4.11.2026, 9:45
Оқылды: 8

Жалақы, жұмыстан босату: жұмысқа орналасқан кездегі сынақ мерзімі туралы не білу керек?

Жұмыс беруші жаңа қызметкердің кәсіби біліктілігін және тапсырылған жұмысқа қаншалық сай келетінін бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Алайда бұл кезеңде қызметкердің еңбек құқығына шектеу қойылмайды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

a8c1b7bf-bf1a-446e-a8b6-e52ab7ef8ed7
Сурет: ЖИ көмегімен жасалған 
Сынақ мерзімі қандай жағдайда қолданылмайды?

Ведомство өкілдері Еңбек кодексіне сәйкес сынақ мерзімі туралы талап міндетті түрде еңбек шартында көрсетілуі керек екенін еске салды.

"Еңбек шартында мұндай талап болмаса, қызметкер жұмысқа сынақ мерзімінсіз қабылданды деп есептеледі", - деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Сынақ мерзімі қанша уақытқа созылады?

Әдетте сынақ мерзімі үш айдан аспауы керек. Алайда кейбір қызметкерлер үшін бұл мерзім алты айға дейін созылуы мүмкін. Олардың қатарында ұйым басшылары мен орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, филиалдар мен өкілдіктердің басшылары бар.

 Сынақ мерзімінде қызметкердің қандай құқықтары бар?

Министрлік мәліметінше, қызметкер жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап заңда қарастырылған барлық негізгі еңбек құқығы мен кепілдікке ие болады.

Сынақ мерзімінде қызметкер:

  • жалақы уақтылы және толық төленуіне;
  • белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс уақыты сақталуына;
  • қауіпсіз еңбек жағдайына;
  • еңбек заңнамасында қарастырылған әлеуметтік кепілдіктерге;
  • еңбек құқығы мен заңды мүддесін қорғауға құқылы.

Сынақ мерзімінде қызметкердің жалақысын азайтуға бола ма?

Сынақ мерзімі қызметкердің жалақысын төмендетуге негіз бола алмайды. Еңбекақы мөлшері еңбек шартында белгіленеді және заң талаптарына сай болуы керек.

Мысалы, қызметкер үш айлық сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданса, жұмыс беруші оның әлі сынақтан өтіп жатқанын сылтауратып, жалақысын өз бетінше азайта алмайды.

"Еңбекақының басқа мөлшері тек заңды негіздер болған және еңбек шартында тиісті талаптар көрсетілген жағдайда белгіленуі мүмкін", - деді ведомство өкілдері.

Сынақ мерзімінен өтпеген қызметкер жұмыстан қалай шығарылады?

Сынақ нәтижесінде жұмыс беруші қызметкер тапсырылған жұмысқа сай келмейтінін анықтаса, еңбек шарты заңда белгіленген тәртіппен бұзылуы мүмкін. Алайда жұмыс беруші қызметкерге еңбек шарты бұзылатынын хабарлап, сынақ нәтижесі неліктен қанағаттанарлықсыз деп танылғанын түсіндіруге міндетті.

"Демек, сынақ мерзімі кезінде жұмыс беруші қызметкерді себепсіз, ешқандай түсініктеме берместен және заңда белгіленген тәртіпті сақтамай жұмыстан шығара алмайды", - деп толықтырды министрлік өкілдері.

Еңбек шарты тоқтатылған жағдайда жұмыс беруші қызметкермен үш жұмыс күнінен кешіктірмей толық есеп айырысуы керек. Бұған дейін жұмыстан шығып қалып, бірақ тиісті ақшаңызды ала алмаған жағдайда жұмыс берушіден төлемді қалай талап етуге болатынын айтқан едік.

Еңбек шартын жасар алдында нені ескеру керек?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынақ мерзімі ресми жұмыстың бір бөлігі екенін еске салды. Яғни бұл кезеңде қызметкер заңда қарастырылған еңбек кепілдіктерінен айырылмайды.

"Қызметкерлер еңбек шартына қол қоймас бұрын оның талаптарын мұқият оқып шығуы қажет. Әсіресе, сынақ мерзімінің ұзақтығына, жалақы мөлшеріне және еңбек жағдайына қатысты тармақтарға назар аудару қажет", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале