28.05.2021, 9:28
Оқылды: 318

Жаңа технология – жетістіктің бастауы

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданының Бударин ауылдық округіне қарасты «Аманер» шаруа қожалығында болды. Өңірде алғашқы болып барабан үлгісіндегі жаңбырлатып суару техникасын орнатқан шаруашылықтың жұмысымен танысып, заманауи технологияның мал азығын дайындаудағы артықшылықтарын бағамдады.

011

Негізінен, ауданда бұрындары үлкен көлемде тұрақты суармалы алқаптар болған, бірақ ауыл шаруашылығындағы реформалауға, саланы  қайта құрылымдауға байланысты бұл жерлердің басым бөлігі жайылымға ауыстырылған. Бүгінгі таңда шаруалар қайтадан егістік алқаптарын көбейтуге мән бере бастады. Биыл бес шаруа қожалығы 997 гектар жерге екпешөп егуде. Сөздің шыны керек, қожалықтардың басым бөлігі жауын-шашын мен өзен-канал суына тікелей тәуелді. Соның салдарынан соңғы жылдары шаруалар қуаңшылықтан зардап шегіп, мал азығын дайындауда қиындықтарға душар болуда. Әсіресе, былтыр жауын-шашынның аздығынан және арналардағы су деңгейінің төмендеуі салдарынан дала төсінде шөптің аз болғаны аян. Мал азығын дайындау науқанында  осындай кедергілерге байланысты шаруалар шөпті облысымыздың өзге аудандарынан дайындап тасуға мәжбүр болды.

004

«Су жоқ, жасыл орақтың жайы шамалы» деп қол қусырып отыра беруге болмайды әсте. Технология күн санап қарыштап дамыған уақытта табиғаттың тосқан кедергісін айналып өтер жол іздеу керек. Осы орайда шаруаларды алқаптарды суаратын заманауи технологиялармен таныстыру мақсатында аудан басшылығы бірнеше семинар ұйымдастырды. Айталық, ақпан айында жаңбырлатқыш көліктерді және осы бағыттағы құрал-жабдықтарды сатумен айналысатын «Евразиан групп» және «AFKO», наурызда  Алматы қаласынан «Aqua Best» компаниясының мамандары келіп, алқапты суарудың соны технологияларын таныстырған болатын.

Әрине, бұл жаңа технологияның құны да қомақты. Әйтсе де, аспаннан жауған жаңбырға тәуелді болғанша, екпешөп өсіріп, мал азығын молдап қамдағысы келетін дала еңбеккерлері үшін тиімдірек. Осындай түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде шаруалар жаңа технологияға бет бұруда. Солардың алғашқысы – Бударин ауылдық округіне қарасты «Аманер» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Досқалиев.

Ауыл шаруашылығы саласында бұл кәсіпкердің тәжірибесі аз емес. Осыдан 13 жыл бұрын қожалық құрған ол бүгінде асыл тұқымды ірі қара малын өсіруге бет бұрған.  Кәсіпкердің ендігі мақсаты – иелігіндегі малды шөптен тарықтырмау. Сондықтан тиімділігі жоғары жаңа суару кешеніне сенім артып отыр. Ол жаңбырлатқыш 3 құрылғыны 15,5 млн теңгеге сатып алған. Бұған мемлекеттен де қолдау зор. Шаруаның қалтасынан шыққан қаржының тең жартысы субсидияланады.

Аталмыш қожалыққа арнайы келген өңір басшысы шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

«Қожалық ашып, іс бастаған кезде мұндай заманауи техниканың көмегімен жер суарып, екпешөп егемін деген ой болмап еді. Бізге тиесілі 1093 гектар алқаптың жері жақсы, шөбі шүйгін. Мал азығы жөнінде осыған дейін еш уайымдап көрмеппін. Ал қазір ше? Соңғы жылдары орын алған қуаңшылықтың салдарынан жер жұтады, шөптің шығымы да төмен. Мал басын өсірейін десең, оның азығын ойлап, мазаң кетеді», - деді Қанат Досқалиев.

Шаруашылықта қазір жаңбырлатып суаратын техниканы орнату жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда барабан үлгісіндегі «JP 75-400» жаңбырлатқыш кешенінің үшеуі жеткізілген. Бұл заманауи құрылғының артықшылығы көп. Сыртынан қарағанда кәдуілгі барабанға аса ұқсайтын техника арнайы тіркеменің үстіне орналастырылады. Жылдам құрылып, жиналатын болғасын, егістік даласының кез келген жеріне көшіруге де ыңғайлы. Жақын жердегі арнадан су тартатын арнайы «СНП-500 10» су сорғылары да бар. Сол арқылы барабанға оралған шланга арқылы су егістікке жаңбырлатып шашылады. Су сорғылары электр және дизельді қозғалтқыштармен жұмыс жасайды. Шланганың ұзындығы 9 метрден басталып, 50 метрге дейін жетеді. Әр түрлі жер бедерінде жұмыс істейтіндігі мен жаңбырлатудың түрін өзгерте алатындығымен де ерекшеленеді. Суару  қашықтығы 440 метр аралықты қамтиды.

Жалпы, жаңбырлатып суарудың артықшылықтарына келер болсақ, бұл әдіс микроклиматты өзгертіп, өсімдіктердің жақсы өсуіне жағдай жасайды. Ауаның жер бетіне жақын қабатының температурасы төмендеп, ылғалдылығы артады. Сонымен қатар тамшылап шашылған су өсімдік бетіндегі шаң мен балшықты шайып, олардың өнімділігін молайтады. Жаңбырлатып суару әдісін қолданғанда жерді тегістемей-ақ пайдалана беруге болады. Мұның өзі су қоры өте аз аудандарға өте тиімді. Әрі осындай аппараттар қосымша тыңайтқыштар шашу үшін де ыңғайлы.

- Қазіргі таңда ауданымызда екпешөп өсіруге көп мән берілуде. Іргеміздегі бірқатар шаруашылық көпжылдық шөп егуді бірнеше жылдан бері қолға алып келеді. Байқаймын, өнімділігі және құнарлылығы жағынан сапалы. Шөп егуге кіріспес бұрын, біздің алқапта қандай дақылдарды отырғызған тиімді, ауа райына төзімдісі қайсысы деп ойландым. Содан менің таңдауым судан шөбі мен жүгеріге түсті. Әзірге 100 гектар алқапқа егіп жатырмын. Біз бұл тұқымдарды Саратов қаласынан алдырудамыз. «Малдың қоңы – тілінде» демей ме, осы дақылдардың құнары мол. Мысалы, судан шөбі – астық тұқымдасына жататын біржылдық өсімдік. Биіктігі – 50-90 см, жуандығы 3 -13 см. Сабақтары тік өсетін ол өнімді және оруға қолайлы. Негізінен, оны пішен, сүрлем дайындау және дән алу үшін өсіреді. Құнарлығы тек бұршақ тұқымдастардан арта алмайды. Көк шөбінде 12,3 пайыз протеин, 2,4 пайыз май болса, пішендік қалпында бұл көрсеткіштер сәйкесінше 12,5 және 2,8 пайызға тең. Құрғақшылыққа аса төзімді. Жаңа құрылғымен жаңбырлатып суарғанда, өнімі еселі болады деп сенемін, - деді шаруа.

Ауданда осындай жақсы үрдістен үлгі алып жатқан шаруалар саны артуда. Мәселен, «Нұртілек», «Жәрдем», «Мәдениет» шаруа қожалықтары жуырда осындай құрылғыны егістік басына орнатуды жоспарлап отыр. Жаңбырлатқыш технологияның басқа да түрлерін алу үшін келіссөздер жүргізіп жатқан шаруа қожалықтары да бар. «Нығмет», «Сәбит» ШҚ-лар  50 млн теңгенің «Zimmatic» жаңбырлатқыш көліктерін, ал 160 га жерге мал азығы дақылдарын еккен, «Мұқадес» шаруа қожалығы «AFKO» конпаниясынан құны 40 млн тұратын құрылғы  алуға ниетті.

Ақжайық ауданы Жайықтың қос жағалауында бірдей орналасқан. Шаруашылығы төрт түлік өсіруге бағытталған аудандағы барлық малдың 20 пайызы ғана өзеннің сол жағалауында шоғырланған. Оған малды суару, жем-шөп қамдау әсерін тигізуде. Сондықтан бұл аумақты түгел суландыратын Азнабай – Тайпақ жүйесін қалпына келтірудің маңызы зор. Облыс әкімінің қолдауымен осы суландыру жүйесін жөндеуге 1 млрд 713 млн теңге бөлініп, мердігер өз жұмысын бастап кетті. Бұл да аудан экономикасының дамуына тың серпіліс әкелгелі тұр. Іргелі шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі шаруа қожалығының талпынысын оң бағалап, ісіне сәттілік тіледі.

- Мал азығын дайындау – шаруа үшін маңызды жұмыс. Осы тұста жаңалықты жатсынбай, озық технологияларға қол жеткізіп жатыр екенсіз. Толығымен қолдаймыз. Жалпы, жаңа технология жетістік бастауы екенін естен шығармау керек. Бұл шаруаңызды ілгерілететіні сөзсіз. Жеріңіз шұрайлы, шөбіңіз құнарлы болсын дейміз. Алдағы уақытта егістік алқабын көбейтуге күш салған жөн. Бұл игі іс әріптестеріңізге де жұғысты болсын! - деді Ғали Нәжімеденұлы.

 

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале