27.08.2021, 10:25
Оқылды: 283

Жақсы ағаның жарқын жолы

Жайық жұртына танымал азамат, талай лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған Айдар Батырхановтың 70 жасқа толуына орай осы аптаның  сәрсенбісінде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында мерейтойлық шара өтті. «Мерейлі жас мінберінде» атты бұл жолғы жиынның ұйытқысы да, ұйымдастырушысы да аталмыш орталықтың өзі болды. 

237404581_1702273836828464_382056087402658045_n

Әп дегеннен айтарымыз, қазіргі талапқа сай шақырулы қонақтар мен   құрылған сценарий өте жинақы әрі мазмұнды болды. Кеш шымылдығы Айдар Тапашұлының мәнді өмірінен сыр шертетін бейнебаянмен  ашылды. Ол бітісімен сахна төріне көтерілген халықаралық, республикалық жыршы-термешілер байқауларының лауреаты Фархат Оразов «Қазақтың жігіттері-ай» әнімен жүрек тербетіп, көңіл көкжиегін бір көріктендіріп тастады.  Одан әрі  халық арасында Қадыр орталығы аталып кеткен қара шаңырақтың басшысы Бауыржан Халиолла өзінің 42 жылдық ғұмырында көптеген жақсылар мен жайсаңдардың алдын көріп, тәлім-тәрбиесін алғандығын тебірене жеткізді. Олардың бәрі де жеті жасында әке жетегінен айырылып, жетім қалған ұлдың жетілуіне қолдау, көмектерін көрсетіпті. Сондай шоқтығы биік ағаларының қатарында Айдар Тапашұлы да бар екен.

– Мен бүгін мынау киелі орталықтың басшысы емес, ағамыздың ізбасар інісі ретінде өз тілегімді жеткізгелі тұрмын. Сіз, Айдар аға, он жылдай облысымыздың мәдениет саласына жетекшілік жасап, талай таланттардың ел-жұртқа танылуына айрықша қамқорлық көрсеттіңіз. Өзіңіз де жастай Кенжебек Меңдәлиев пен Мұстақым Ықсановтай арыстарымыздың қасына еріп, тәрбие мен тәлімнің мөлдір бұлағынан қанып іштіңіз. Жоталы жетпіске қарай тартқан шуақты жолыңызға көпшіліктің қызыға қарауы, өн бойыңыздан асқақ адамгершіліктің жылы лебі есіп тұруы – сол тамырын тереңнен алған тектіліктен болса керек.

Айдар Тапашұлы, тағы бір айшықтап айтар нәрсе, дүниеге келген күніңіздің өзі қазақтың дара да дана Абайының туған күнімен сәйкес келуі болып отыр. Түсінген түйсікке бұл да тегін болмаса керек. Әрі мұны айтып тұрғаным, мерейтой сый-сияпатсыз болмайды ғой, – деп ол ізгі тілегіне қоса, Абай бейнесі айшықталған кәдесыйды тарту етті.

Өз кезегінде ақын Айнабек Бисенғалиев жақсы ағасының жарқын өмір белестерін жыр жолдарымен көркем кестелесе, Гүлзада Ахметова «Перзент парызы» әнін нақышына келтіре шырқады. Сондай-ақ мерейтой иесінің қуанышына ортақтаса келген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Есендияров, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Даупаев және «Жайық Пресс» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Қыстаубаев ақжарма тілектерін ақтарды.

Осылайша «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі БҚО бойынша филиалының төрағасы Айдар Батырхановқа арналған бұл әсем кеш Асұлан Еслямовтың шырқауындағы «Ағаларым» әнімен көмкерілді. Әсерлі әңгіме, әдемі әуен һәм ән жолдарында айтылған «Аман бол, ағаларым» деген ізгі тілек өзара қабысып, жиналған жұрттың көңілінен шықты.

 

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале