5.12.2023, 12:00
Оқылды: 1099

«Жайық Преске» алқаусыз арналған 3 жыл, 3 ай, 20 күн...

 

Өткенде Табылғали Сатқалиұлы Сапаров өзінің қалауымен қызметтік миссиясын доғарды. «Отырыңқырайтын шығар...» – деп ойлайтынбыз. Бірақ өзі айтқандай, «Медиахолдингтің жұмысын жолға қойып, журналистердің жағдайын шүкірге бұрсам деген арман-мақсаттарым бар. Соны орындасам, болды! Өзім өтініш беріп, босаймын» – деген уәдесінен аспады. Сөйтіп «Жайық Престің» жалауын биіктен желбіретемін деп барлық жанын салған 3 жыл, 3 ай, 20 күн қас қаққанша зымырап өте шығыпты.

сапаров1

Шындығына келгенде, біздер журналистер үшін Табылғали Сапаров аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жан емес-тұғын. Көбіміз оны қырық жылдан астам уақыттан бері білетінбіз. Облыстық комсомол комитетінде жұмыс істеген бір кездегі жас қайрат. Чапаев аудандық комсомол комитетінде аудан жастарының «көсемі». Тасқала, Зеленов, Приурал, Казталов аудандарында бұрында бірінші,  екінші хатшы, кейін әкімі болып, басшылық жұмыстардың қазанында әбден «қайнаған».

ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып та сайланған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. БҚО әкімінің орынбасары, облыстық мәслихаттың хатшысы сияқты жауапкершілігі зіл батпан жұмыстардың жүгін абыроймен арқалаған. Қай жерде еңбек етсе де, сөзі мен ісіне, уәдесіне берік, алған бетінен қайтпайтын турашыл, әділдігімен ерекшеленетін, қай қызметте болса да, өзіндік қолтаңбасын қалдырған, қарапайым халық жоталы істерін әлі күнге ұмытпай  айтып  келе  жатқан  санаулы  басшылардың  бірі.

Бәрі  де  есте. Сонау бір жылдары Т. Сапаров облыс әкімінің орынбасары болып келгенде Орал қаласындағы саяси ахуал бұрқ-сарқ қайнап жатты. Коммунистер бір жақ, «Поколение» бір жақ, «Казачество» бір жақ, «Азат» бір жақ болып, қырық пышақ айтыс-тартыс, жағдай шырқау шегіне жетіп тұрды. Жер-жерде митингілер, жиындар. Тыныштық пен тұтастықтан гөрі көкейлерін басқа мақсаттар тескен кейбіреулер қалалық кеңес депутаттығына өтіп кетіп, қала әкімінің жұмысына көптеген қиындық туғызумен болды. Сапаровқа күн санап ушығып бара жатқан осынау саяси айтыс-тартыстың жалынын бәсеңдетіп, барлық мәселені бейбіт жолмен шешу тапсырылған еді. Сапаров мұны қалай шешті? Ол үшін сайлау округтері шеңберінде 11 жерде қоғамдық-муниципалдық бірлестік (ОМО) ашты. Арыз, ұсыныс сол  жерлерге беріледі. Онда арнайы отырғызып қойған адам арызбен, ұсыныспен келген адамды қабылдайды, тыңдайды, арызын тіркеп, алып қалады. Кейін оны қала әкімдігіне жеткізеді. Нәтижесі, жауабы міндетті түрде хабарланады. Әрине, бұл жұмыстар тап сол кездерде үлкен қиындықтармен жүрді. Айтыс-тартыстармен өтті. Айналып келгенде, қала тұрғындарымен қарым-қатынас, өзара түсіністік қалыптасты, билік-тің беделі артты. Сол жылғы қалалық, облыстық мәслихаттар сайлауы жоғары деңгейде өтті. Депутаттар барлық құрылымнан бірдей сайланды. Ең бастысы, қалада саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім орнады. Бүгінде «Еститін үкімет» деп жүргенімізді Сапаров сонау, 2002  жылы  Оралда ашқан еді...

Бәрі  де  есте. Онда Табылғали Сатқалиұлы облыстық мәслихаттың хатшысы.

2004 жылы облыстың сол кездегі әкімі Н. Әшімов облыс бюджетін 3 млрд теңгеге қысқарту керек деп қаһарына мінді. Егер бюджет мұндай сомаға қысқарса, облыста құрылыс салу, жөндеу жұмыстары қаңтарылатын еді. Сапаров облыстық мәслихат депутаттарын жұмылдырып, елдің сол кездегі Премьер-министрі Д. Ахметовке үндеу жолдады. Оны да місе тұтпай, өзі Д. Ахметовке аяқтай барып, қабылдауында болып, мән-жайды ақи-тақи түсіндірді. Соның арқасында 3,2 млрд теңге субсидия алып және жыл сайын республикалық бюджеттен облысқа құрылыс салуға 3 млрд теңге  бөлінетін  болды.

Бәрі  де  есте. Облыстық мәслихаттың хатшысы еді. Кезекті бір сессияда Қарашығанақтағы ҚПО-ның қоршаған орта мен экологияға тигізіп жатқан зардаптарын мәселе етіп көтерді. Көп ұзатпай келесі сессияға материал дайындайтын комиссияны да  құрып жіберді. Оның төрағалығына өзі, орынбасарлыққа Қазыбай Бозымов сайланды. Комиссия білекті түріп бірден іске кірісті. ҚПО дегеніңіз оңай алдыратын «жау» емес, құр айқаймен ештеңе бітпейтінін біліп, ауыл шаруашылығы университетінің ғалымдары мен зертханасын жұмысқа жұмылдырды. Сөйтіп, ҚПО-ның қоршаған ортаға тигізіп жатқан зиянын материалдармен тайға таңба басқандай дәлелдеп, 5 млрд теңге айыппұлды мойындарына ілді. Облыстық мәслихаттың шешімі ойыншық емес, айыппұлды бір теңгесін  қалдырмай  төлетті.

Бәрі  де  есте. Тап сол жылдары құны 7 миллиард теңге тұратын Орал қалалық жылу-электр орталығы үшін жан беріп, жан алысқан айқас болды. Сол орталықты біреу бар-жоғы 300 миллион теңгеге сатып алған. Әрине, оның бәрі астыртын жүрген. Бұдан сол кездегі облыс әкімінің хабардар болғанын, тіпті сатып алған адамға қарсы болмағанын жоққа шығару мүмкін емес! Депутаттар мұны соңғы сәтте білді. Сол сәтінде кезектен тыс сессия шақырылды. Онда бір-ақ мәселе – Орал жылу орталығының заңсыз сатылып кеткендігі туралы талқыланады. Үндеу қабылданып, Президентке дейін жеткізуге бел байланды. Жылу орталығын сатып алған адамның өкілі банкир Темірәлиев Оралға шұғыл ұшып келді. Сатып алушылар бұрынғы Президенттің күйеу балалары екен. Кейін Рахат Әлиевтің қолынан қаза табатын банкирмен Сапаров бастаған депутаттар қызу айтысты... Өкіл болып келген Темірәлиевтің қалта телефоны қайта-қайта шырылдайды. Ол болса,  әлсін-әлсін дәлізге шығып сөйлесіп, түсі қашып қайтып келеді. Сірә, екі оттың ортасында қалған байғұсты ана жақтан Әлиевтер «Орталықты алмай келме!» деп қысып жатқан шығар... Әйтеуір оның түрі өте аянышты еді. Оған қарайтын депутаттар ма, өре түрегеліп, өліспей беріспеуге бар жандарын салды. Мәселе бұлай ушығады деп ойламаса керек, орталықты астыртын сатып алмақшы болғандар ақыры құйрықтарын қысты. Бес күннің ішінде жылу орталығы өз меншігімізге  қайтарылып  алынды.

Иә, бәрі де есте. Табылғали Сапаров «Жайық Пресс» медиахолдингіне бас директор болып келгенде журналистер (ішінде осы жолдардың ауторы да бар) айран асыр болды. «Апырмау, мамандығы журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жанның бұл жерге келуі қалай?» – деп таңғалдық. Негізгі мамандығы – зоотехник болатын. Оның үстіне «Өте қатал, талапшыл, айтқанынан қайтпайтын, бір беткей» – деген хабарлар дүңкілдеп жатты. Шындығын айтқанда, Сапаровтың бұл «сапарынан» біз тап бір «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» күте қоймағанымыз рас еді. Сонымен, алғашқы танысу жиынымыз өтті. Онда Табылғали Сатқалиұлы, ең алдымен, журналистердің жұмыс жағдайын, материалдық ахуалын бірінші кезекке қоямын деді. Бас редакторымыз Бауыржан Ғұбайдуллин мен журналистер талай жылдан бері айта-айта шаршаған айлық жалақы мен қаламақыны көтеремін дегені де жақсы хабар болғанымен, көңілге сенім ұялатпағанын жасырмаймыз.

Тіпті аудандарға іссапарға, қала ішіндегі шаралар мен жиналыстарға журналистер жаяу бармайды, арнайы  көліктері болады деді. Газет шығатын күндері түнге қалатын қызметкерлер мен кезекшілер жұмыстары біткесін үйлеріне кезекші көлікпен тасымалданады деді. Еңбек демалысына шыққанда бір айлық жалақы көлемінде қосымша төлемақы төленеді дегені, бізге ертегідей естілді. Өйткені «Басшылар уәде беруге келгенде алдарына жан салмайды ғой...» деген күдік көңілімізді  кеміріп  жатты. Сапаров уәдесінде тұрды. Әуелі, журналистердің жалақысын көтерді. Және оны дүркін-дүркін көтеріп, журналистердің айлығы бұрынғыға қарағанда (үш жылдың бедерінде) екі есе өсті. Одан соң қаламақыны көтерді. Тынымсыз ізденіп, талмай жазатын журналистер енді айлық жалақысына қоса, 80-120 мың теңгеге дейін қаламақы алатын болды. Осы арада бас директор Табылғали Сапаров журналистердің қаламақысына қатысты тағы бір жағымды жаңалық енгізді. Үздік материалдарымен көзге түсіп, оқырмандардың назарын аударған тілшілерге әр апта сайын сол материалына көтерме сыйақы (қаламақыға қосымша) қолма-қол төленіп келеді. Ал қатарынан суырылып, алға шығып еңбек еткен, редакция басшылығының тапсырмасын жедел, сапалы орындаған қызметкерге әр айдың қорытындысымен айлық жалақысының 25 пайызы сыйлық ретінде тағы беріледі. Тоқсан сайын төленетін сыйақыны да бұларға қосып қойыңыз.

Еңбек демалысына шыққан қызметкер айлығы көлемінде материалдық көмек алатын болды. Осы үш жылдың ішінде редакцияларға жол талғамайтын шетелдік көліктер алынды. Олар таңертеңгісін қызметкерлерді жұмысқа алып келеді, кешкісін үйлеріне апарып салады. Қала ішіндегі іс-шараларға тілшілер бұрын жаяулап-жалпылап тарта беретін. Бүгінде оларды анау шетелдік көліктер алып барып, алып келеді. Іссапарларға да сол көліктер дайын тұрады. Әсіресе, шығажақ  газетке кезекші болатын қызметкерлердің айы оңынан туды. Оларды жұмыстан қай уақытта шықса да, кезекші көліктер үйлеріне жеткізеді. Компьютер, диктофон сияқты журналистердің «қолқанаттары» алынды. Сөйтіп, Табылғали Сапаров өзінің берген уәдесін толығымен орындады.

 *      *      *

Үш жыл, үш ай, жиырма күн журналистердің жағдайын қайтсем жақсартамын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимеген Табылғали Сапаров жай кеткен жоқ. Орнына жас кадрды тәрбиелеп кетті. Ол – «Жайық Престің» төл перзенті Дархан Зайноллаұлы Оразов. Осыдан он бес жыл бұрын осында қатардағы қызметкер оператордан еңбек жолын бастаған. Содан опалы қызметімен сатылап өскен, бас директордың орынбасарлығына дейін көтерілген. Ұжымның көз алдында келе жатқан жас жігіт. Сыйлы. Орнықты сөзімен, көркем мінезімен ерекшеленіп тұратын оны журналистер  өз адамы санайды. Ал Табылғали Сатқалиұлы Сапаровтың есімі ғасырдан астам уақыттан бері шығып келе жатқан «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің тарихында жазылып қалатыны даусыз.

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале