Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» екендігін айтып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды тапсырған еді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи талаптарға сай келетін тегін білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша «жайлы мектептердің» көлемі типтік мектептерге қарағанда 15-20%-ға кең, сондай-ақ материалдық-техникалық әлеуеті де төрт есе артық. Мектептерде роботтық техника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 3-4 спортзал қарастырылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. «Жайлы мектептердегі» ең басты жайлылық – эргономикалық кеңістіктің құрылуы. Сондай-ақ «жайлы мектептерде» инклюзиялық білім беруге ерекше көңіл бөлінуде. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жеке санитарлық бөлмелерімен кең кабинеттер қарастырылған. «Жайлы мектептің» тағы бір ерекшелігі, әр блокта оқушылар мен педагогтерге арналған демалыс аймақтарын көруге болады. Мұнда жұмсақ жиһаздар, кітаптар, музыкалық аспаптар мен үстел ойындары қойылған.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдарға облыста 8100 орындық 9 мектеп (300 орындық 2 мектеп, 600 орындық 2 мектеп, 900 орындық 1 мектеп, 1200 орындық 2 мектеп, 1500 орындық 2 мектеп) құрылысын салу жоспарланған. Былтыр жыл аяғында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Орал қаласындағы Деркөл кентінде 1500 орындық №60 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі күнде аталмыш білім ошағында 1500 оқушы білім алуда. Оған қоса, Теректі ауданы, Подстепный ауылында 1200 орындық мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, осы айдың аяғында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Орал қаласының Балауса шағынауданында 1500 орындық №53 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып қалса, Жәңгір хан көшесінде 600 орындық №65 мектептің құрылыс жұмыстары бел ортасына келіп қалды. Ал Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысы 2025 жылдың маусым айында аяқталуы тиіс, – делінген облыстық білім басқармасы берген мәліметте.
Өңірімізде 2025-2027 жылдары 86 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарлануда. Ағымдағы жылы бес білім мекемесіне 4 млрд 166 млн қаражат бөлініп, мердігерді анықтау мақсатында конкурстық іс-шаралар рәсімделуде. Қалған мектептерге жөндеу жұмыстарын өткізу және пәндік кабинеттерді жабдықтау 2025-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Суреттер сайт архивінен
2025 жылы 19 білім ошағына (5-еуі күрделі, 14-і ағымдағы жөндеу), 2026 жылы 40 (оның 9-ы ағымдағы жөндеу, 31-і күрделі жөндеу), ал 2027 жылы 27 мектепке (оның 7-еуі ағымдағы жөндеу болса, 20 нысанға күрделі жөндеу), жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Биыл Ақжайық ауданындағы Ғ. Махамбетов атындағы ЖОББМ-ға, Бәйтерек ауданына қарасты «Белес» мектеп-бөбекжай-балабақшасы кешеніне, Казталов ауданындағы «Қараөзен» мектеп-лицейіне, Жаңақала ауданына қарасты Д. Нұрпейісова атындағы және Шыңғырлау ауданына қарасты Л. Қылышев атындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жүргізілмек.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»