15.09.2026, 12:00
Оқылды: 27

Жайық жағалауы жаңғыртылып жатыр

Қала күніне орай шаһарға Түркия, Ресей және Әзірбайжаннан арнайы келген делегация  Жайық жағалауын жаңғырту жұмысы жөніндегі ақпаратқа қанық болды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Ресей Федерациясы Орынбор облысының вице-губернаторы Антон Ефимов, Әзірбайжан Республикасы Мингечевир қаласы атқарушы билік басшысының орынбасары Фарид Мамедов және басқа да шетел меймандарына жоба-жоспар жөнінде баяндады.

DSC03891

Бүгіндері Чичерная көшесінен Шамсутдинов кемежайына дейінгі аумақта ұзындығы 669,6 метр болатын жағалауды нығайту және абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Жобаның құны – 1,7 млрд теңге. Қазіргі уақытқа дейін 1,4 млрд теңге қаражат бөлінген. Жағалаудың 383,6 метрін «TuranStroyServis Group» ЖШС, 286 метрін «Барыс Нур» ЖШС бекітуде. Жобаны биыл аяқтау жоспарланған.

Жағалаудың жаңа келбеті қазірдің өзінде көз тартады. Аумаққа төсемтастар төселіп, жарық шамдар қосылды. Тұрғындардың тынығуына арналған орындықтар қойылып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бұл учаскеде су басу қаупін азайтып қана қоймай, Жайықтың бойын қала тұрғындары мен қонақтары серуендейтін   демалыс аймағына айналдыруға мүмкіндік туып отыр.

Қонақтарға жобаның жүзеге асырылу барысын таныстырған облыс әкімі жағалауды абаттандыру жұмысы мұнымен шектелмейтінін атап өтті. Жеңіс алаңы мен жаңғыртылған жағалау аралығындағы шамамен 800 метр бөлікті нығайту көзделген. Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес, келесі жылы осы тұстағы аумақты абаттандыру жұмысы басталып, жаңа экосаябақ құру жоспарланып отыр. Осылайша Жайық жағалауы біртұтас қоғамдық кеңістікке айналып, қаланың туристік әлеуетін арттыруға да жол ашпақ. Былтыр жаңғыртылып, халық игілігіне берілген Жеңіс алаңы маңындағы демалыс орнын да делегация тамашалады. Бүгінде бұл аумақ қала тұрғындарының серуендеп, тынығатын сүйікті орындарының біріне айналып келеді.

Қала көркін арттыру жаңа нысандар салумен шектелмейді. Көгалдандыру мен жасыл желекті көбейту де шаһардың экологиялық ахуалына тікелей әсер етеді. Осыған орай Нариман Төреғалиев қонақтармен бірге Некрасов атындағы тынымбаққа барып, ағаш көшеттерін отырғызды.

Ресейлік тарап «Жайық-Орал» экологиялық экспедициясының 30 жылдығына орай Оралға 30 түп тау гүлін тарту етті. Бұл – жасыл желекті көбейтуге бағытталған символдық әрі тағылымды сый. Облыс әкімі көрші ел өкілдеріне ризашылығын білдірді. Атап кетейік, көшет отырғызу жұмысына өңірдің белсенді азаматтары да атсалысты.

Ресей Федерациясы Орынбор облысының вице-губернаторы Антон Ефимов шаһардың тарихи келбеті мен сәулет ерекшеліктеріне тоқталып, Орал мен Орынбордың өзара ұқсастықтары бар екенін атап өтті. Осы сапардан ерекше әсер алғанын айтты. Ал Әзірбайжан Республикасы Мингечевир қаласы атқарушы билік басшысының орынбасары Фарид Мамедов екі қала арасындағы байланыстың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын жеткізді. Төрт жыл бұрын меморандум негізінде Орал мен Мингечевир бауырлас қалалар атанған.

Жайық – Оралдың тарихымен біте қайнасқан өзен. Оның жағалауын жаңғырту –
қаланың табиғи келбетін сақтай отырып, заманауи қоғамдық орын қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір парасы. Жағалауды нығайту, Жеңіс алаңын абаттандыру, жаңа экосаябақ салу және саябақтарды көгалдандыру секілді жобалар шаһардың тынысын кеңейтіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале