15.07.2026, 17:30
Оқылды: 5

Зейнеткерге остеосинтез отасы сәтті жасалды

Орал қалалық көпбейінді ауруханасының Травматология және ортопедия бөлімшесінде 71 жастағы зейнеткерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында остеосинтез отасы тегін жасалды.

Обложка ММ (56) (1)

Науқас үйінде абайсызда құлап, қол сүйегінің күрделі буынішілік сынығын алған. Мұндай жарақат күрделі сынықтардың қатарына жатады және шұғыл хирургиялық емдеуді қажет етеді.

– Науқас толық тексеруден өткеннен кейін оған остеосинтез отасы жасалды. Ота барысында сынған сүйек бөліктерінің анатомиялық тұтастығы қалпына келтіріліп, арнайы титан пластинасының көмегімен берік бекітілді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты. Алдағы уақытта оңалту шаралары жалғасады, – дейді Орал қалалық көпбейінді ауруханасының травматолог-дәрігері Асылбек Карекенов.

Отадан кейінгі жағдайы жақсы екенін айтқан зейнеткер дәрігерлерге алғысын білдірді.

– Ота сәтті өтті. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Дәрігерлерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Олардың барлық ұсынымдарын орындап, әзірге емдік жаттығуларды жасап жүрмін, – дейді пациент.

Дәрігерлердің айтуынша, остеосинтез – сынған сүйектерді арнайы металл конструкцияларының көмегімен дұрыс қалыпта бекітуге мүмкіндік беретін заманауи хирургиялық әдіс. Бұл әдіс сүйектің дұрыс бітуіне, аяқ-қолдың қызметін қалпына келтіруге және науқастың қалыпты өмірге тезірек оралуына ықпал етеді.

Сымбат Жанабергенқызы,  

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ

БҚО филиалының бас сарапшысы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале