Облысымызда шомылу маусымы мен өрт қауіпсіздігіне дайындық жұмыстары басталды. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсанов пен мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Самат Молдашев мәлімдеді.

- Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес өңірде шомылуға арналған 34 орын белгіленді. Оның 13-і коммуналдық болса, 21-і жеке меншік нысан саналады. Қазіргі уақытта жағажай иелерінің өтінімдері негізінде су айдындарының түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Биыл облыста балаларды жүзуге үйрету мақсатында 5 жабық және 34 модульдік қаңқалы бассейн жұмыс істейді. Олар аудан орталықтары мен қосымша білім беру мекемелерінде орналасқан. Шомылу маусымында жедел әрекет ету үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 81 құтқарушы, 26 жүзу құралы, 3 катер және 14 аутокөлік дайындалды. Сонымен қатар 24 жиынтық сүңгуір жабдықтары да әзір тұр. Мамыр айының 20-сынан бастап құтқарушылар қауіпті әрі жабдықталмаған су айдындарында жеті бағыт бойынша тұрақты патрульдік жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Жайық пен Шаған өзендерінің бірнеше аумағында, сондай-ақ Ақжайық, Теректі және Бөрлі аудандарына бақылау күшейтілді. Бұдан бөлек, ТЖМ әскери бөлімінің қызметкерлері де күнделікті кезекшілік атқаруда, – деді басқарма бастығы Бақытжан Ихсанов.
Мамандардың мәліметінше, 2025 жылғы шомылу маусымында облыс бойынша жеті адам суға батып кеткен. Оның біреуі – бала. Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – жабдықталмаған жерлерде шомылу, мас күйде суға түсу, жүзе алмау және балаларды қараусыз қалдыру.
Облыста өрттің алдын алу бағытында жұмыс күшейтілуде. Мамандардың мәліметінше, биылғы 1 қаңтар мен 28 мамыр аралығында облыс аумағында жалпы көлемі 3,4 гектарды құраған екі табиғи өрт тіркелген. Оның екеуі де орман алқаптарында болды.
– Өрт маусымы кезеңінде әуе мониторингін жүргізу үшін «Қаз-авиақұтқару» АҚ-мен 82 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалды. Сондай-ақ Чапай ауылындағы орман шаруашылығы аумағына «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің AS-350 тікұшағы орналастырылып, әуеден патрульдеу жұмысы ұйымдастырылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қарамағында табиғи өртті сөндіруге арналған 186 бірлік техника бар. Оның ішінде негізгі, арнайы және қосымша техникалар қарастырылған. Сондай-ақ өрт сөндірушілерді жедел жеткізу үшін аутобус пен вахталық көліктер дайындалған. Бүгінде облыс бойынша жергілікті атқарушы құрылымдар құрған 36 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Оның 12-сі жыл бойы қызмет атқарса, қалғандары маусымдық негізде іске қосылады. Бұл бекеттер 200-ден астам елді мекенді өрттен қорғауға мүмкіндік береді. Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында 2033 адамнан тұратын 446 ерікті өртке қарсы құрылым құрды. Олар қажетті техникамен және алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілген, – деді мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Самат Молдашев.
Мамандар тұрғындарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе құрғақ шөп пен қоқыс қалдықтарын өртемеу, ашық отты қараусыз қалдырмау және жоғары өрт қаупі кезеңінде орман алқаптарына баруды шектеу қажеттігін ескертеді.
Қолғанат Қожым,
Орал қаласы