8.11.2019, 10:27
Оқылды: 1896

Жайығымызды жаутаңдатпайық!

Орал тауының оңтүстік сілемдерінен бастау алатын трансшекаралық Жайық өзенінің жалпы ұзындығы – 2 534 шақырым. Оның 1 084 шақырымы Батыс Қазақстан және Атырау облыстары арқылы ағып өтіп, Каспий теңізіне құяды. Соңғы жылдары өзен арнасындағы су деңгейі айтарлықтай төмендеді. Мұны сала мамандары растап отыр.

Елу жылда бұлай төмендемеген

Жайықтың мол су жинайтын тұсы орман алқабы кең Ресей Федерациясында. Көрші ел аумағындағы Верхнеуральск, Магнитогорск және Ирикла қоймалары Жайықтың суымен толтырылады. Оның ішіндегі ең ірісі – Ирикла су қоймасына жыл сайын 3 млрд. 254 млн. текше метр су жиналады. Жайыққа нәр беріп отырған Сақмар өзені Башқұртстаннан келіп құяды. Өзенге құйылатын орташа жылдық ағын (сток) көлемінің 60 пайызы Сақмар суы есебінен толығады. Қазақстанның аумағындағы Шаған, Елек өзендерінен басқа Жайықты нәрлендіретін су көзі жоқ. Каспий маңындағы жартылай шөлейтті аймақтан өткенше жылдық ағынның 20%-ын жоғалтады екен.

jaiyq (1)

– 2013 жылы Ресейдегі Ирикла қоймасы лық толды. Өзен суы арнасынан асты. Бірақ соңғы жылдардағы Жайықтың жайы мәз емес. Су деңгейінің түсуі апатты жағдайға жетті. Өзеннің орташа деңгейі 594 см болса, биылғы көктемде Көшім бекеті тұсында су деңгейі 240 сантиметрге дейін төмендеді. Мұндай көрсеткіш 50 жыл бұрын болған. Биыл өзен ағыны өте баяу, секундына 62 текше метр шығынмен ағуда, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Марат  Машекенов.

М. Өтемісов атындағы БҚМУдың ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қажымұрат Ахмеденов Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да қызмет еткен кезінде ҚР География институты өкілдерімен бірлесіп, 2015-2017 жылдары аймақтағы су ресурстарын зерттеген. Жоба ауқымында Жайық өзені бассейніне кешенді зерттеу жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде гидрологиялық және гидрохимиялық ақпараттар  алынды.

ahmedenov

– ҚР Үкіметінің 2004 жылы 21 қыркүйекте «Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің тізімі және ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілеріндегі шаруашылық қызметті реттеудің құқықтық режимінің ерекшеліктері туралы» №59 қаулысы бекітілді. Үкімет қаулысында көрсетілген барлық талапқа сай келгенімен, Жайық өзені ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысанына жатқызылмады. Сол себепті өзеннің экологиялық ахуалына жеткілікті назар аударылмай келеді, – деді Қажымұрат Ахмеденов.

Ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының тізіміне Каспий теңізі, Балқаш пен Зайсан көлдері, Алакөл көлдер жүйесі және Ертіс өзені енген. Оларға мемлекеттік экологиялық сараптама мiндеттi түрде жүргiзiліп отырады. Табиғи су кешенiнiң су нысандарындағы судың деңгейiн белгiленген шектi белгiден төмен болмайтындай деңгейде сақтау, балық ресурстарын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесiн сақтау және ұдайы молайтуға, экологиялық құқық тәртiбiн нығайтуға көңіл бөлінеді.

Ғалымның сөзінше, Жайық суының тартылуына табиғи құбылыстар мен климаттық өзгерістер де әсер етеді. Ұзақ жылдар бойына созылатын ылғалдылық және құрғақшылық кезеңдері алмасып отырады. Дегенмен адам қолынан болған және техногендік процестер салдарынан да су қоры азая түседі.

Профессор зерттеу еңбегінде «Қазгидромет» РМК-ның 20082018 жылдардағы Жайық суы сапасына қатысты (трансшекаралық Январцев бекетіндегі) талдауларды келтірген. 2012-2013 жылдардағы талдау көрсеткіштерімен су сапасына «таза» деген баға беріледі де, қалған жылдары «қалыпты ластану» деңгейін көрсеткен. Он жылдың ішінде нитритті азот пен темірдің, фенол мен магнийдің шектеулі түрде рұқсат етілген концентрациясынан (ПДК) асып кетіп отырғаны анықталды. Мәселен, фенол – улы кристалды зат. Оның ерітіндісін антисептик ретінде қолданады. Тағам өнімдеріне зиянды. Сондықтан су құрамының нашарлауына байланысты алаңдауға негіз бар. Профессор антропогендік фактор ықпалымен Жайық суының гидрологиялық режимінің бұзылуы орташа жылдық ағын көлемінің азаюынан деп есептейді.

Електі елемей болмайды

Қажымұрат Ахмеденов Жайықтың жоғарғы ағысы өтетін Башқұртстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Челябинск және Орынбор облыстарындағы, еліміздің Ақтөбе облысындағы өнеркәсіп ошақтары мен кен орындарын негізгі ластаушы көздер деп санайды. Ресей аумағында Жайық өзені бойындағы су қоймаларымен қатар 80 су торабы мен 3200-дей жер асты бөгеті салынған. Көрші ел тарапынан Сақмар суының есепсіз пайдаланылуы мен Жайықтың жоғарғы ағысы бойындағы су қоймаларынан су жіберуді шектеу «қазаншы-ның еркі бар…» деген мақалдың астарын аңғартады. Орынбор облысында түрлі қажеттілік үшін орташа есеппен Жайықтан жылына  2 текше шақырым су пайдаланылады. Бұл еліміздің БҚО және Атырау облыстары пайдаланатын (1,9 км3) су көлемінен артық. Өзен бойындағы индустриалды қалалардың кәріз жүйелерінен құйылатын сарқындылар, елді мекендерден шығарылатын тұрмыстық қалдықтар өзеннің экожүйесіне кері әсерін тигізуде.

jaiyq (10)

Профессордың зерттеуінше, Жайық суымен облыс аумағына 4,44 млн. тонна ерітінді заттар мен әр түрлі қоспалар ағып келеді. Өзен суындағы тұз қабатымен 1,77 млн. тонна хлор, 73,5 мың тонна органикалық зат және 1,20 мың тонна ауыр металл ерітінді күйінде ағады. Ресей Федерациясындағы Башқұрт мыс-күкірт зауыты, Магнитогорск металлургиялық зауыты, Орск өндірістік торабы, Медногорск қаласындағы мыс өндіретін орын және ондаған тұрмыстық-коммуналдық кәсіпорын мен зауыттар Жайық бойында орналасқан. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жыл сайын Орынбор облысының аумағында өндіріске 839,79 млн. текше метр және тұрмыстық қажеттілікке  67,52 млн. текше метр су жұмсалады. «Орынбор облысының қоршаған ортасының жағдайы және оны қорғау туралы» мемлекеттік баяндамада 2016-2018 жылдары «Жайық өзені – Елек ауылы» тұсынан алынған тұстамалар (створ) 3 «б» сынып көрсеткішін, яғни өзен суының «өте ластанғанын» көрсеткен. Ресейдегі Елек селосы – Қазақстан шекарасына жақын  орналасқан  елді  мекен.

Жайықтың сол жақ бетінен қосылатын және бір трансшекаралық өзен Електің экологиялық ахуалын елемеуге болмайды. Ақтөбе хром қоспалары зауыты мен Алға қаласындағы бұрынғы химиялық зауыттың қалдық қоймасы әсерінен Електен мырыш пен мыс, алтывалентті хром мен бор иондарының мөлшерден тыс шоғырлануы байқалған. Былтыр Ақтөбе облысындағы Елек өзенінің жоғары дәрежеде ластануының 40 жағдайы тіркелген.

Қажымұрат Ахмеденов 2017  жыл мен 2019 жылдың І тоқсанындағы «Қазгидромет» РМК-ның ақпараттық бюллетеньдеріндегі мәліметтерді саралай келіп, Жайық өзені мен оның салалары Деркөл, Шаған, Елек, Шыңғырлау, Көшім арнасы суының сапасы «қалыпты ластану деңгейінде» екенін жазған. Талдаулар күзгі маусымда Шағанда сульфаттың жоғарғы  концентрациясын  көрсеткен.

Ендігі үміт – Трекинде

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы Үкіметтері арасында трансшекаралық су қорларын өзара тиімді пайдалануға, оның қатарында Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтауға қатысты бірнеше құжат қабылданған. Бірақ Қажымұрат Ахмеденов екі мемлекеттің Жайық өзенінің экологиялық ахуалына байланысты арнайы бағдарлама жасақтап, кешенді зерттеу жүргізуі маңызды екенін айтты.

jaiyq (5)

– Ресей тарапынан су жіберу көлеміне, оны тиімді пайдалануға байланысты Башқұртстан Республикасы мен Челябинск, Орынбор облыстарының әкімдіктері арасындағы ынтымақтастық жайы аса мәз емес. Біздің өңірден қарағанда, географиялық белдеу бойынша Орынбор солтүстікте орналасқанымен, ылғал жетіспейтін аймақ болып есептеледі. Ал өзеннің төменгі ағысында орналасқан Атырау облысында су тапшы екені және мәлім. Жайық өзені бассейнінің экожүйесіне байланысты зерттеулер әр аймақ, әр сала бөлекбөлек жүргізеді. Кейбір зерттеулердің жүргізілгеніне 30-40 жылдай уақыт өткен. «Нақты мына кәсіпорын ластап жатыр» деген ортақ тұжырым жоқ. Бірақ ғылыми талдау жұмыстары өзен суымен өндіріс қалдықтары ағып келетінін көрсетіп отыр. Сондықтан Жайықтың бойындағы өндіріс ошақтарының босатқан қалдық суына гидрохимиялық талдау жасап, өзен суы құрамымен салыстыру керек. Химиялық элементтердің экожүйеде таралу жолын, өзендегі тірі ағзаларға әсері қалай болып жатқанын  зерттеу қажет,  – деді ғалым.

Профессор ресейлік және қазақстандық бассейндердің ластануының ортақ бағалау әдістерін шығаруды, су сапасын талдау үшін қосымша бақылау пункттерін орнатуды ұсынған. Ғалым  Орынбор облысындағы Сладсков-Заречный мен Батыс Қазақстан облысындағы Чинарев мұнайгаз кен орындарының өзеннің орта ағысының экожүйесіне және жер асты суы-на қауіп төндіріп жатқанына алаңдайды.

Облысымызда Жайық, Шаған, Деркөл атты үш ірі және 30 шақты шағын өзен бар. Батыс Қазақстан облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы Нұргүл Исмаилованың айтуынша, Жайықтың экологиялық ахуалының төмендеуі гидрогеологиялық режимнің сақталмауы мен өзен суының азайып кетуіне байланысты.

jaiyq (13)

Өзендерді кәсіпорындар мен тұрмыстық қалдықтар, өндіріс ошағы аумағындағы ағынды сулар ластайды. Жыл мезгілдеріне байланысты жер үсті суларының құрамы өзгеріп отырады. Ірі өзендер суына ай сайын сынақ зертханасында эколог мамандар биохимиялық талдау жүргізеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Жайық суының ластану индексі – 1,46-ны құрап, су сапасы 3-сынып деңгейінде, яғни «қалыптыластану деңгейі» деп бағаланған.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында өзен нормативті таза деп көрсетілген. Өткен жылғы  кезеңмен салыстырғанда, тұзды аммоний, сульфат, хлорид бойынша болмашы ластану байқалған.

«Қазгидромет» РМК облыстық филиалы да ай сайын Жайық өзенінің гидрохимиялық құрамын тексеріп отырады.

– 2018 жылға дейін судың ластануының комбинаторлық индексі бойынша зерттеп келдік. Биылдан бастап еліміздегі су объектілерінде су сапасын жіктеудің бірыңғай жүйесі бекітілді.

Су сапасы стандарттары 1-5 сыныптық өлшеммен бағалануда.

Егер ластану деңгейі осы көрсеткіштен асып кетсе, су пайдалануға жарамсыз болып есептеледі. Тамыз айында Орал қаласынан 0,5 шақырым жоғары және 11,2 шақырым төмен орналасқан гидробекеттерден және Бәйтерек ауданындағы Январцев ауылы тұсынан сынамалар алынды. Январцев бекетіндегі сынама 5-сыныпты су сапасын көрсетті. Су құрамында темірдің мөлшері артық (1,3 ПДК). Орта есеппен үш секция бойынша су сапасының бірыңғай жіктеуіші 4-сынып деңгейінде бағаланды. Өзендегі тұндырылған қатты заттар көрсеткіші литріне 22,6 миллиграмм құрады. Оның себебі – өзен суы деңгейінің өте төмен болуынан. Ауыз су ретіне терең тазартып қолдануды қажет етеді, – деді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының инженер-химигі Гүлдария Хамитова.

«Қазгидромет» зерттеуінше, 2017 жылдың 17 қазанында Орал қаласы гидробекеті тұсындағы Жайық өзенінің тереңдігі 85 см болса, биыл сол күні  25 см-ге дейін төмендеген.

Жайықтың тартылуы Орал қаласына ауыз су тарататын «Батыс су арнасы» ЖШС-ның жұмысына да әсер етуде. Серіктестіктің бас директоры Қайырғали Имашевтың айтуынша, оралдықтар тәулігіне 55 мың текше метр су пайдаланды. Соның 33 мың текше метрдейі Жайық суынан алынады. Су деңгейінің қатты төмендеуіне байланысты биыл су айдайтын станцияны қайтадан орнатуға тура келген. Өзеннің кәсіпорын қалдықтарымен ластанып жатқанын тілге тиек еткен Қайырғали Имашев екінші су көзі – қаладан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Трекин ауылында жер асты су қорынан су тартуды ұлғайту көзделуде екендігін айтты. Мамандар зерттеуінше, Трекинде 29 жылға жететін су қоры бар. Ол жерде әрқайсысы тәулігіне 1500 текше метр су өндіре алатын 33 ұңғыма орналасқан. Бірақ ұңғыма құбырларының ескіріп, тозуына байланысты қазіргі кезде әрқайсысы тәулігіне 500 текше метр су тартуда. Қалаға қоныстану көбейген сайын ауыз суға да қажеттілік көбеюде. Егер жаңа Ақжайық шағынауданы бой көтерсе, 13-15 мың текше метр су қажет болады.

Киров-Шежіннің өзі кіріптар

Жайық бойында облыстағы 87 елді мекен орналасқан, яғни облыс тұрғындарының 80 пайызы мекендейді. Өзен аңғарында Бударин және Кирсанов қорықшалары бар. Облыс аумағында Жайыққа құятын Шаған мен Барбастау өзендері қар суымен толығады. Екеуінің деңгейі де биыл қатты төмендеді. Жайық Каспий теңізіне дейін шөлейтті дала арқылы өтеді. Биыл Атырау облысындағы Индер, Махамбет аудандары тұсы қатты тартылып, лайланған.

galidolla

– 2006 жылдан бері су ағысының аз болуына қатысты цикл жыл сайын қайталануда. 2016-17 жылдары су деңгейі көтерілді. Кейін қайтадан түсіп кетті. Мәселен, Ресейден 2017 жылы 9,7 миллиард, 2018 жылы 5,8 миллиард текше метр су босатылса, биылғы 7 айда 2,7 миллиард текше метр су келді. Жайық суының тартылуына байланысты көрші елге іссапармен бардық. Ресейліктер тарапынан да су тапшылығы аңғарылады. Жыл сайын Ирикла су қоймасының өзіне 1,2 млрд. текше метр су келу керек еді. Биыл Ириклаға 200 миллион текше метр ғана су келген. Жайық қар суымен толығатыны мәлім. Былтыр қыста қардың мөлшері (нормасы) екі есе болды. Бірақ күздің соңы, қыстың басында тоң қалың қатпай, қар тез сіңіп кетті, - деді Атырау қаласындағы су ресурстарын реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидоллин.

Инспекция басшысының мәліметіне қарасақ, өзенінің бассейнінде 4698 су айдыны (көлдер, тоғандар және су қоймалары) бар. Олардың 98%-ының алаңы, кемінде, 1шаршы шақырым.

БҚО аумағында Жайық өзені ағынының 60-80%-ы қар суынан, 2-12%-ы жаңбырдан, 13-38%-ы жер асты суларынан толығады. 1967-2018 жылдар аралығында Орал қаласы тұсындағы Жайық өзенінің ең жоғарғы деңгейі 1994 жылы 853 см, ең төменгі деңгейі 1967 жылы 266 см болған. Биыл 240 сантиметрге дейін таязданған. Соңғы онжылдықта өзен деңгейінің 7 метрден асуы 2011 жылы байқалған.

shynbolat qazsushar

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас инженер-гидротехнигі Шынболат Ермағамбетовтің айтуынша, биыл су тасқынын өткізу мерзімінде облыстағы су қоймаларына, тоғандарға және басқа да су айдындарына суды жеткілікті мөлшерде жинақтау үшін көлтабандарына су шығару шектеліп, жүйе бойында орналасқан көлтабандарының бес пайызына ғана су босатылған. Оның берген мәліметіне сүйенсек, Жайық пен Қараөзен және Сарыөзендердегі су тапшылығы салдарынан облыстың оңтүстік-батыс аумағындағы экологиялық жағдай қиындап, Ақжайық, Қазталов және Жаңақала аудандарының халқын және мал шаруашылығын сумен қамтуға қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Кәсіпорын мемлекетаралық маңызы бар Сарыөзен мен Қараөзендегі су шаруашылығы нысандарын, Жәнібек суармалы-суландыру жүйелерін, облысаралық маңыздағы Жайық-Көшім суармалы-суландыру жүйесі мен трансшекаралық Шаған өзеніндегі су қоймасын пайдаланады.

Нижне-Волжск бассейндік су басқармасы (БВУ) су ресурстары бөлімінің ақпараты бойынша қазан айында Ирикла су қоймасынан секундына 14,8 текше метр шығынмен 2,423 млрд. текше метр су босатылған. Жайық-Көшім суармалы-суландыру жүйесінде орналасқан төрт су қоймасына 68,73 млн. текше метр су жиналған,  яғни 26,40%-ы ғана толтырылған.

jaiyq (4)

Жаз мезгілінде Жайық-Көшім жүйесі арқылы Ақжайық, Жаңақала, Тасқала және Қазталов аудандарының аумақтары суландырылды. Сонымен қатар жазғы-күзгі мезгілде санитарлық-экологиялық мақсатта Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Борки, Аққұс, Чапаев, Алғабас, Оян, Қарағай, Бейістерек елді мекендеріне су берілді. Және де үш ауданның елді мекендерінің «Таза су» құрылғыларының қалыпты жұмыс жасауы үшін жаз айларында Көшім өзені арнасының деңгейі сақталды. Бірақ су тапшылығы салдарынан Первомай магистральді арнасындағы ағыс баяулап, Болдырев, Қосшығыр, Бітік елді мекендеріне күзгі-қысқы мерзімге арналған суды беру үшін насос қондырғыларын пайдалануға мәжбүр етті.

2016 жылдан бері Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің Көшім өзеніндегі Киров су қоймасынан шығатын Киров-Шежін магистральді арнасы 2,4 млрд. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Магистраль жылына 50 миллион текше метр Жайық суы Қараөзенге құйылып, Ресейдің Еділ өзенінен босатылатын суына жұмсалатын қаржы үнемделуі тиіс еді. Биылғы мамыр-маусым айларында Киров-Шежін арқылы Қараөзенге 13,565 млн. текше метр ғана су берілген. Су деңгейінің төмен түсуі биыл бұл жобаны толық қуатында іске асуына мүмкіндік бермеді. Қазіргі кезде Киров-Шежін магистральді каналының бойындағы құрылғысы ашылып, Киров каналымен Алғабас ауылдық округіне су берілген.

Өздігінен судың баруы нашар, жетпеген жағдайда сорғымен (насоспен) су айдауға тура келген.

Қазан айының 26-сы күні Ресейге іссапармен барған ҚР Парламенті Сенатының төрайымы Дариға Назарбаева Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенкомен кездесіп, Жайықтың экологиялық ахуалына кешенді зерттеу жүргізу үшін екіжақты комиссия құрып, мемлекеттік бағдарлама  жасауды ұсынған. 2016 жылы «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі келісімге» қол қойылған. Сенат спикері құжат негізінде өзара іс-қимылды бастауға шақырған. Үкіметаралық деңгейде көтерілуі тиіс мәселенің шешімі табыларына Жайық бойындағы бір қауым ел үміт артып отыр. 

Нұртай Текебаев

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале