«Тәрбиелі ұрпақ – келешегі кемел мемлекет»
25 Маусым 2022

«Тәрбиелі ұрпақ – келешегі кемел мемлекет»

Суға кеткен баланың мүрдесі табылды
25 Маусым 2022

Суға кеткен баланың мүрдесі табылды

Мемлекеттік қызметкерлер спорттан бақтарын сынауда
25 Маусым 2022

Мемлекеттік қызметкерлер спорттан бақтарын сынауда

Теректіде «Қымызмұрындық» этнофестивалі өтті
25 Маусым 2022

Теректіде «Қымызмұрындық» этнофестивалі өтті

Маңызды мәселелер талқыланды
25 Маусым 2022

Маңызды мәселелер талқыланды

«Тәртіп орнаса, жүйе де болады»
25 Маусым 2022

«Тәртіп орнаса, жүйе де болады»

13.09.2018, 11:37
Оқылды: 139
Жабыдан жерініп, ағылшын тұқымдас жылқымен қайда барамыз?

Жылқы жарықтық Алаш жұр­тына майдан даласында қызмет еткенді­гін, қолтығында қос қанаты бар қазақы жылқының қашса құтылып, қуса жеткендігін, жарақты жауға қарсы шабатынын көне тарихтың көмбесінен білеміз. Қазір қазақ атқа мініп, жау­ға шабайын деп жатқан жоқ қой. Ендігі бізге керегі – етті әрі сүтті тұқым. Оның үстіне жабының қысқа шыдамдылығы жақсы. Ауданымыз­­да жылқы шаруашылығы жақсы да­мыған. Өткен қыс ұзақтығымен, бір­де аяз, бірде көк мұз болып жылқы малына көп қиындық әкелгенін де жақсы білеміз. Дейтұрғанмен Қам­бар атаны өсіріп отырғандар құ­рық ұстап қалған жоқ. Қай округке барсаң да, дала төсін қасиетті жа­н­уардың тұяқтары дүбірге толтыруда.

9711

Қазталов аудандық ауыл шаруашылығы бө­лімінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 24 472 бас жылқы малы бар екен. Исатай Абулхатин жетекшілік ететін «Жаңа тұрмыс» өндірістік кооперативі, «Бейназар. Б» және «Қам­қор» шаруа қожалығының жетекшілері Бейбіт Өтеғұлов, Мұрат Хасановтар асыл тұқымды көшім жылқысын өсірумен айналысады. Ал «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжанов аралас тауарлы жылқы малын өсіруде. Сонымен қатар ауданымызда Нұр­лан Нұғманов («Екпін» ШҚ), Ғайса Жұ­мағалиев («Қарасу» ШҚ), Рауан Есенғалиев («Бақыт жолы» ШҚ) сияқ­ты кәсіп иелері де дала төсін жыл­қы малына толтыруда. Биылғы жыл­дың алты айлық қорытындысы бо­йынша 6578 бас құлын алынған екен. Бұл өткен жылдың осы уақыт­тарымен салыстырғанда 7,2 пайыз­ға артып отыр. Сонымен қатар 2014 жылдан бері 16 шаруашылық 464 бас көшім жылқысын алып, асылдандыру жұмыстарын жүргі­зуді бастаған. Осыны зерделеп қарасақ, ауданымыздағы жылқы шаруа­шылығымен айналысатын шаруа иелерінде қазақтың жабы тұқымдас жылқысы аз сияқты көрінеді де тұ­рады.

Енді сәл шегініс. Сонау Кеңес дә­уірі кезінде жылқы малына деген сұраныстың азайып кеткен уақыт­тың болғаны да бар. Сөйтіп қазақ­тың жабы тұқымы аза бастады. Осын­дай немқұрайлықтың әсерінен бестісі тайдай, тайы жабағыдай, тұқы­мы азған жылқы пайда бола бастады. Құрығы құтты жылқышылар да көп болған жоқ. Барлық назар ақ қойға ауды. Өйткені ол кезде ақ қойдың жүні алтынмен пара-пар еді. Міне, сөйтіп халқымыздың төрт түлігінің бірі Қамбар ата назардан тыс қалға­ны бар. Қазір заман өзгерді. Жыл­қы­ға деген сұраныс күшейді. Осын­дай сұраныс күшейіп тұрғанда, да­­ла­мызды жабы тұқымына толтыру толғағы жеткен мәселе. Ғылыми негіздемеге сүйенсек, жабы – нағыз қазақы жылқы. Өзге жылқылармен салыстырғанда артықшылығы да көп. Ол жыл он екі ай бойы жайылым­да тебіндеп шығады. Тым қатты бо­ран, аяз болмаса, өз күнін өзі көре­ді. Оның үстіне жылқының бұл түрі денесінің ірілігімен ерекшеленеді. Қоңдылығы жағынан алғанда көп жылқыдан бәсі басым. Ірі жылқы­ның салмағы 450-500 келіге дейін жетеді. Ал биелері тәулігіне орта­ша есеппен 5 литрге дейін сүт береді екен. Осындай қазақтың жабы тұқымды жылқысын өсірсе, ырыс босағаңызға келеді деуге болады.

Өткенде жылқы өсірумен айна­лысқанына 150 жыл болған династия «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжанов­пен кездесіп қалғанымыз бар. Сонда ол: – Атам, әкем, мен, бүгінде балаларым қасиетті жануарды бағумен ке­леміз. Жылқы – біздің жанымыз. Ал бүгінгі күнде шындығы керек, қазақ­тың жабысы азайып бара жатыр. Тіпті көп адам мұхиттың ар жа­ғынан ағылшын тұқымдастарды әкелуде. Әкелсін, өсірсін, бірақ сар даламен етене байланыстағы жабы тұ­қымынан қашқақтамауымыз керек. Осы күнге дейін халқымыз сол жа­бы тұқымын өсіріп келді, – деді. Жылқы өсіруден «дала академи­гі» атанған Бекжановтардың сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов  ауданы

Ұқсас жаңалықтар