мерзімсіз

мүгедектігі бар адамдарға зейнет жасын күтпей-ақ ай сайын зейнетақы жинағын алып отыруға болады. Сайттағы «жеке кабинетте» және БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында бар «Зейнетақы калькуляторы» арқылы салымшылар болашақ зейнетақы мөлшерін есептей алады. Ол үшін еңбек өтілі, еңбекақы мөлшері, зейнетақы жинағының сомасы керек. Есеп оптимистік, шынайы, пессимистік сынды үш түрлі деңгейде жасалады.

Біржолғы зейнетақы сұраныста

Ал операциялық бөлімде қызметтерді БЖЗҚ облыстық филиалының кеңсесіне өзің келгенде ғана алуға болады.

Бұл жерде салымшылар электронды кезекке тұрады. Сандарды сөйлетер болсақ, жыл басынан бергі алты айда кеңсеге зейнетақы жинағын алу бойынша 2000, зейнетақы жинағын сақтандыру ұйымдарына аудару бойынша 140 өтініш түскен. Жеке зейнетақы шотының бар екені туралы 1000-ға жуық анықтама берілсе, 9252 адам жеке зейнетақы шоттарынан үзінді көшірме алу қызметіне жүгінген. Мамандар күніне 100-150 тұрғынға қызмет көрсетеді.

af798602-defa-4d42-b8a0-5e72516632aa

Операциялық бөлімнің басшысы Әсел Мұханбедьярованың айтуынша, батыстықтар көбіне біржолғы зейнет-ақы төлемін алу мәселесімен есік қағады. Салымшылар инвестициялық табысқа, сондай-ақ жинақтарды жеке басқарушыларға беру мүмкіндіктеріне көп қызығушылық танытуда. Біз зейнетақы жинақтарын мұрагерлікке алу және жерлеуге төлемдер алу тетігін түсіндіреміз. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап бұл төлем 94 АЕК мөлшеріне дейін өсіп, 324 300 теңге болды. Оны отбасы мүшелері ала алады. Қайтыс болған салымшының жерлеуге берілген төлемнен артылған жинағы туыстарына мемлекет заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға беріледі.

«Ашық есік» күндері де дәстүрлі шараға айналған

Облыстық филиалда 1418 байланыс орталығы жұмыс істейді. еnpf.kz сайтында, БЖЗҚ-ның барлық әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрғындарды толғандыратын сауалдарға жауаптар мен танымдық ақпараттар қолжетімді. Цифрлық жаһандануға ұмтылған қоғамда электронды үкіметтің тың жаңалығы да көп. Орталықтың мамандары бірқатар өзгеріс жөнінде құлаққағыс етті. Әлеуметтік кодекс күшіне енгелі бері, орталыққа келушілер легі де жиілеген. Әскери қызметшілер, құқық қорғау құрылымдарының, сондай-ақ еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетке шыққан фельдъегерлік қызметтің жұмысшылары тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе ем алу үшін өздерінің зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалануға

қол жеткізді. Сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушыларға жарнаның міндетті түрлері бойынша жинақтың 50 пайызын және ерікті жинақтардың 100 пайызына дейін сеніп тапсыруға болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Батыс Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері еліміздегі зейнетақы жүйесі туралы сатылап айтып берді. Ең әуелі бюджетке түсетін салық түсімдері есебінен қаржыландырылатын базалық және ортақ зейнетақы түрі, одан кейін жұмыскерлердің міндетті 10 пайыз жарнасы және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер табысының 5 пайыз мөлшеріндегі жұмыс берушілердің кәсіптік зейнетақы жарналары кіреді. Ал үшіншісі жеке және корпоративтік ерікті зейнетақы жарналарын қарастырады. Әр тоқсанның соңында жүргізілетін «Ашық есік» күндерінде мамандар салымшыларға осындай бағытта ақпарат беруді дәстүрге  айналдырған.

Осылайша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының мамандары зейнетақы жүйесі жайлы ақпараттық-түсіндіру шаралары мен осы салада орын алып жатқан өзгерістерді қолданысқа енгізу жұмыстарының қайнаған ортасында жүреді. Қашықтан кеңес алуға да, кеңсеге келіп мамандардың көмегіне жүгінсеңіз де, Қордың есігі тұрғындар үшін әрдайым ашық.

Айзада Берікқызы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале