7.05.2024, 15:00
Оқылды: 31

Жайық жұрты Боташ ақынды еске алды

Жақында «Атамекен» өнер ордасында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, танымал ақын, журналист Ботакөз Баймұқанқызын еске алуға арналған «Үзік үміт» атты еске алу кеші өтті. Жайық жұртының ақын, журналист Ботакөз Баймұқанқызына деген сағынышын зал толы көрерменнің көптігінен байқадық. «AQJAIYQ» телеарнасының ұжымы ұйымдастырған әсерлі кеш сағынышқа толы болды.

Ботакөз Баймуканды еске алу кеши (4)

Сахнадағы экраннан ақын-журналистің жарқын бейнесі жарқырап, Жайық төрінде өткен игі шараларды көрерменнің есіне түсірді.

Ботакөз Баймұқанқызы «Халық таланттары», «Сыр сандық», «Әнқұмарлар клубы», «Талаптыға нұр жауар», «Салтанат», «Ақ маржан», «Жұлдыз», «Бізде қонақта», «Құлан саз», «Дидар», «Ақ босаға», «Айта жүрелік», «Асыл мұра», «Тағылым», «Руханият», «Аманат» телециклдерімен ақжайықтықтарға кеңінен танылды. Оның жарқырап, жарық жұлдызға айналған тұсы 1980 жылдар еді. Өз заманында облыс мәдениетінің мәртебесін көтеріп, ел есінде қалатындай айшықты хабарлар ұйымдастырды. Республикалық телеарнада Жайықтың әнші-жыршылары Көшерғали Макаров, Донеділ Қажымов, Қатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Сағадат Рахметжановтардың өнерін паш етті.

Еске алу кешінде Ботакөз Баймұқанованың кәсіби журналист қана емес, талантты ақын болғаны туралы әдемі естеліктер айтылып, сахнада өлеңдері оқылды. Ақын журналистің «Сен мені тастап кетпе», «Анаға хат», «Сағындым сені», «Жүрегім-ау», «Ұлы дүние ұйып жатыр ішімде», «Сұлулықты сағыну» сынды өлеңдері көрерменге әдемі әсер ұялатты. «AQJAIYQ» телеарнасы дайындаған фильм-репортажда журналистің жүргізген хабарлары тізбегімен көрсетілді. Өз заманындағы тұстастарынан оқ бойы озық болған оның киім киісі, өзін ұстауы да ерекше. Бұл туралы бірге жүрген замандастары да бүкпесіз ой бөлісті. Әсіресе, сол жылдарда өңірде өткен мәдени іс-шаралардың бәрінде дерлік Ботакөз Баймұқанованың қолтаңбасы бары аңғарылады.

Ботакөз Баймуканды еске алу кеши (2)

Бейнеэкраннан әдемі естеліктер айтылып, ақынның сыршыл өлеңдері оқылған кеште есімі ғана ел есінде қалып, нұрлы дидары көмескіленіп бара жатқан жарқын бейне көрермен санасында қайта жаңғырды. Үзеңгілес достарының бәрі де Ботакөз Баймұқанованың өршіл, сыршыл, сезімтал жан болғанын айтып жатты. Ол А. Пушкин атындағы Орал пединститутында оқып жүрген кезінде ақын Жанғали Набиуллиннің батасын алып, айбарлы ақынды өзінің ұстазы санаған. Көңілі жүйрік, көкжиегі кең, тұстастарынан да, уақыттан да, оқиғалардан да атын оздырған адайдай арыны, нарындай намысы бар Ботакөз тек журналист емес, айналасына сыйлы ақын да атанып үлгерген.

«AQJAIYQ» телеарнасының басшысы Клара Қамбетованың айтуынша, олар әріптестері Ботакөз Баймұқанқызына деген зор құрметі мен шексіз сағынышын әсерлі кеш арқылы жеткізуді ұйғарған. Танымал журналист Гүлмира Жұмабайқызы бастаған шығармашылық топтың жоспарын жүзеге асыруға өңірдегі мәдениет мекемелері мен өнер ұжымдары да зор үлес қосыпты. Әсерлі кеште жергілікті өнерпаздар Еркін Өтегенов, Дария Бақытова, Майра Хайдарова, Дархан Құлбабаев, «Ақ тілеу» әжелер ансамблі, би ұжымдары өнер көрсетті. Кеште шырқалған Ботакөз Баймұқанованың сөзіне жазылған «Кетсең де шалғай» әні көрерменді бір толқытқаны рас.

Ботакөз Баймуканды еске алу кеши (1)

Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ұжымдары Ботакөз Баймұқанқызының өнері мен өмірі туралы көрме дайындап, көрермен назарына ұсынды. Өңірімізге белгілі ақындар Талғат Мықи мен Айнабек Бисенғалиев талай дүбірлі додада Ақ Жайықтың намысын қорғаған Боташ ақынның айтыс өнерінде жеткен биігі, адамдық болмысы туралы жырлады.

Ботакөз Баймұқанованың өзіндік ғұмыр дариясында кәсіби журналист, айбарлы ақын ғана атанып қоймай, Дәурендей ұлдың анасы атанып, бақытқа бөленген ша-ғын да шығармашылық ұжым әдемі жеткізе білді. Рухани кеште жиылған жұртшылық Боташ ақынның сезімге толы сыршыл өлеңдерін тыңдап, азаматтық үнін естіді.

– Сақта, Құдай, із-түзсіз жойылғаннан,

Кешсін мені ата-тау, сайын далам.

Сезім селдің екпіні шығар осы –

Мойындамай өзіңді мойындаған,

Сақта, Пірім, із-түзсіз жойылғаннан! – деп жырлаған ақын-журналистің өмірден ерте өтсе де, көптің көңілінде сақталып, оны іздейтін ел-жұрты барын көзбен көріп, көңілге түйіп қайттық.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале