2.04.2024, 9:30
Оқылды: 465

Жаңа мәдениет үйінде неге ұлттық саз аспабы жоқ?

Жуырда редакциямызға Бөкей ордасы ауданындағы Бисен ауылының тұрғыны Шынғалиев Абылғазы есімді қариядан хат келді. Хат мәтінінде ауыл тұрғыны биыл пайдалануға берілген мәдениет үйіне қатысты толғандыратын мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін айтқан. Хатпен толық танысқан соң тиісті сала мамандарымен сөйлесіп, жауаптарын білген едік. Оқырманға түсінікті болу үшін хатта жазылған жайды толығымен баяндасақ.

хат1

«Ұлттық өнер институттарында оқу  үшін грант бөлінсе ...»

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл 20 қаңтарда «Бисен» ауылында хан сарайындай, салтанаты келіскен, көруге көз тоятындай жаңа 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Мәдениет үйі-нің ашылу салтанатына ауылдың 300-ден астам тұрғыны қатысты. Мәдениет үйінің құрылысын жүргізген «Қалдығайты» ЖШС-ға, оның жігіттеріне, бас мердігер Абылай Нұрмұқанбетке алғысым шексіз. Менің газет арқылы хат жазуымның негізгі себебі осы мәдениет үйіне байланысты «Орда жұлдызы», «Орал өңірі» газеттерінде жарияланған ақпарат туралы. Онда «Бес қызметкері бар мәдениет үйінде домбыра, көркемсөз, вокал, ән-би үйірмелері жұмыс істейді» деп жазылған. Газет тілшісіне бұл ақпаратты кім берді екен? Бұл «шындықты» жасырып, өтірік беріліп отырған мәлімет дер едім. Біз өтірік айтып, мадақтауды қашан қоямыз? Бұл мәдениет саласының дамуына, мәдениет үйінің болашағына «балта шабумен бірдей» ғой. Президент айтқандай, «Әділетті Қазақстанды, адал адамдарды» қалай қалыптастырамыз? Бес қызметкермен (музыкалық білімдері бар ма білмейміз), яғни «айдағаным бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» кебін киіп тұр ғой. Алдағы уақытта мәдениет үйінің халыққа қызмет көрсетуін жолға қоя аламыз ба? Оны айтып отырғаным, осы кезге дейін мәдениет үйінде музыкалық аспаптар, тіпті домбыраға дейін болған жоқ. Сонда қайдағы домбырашы, қайдағы вокал және т. б. Қазіргі аудан әкімінен мәдениет үйінің қызметкерлерінің санын көбейту (әншілер, домбырашылармен толықтыру), музыкалық аспаптар сатып алу, өнер оқу орындарының домбыра класына мектеп бітірген өнерлі жастарымыз болса, кемінде 1-2 грант бөлуді сұраған едім. Орындалған жоқ. Қазақтың қара домбырасын тартатын адамдар азайып барады. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы аудан-ауылдардағы мектеп басшылығымен бірлесіп, талантты жастарды белгілі оқу орындарына – Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға, өнер институттарына, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне оқуға түсіру үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен грант бөлуіне ұйытқы болса деген ұсынысым бар. Бисен ауылдық округінен соңғы 30 жылдың ішінде музыкалық оқу орындарына барған жастар болған жоқ.

«Мәдениеті, тілі жоғалған ел – болашақта жер бетінен жоғалады» деп данышпан бабаларымыз айтып кетті емес пе?! Олай болса, халықты мәдени-рухани жағынан жан-жақты дамыту үшін мәдени саланы дамытуды қолға алуымыз керек. Бұл – облыстық, аудандық мәдениет саласына жауапты басшылардың бірінші міндеті. Жаңа мәдениет үйінің жұмысын жолға қою үшін қызметкерлердің санын көбейтіп, құрамын қайта жасақтауды ұсынамын:

– Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов Бисен мәдениет үйінің директорлығына конкурс жариялауды ұсынамын. Қойылатын талаптар:

– Музыкалық білімі бар, өнерлі, музыкалық оқу орнын бітірген, талантты кадр.

– Мәдениет үйі қызметкерлерінің санын кемінде 10 музыкантқа дейін жеткізуді ұсынамын, негізінен әнші, домбырашыны конкурс арқылы  қабылдау  қажет.

– Музыкалық аспаптармен қамту. Мәдениет үйінің құрылысын жүргізген мердігер компанияның міндетіне кіре ме, әлде, қайырымдылық жасады ма білмедім. музыкалық аспаптар алып беріпті. Қосымша фортепиано, скрипка, баян, сондай-ақ 10-15 дана домбыраны жергілікті бюджет қаражатынан сатып алуды ұйымдастыру керек.

– «Әжелер ансамблін» (кемінде 10 адамнан жасақтау), «Бишілер» тобын құру, оларды сахналық киіммен қамту (жергілікті бюджет қаражатынан);

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келетін өнерпаздарды тұрғын үймен қамтамасыз ету.

– Жыл сайын ауылдағы мектеп бітірген 2-3 жасты ұлттық өнер институттарына грантпен оқуға жолдау қажет.Осы шараларды қолға алмаса, мәдени саланы дамыту бос сөз болып қалатыны ақиқат», – делінген хат мәтінінде.

Аудан басшысы не дейді?

Хаттың негізінде Бисен ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі Екатерина Мөкешевамен де тілдескен едік. Оның айтуынша,  аталмыш мәдениет үйде  штат бойынша бес мәдениет қызметкері еңбек етеді. Яғни директор, көркемдік жетекші, әдіскер, үйірме жетекші, музыкамен сүйемелдеуші. Мәдениет үйі жанында көркемсөз үйірмесі (жетекшісі Жайдарбек Бисекеев), вокал (жетекшісі Артур Әлесов), «Сұлу» бишілер үйірмесі (жетекшісі Сұлушаш Халиева),  «Ақ тілеу» әжелер ансамблі (жетекшісі Сұлушаш Халиева), «Тамаша» үйірмесі (жетекшісі Артур Әлесов) бар. «Домбыра» үйірмесі мектеп жанынан ашылған. Жетекшісі – Жексен Насыров.

Бисен мадениет уйи

– Жыл қорытындысына орай тұрғындарға, аудан басшылығына есеп бергенде домбыра үйірмесінің мектеп жанынан құрылған үйірме екенін айтып жүрмін. Мәдениет үйі жанынан домбыра үйірмесі ашылса деген ұсынысымды да жеткізудемін. Ешкімге мәдениет үйінде домбыра үйірмесі бар деген жоқпын. «Орда жұлдызы» аудандық газетінің редакторы қате түсінген шығар. Ауылда домбыра сыныбын бітіріп келген маман жоқ. Домбыра тарта алатындардың қолында дипломы жоқ. Мен тіпті қаладағы ЖОО, колледждерге барып, домбыра сыныбын бітірген жас мамандарды ауылға тарту жөнінде сөйлестім. Бірақ әзірге жас мамандар ауылға бет бұрар емес. Алдағы уақытта ұлттық өнерімізді, домбыра тартуды жандандыруға жұмыстанатын боламын. Мектеп жанындағы домбыра ансамблі мәдениет үйінде өтетін, ауданда өтетін іс-шараларға жиі қатысады. Домбыра тартатын маман ауылға келсе, жұмысқа алуға, ұлттық өнерді насихаттауға жұмыстанамын, – деді Екатерина Жолдығалиқызы.

Әбілғазы қария бізге жіберген хатты алдымен Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовқа жолдаған екен. Аудан басшысы қарияның арыз-шағымына былайша жауап берген.

«Құрметті, Әбес аға! Сіз Бисен ауылының тумасы, тұрғыны бола тұра, Бөкей ордасы ауданы мәдениетінің жанашыры болып келесіз. Мәдениетке қатысты мәселелерді үнемі көтеріп, солардың шешілуіне назар аударасыз. Бөкей ордасы ауданы әкімдігі сіздің 19.02.2024 жылғы №ЖТ-2024-03172312/1 хатыңыз бойынша келесіні хабарлайды. Қазіргі таңда Бисен ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін 2014 жылдан Екатерина Жолдығалиқызы Мөкешева атқарып келеді. Білімі – жоғары, мамандығы – режиссер, Дәулеткерей атындағы өнер институтын тәмамдаған. Жылдық жоспар бойынша жұмыстанып, ұжымның тәрбиеге толы, мән-мағынасы жоғары, рухани бай шараларды үнемі өткізіп келеді. Бисен ауылдық мәдениет үйінде қазіргі таңда бес маман жұмыс істейді: директор, сүйемелдеуші, көркемдік жетекші, әдіскер, үйірме жетекшісі, бәрінің білімдері атқарып отырған қызметтеріне сай келеді, жұмыс өтілдері үш жылдан жоғары. Барлық маман конкурс арқылы жұмысқа қабылданды. 2024 жылдың қаңтар айында Бисен ауылдық мәдениет үйінің жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты бір әдіскер штаты ашылды, сонымен қоса үш кіші қызметкер алынды. Бисен ауылдық мәдениет үйінде 6 үйірме жұмыс істеп келсе (би, көркемсөз, вокал, әжелер ансамблі, вокал – Жиекқұм ауылы, вокал – Көктерек ауылы), 2024 жылы қолөнер үйірмесі ашылады деп жоспарлануда. 2020 жылы Бисен ауылдық мәдениет үйі музыкалық аппаратурамен (дыбыс күшейткіш, микрофон) қамтылды. Мәдениет үйінде домбыра, баян, гитара сияқты аспаптар жетіспейтіні рас. 2024 жылы демеушілердің қолдауымен 10 домбырамен қамту жөнінде ұсыныс түсіріліп, қабылданды. Жаңа ғимаратты салған мердігер ауылдық мәдениет үйіне колонка, дыбыс күшейткіш, микрофон, жарық, компьютер, принтер, теледидар сыйлады. Қалған аппаратура алу мәселесі бойынша жоспар құрылып, алдағы уақытта мәселе оң шешімін табады деп сізді толықтай сендіре аламын. Бұл жағдай қалған алты округте де орын алуда, алайда музыкалық аспаптар мен аппаратураның жоқтығы оларға толыққанды жұмыс істеуге кедергі болмай отыр, жұмыс тоқтамай, жоспарға сай жүріп жатыр. Бисен ауылдық мәдениет үйі жанынан «Ақтілеу» әжелер ансамблі, «Сұлу» бишілер тобы құрылып, жұмыс істеп келеді. Сахналық киіммен қамтылған. Атқарған жұмыстары бойынша есептік концерттерін беруде», – делінген аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың ресми жауабында.

«Директордың біліктілігі талапқа сай»

Содан соң біз облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәдениет ұйымдарының жұмысын үйлестіру және талдау бөлімінің басшысы Гүлмира Қаулановамен тілдестік. Оның хат негізіндегі жауабы жоғарыда айтқан сала мамандарының пікірімен тақылеттес. Мәдениет үйінің директоры Екатерина Мөкешеваның білімі басшылыққа тағайындау бойынша біліктілік талаптарына толық сәйкес келеді. Қарамағында қызметкерлердің де мәдениет саласында қызмет етуге арналған дипломы бар. – Бүгінде бұл мәдениет үйінде музыкалық аспаптардың жетіспеушілігі мәселесі тұр. Музыкалық аспаптар сатып алуды биыл аудан әкімдігі тарапынан ұйымдастырып, сатып алуға қаржы бөлетін болады. Қосымша маман алуды ауылдық мәдениет үйінің директоры заң аясында ғана шешеді, – деді Гүлмира Қауланова.

Байқағанымыздай, Бисен ауылындағы мәдениет үйі өзге елді мекендердегі клубтардан оқ бойы озық тұр. Заманауи ғимаратта орналасқан. Музыкалық аспаптар да биылдан қалмай түгенделмекші. Музыкалық білімі бар, әсіресе, домбырада еркін ойнайтын жас маман келсе, мәдениет үйінің басшысы қызметке алуға пейілді. Десе де, қаладағы, мейлі ауылдағы болсын мәдениетті қалыптастыратын адамның қолында тек білімі туралы дипломы болуы жеткіліксіз. Мәдениет саласының кез келген қызметкері, болашақта келетін жас мамандар да өз ісін жетік білетін, ұйымдастырылатын іс-шараға жауапкершілікпен қарайтын, білімімен, қала берді, іс-әрекетімен, жүріс-тұрысымен сыйлы қызметкер болуы қажет. Сонда ғана ауылдың мәдениеті өркендейді.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале