24.08.2023, 15:15
Оқылды: 50

«Жайлы мектептерде» отандық жиһаз, аса жоғары жылдамдықты интернет болады

«Жайлы мектептер» толық отандық тауар өндіруші шығарған жиһазбен, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектеп

Көрнекі фото

«Қазір 217 мектептің құрылысы бойынша жер учаскелерін бөлу, қажет құжаттарды әзірлеу, келісу және тағы басқа ұйымдастыру іс-шаралары шешіліп жатыр. Өңірлердің әкімдіктері құрылыс объектілерін қажет инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен, автобус маршруттарымен және аялдамалармен қамтамасыз етеді. Әр мектепке апаратын жол салынады. Әсіресе ірі, орташа және шағын қалаларда әр мектептің жанында міндетті түрде автобус аялдамасы салынады.

Сонымен қатар «Жайлы мектептер» толық отандық тауар өндіруші шығарған жиһазбен қамтамасыз етіледі. Одан басқа, мектептерді салу барысында отандық тауар өндірушінің өнімдері міндетті түрде пайдаланылады. Бұл ұстанымды қадағалау «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе жүргізіледі», - деді ол білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде.

Бұдан бөлек, мектептер жылдамдығы секундына 100 мегабиттен жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі.

«Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қалаларда интернет жылдамдығы 25 мегабиттен аспайды, ауылдарда - 8 мегабит. Әрине, бұл өте жеткіліксіз», - деді Ғалымжан Молдаш.

Сондай-ақ тамыз кеңесі барысында мәлім болғандай, 2026 жылға дейін оқушылар контингенті 4,5 млн балаға өседі. Оқушы орындарының тапшылығы 1,1 миллионға жетуі ықтимал. Қазір Қазақстанда 3,9 млн оқушы бар. 7 700-ге жуық мектеп жұмыс істеп тұр.

Ғалымжан Молдаштың айтуынша, Тәуелсіздік жылдары елімізде мектептер саны 1,6 мың бірлікке азайған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале