30.09.2024, 12:00
Оқылды: 102

Жаңа тотем, құрамаға іріктеу: қазақстандық шорт-трекшілер жаңа маусымға қалай дайындалып жатыр?

Қазан айының басында қазақстандық шорт-трекшілер ел чемпионатында бақ сынап, жарыс қорытындысы бойынша жаңа маусымға қатысатын құрам анықталады.  Маңызды турнир 1-5 қазан аралығында өтпек. Ал келесі жарыс Канадада өтетін әлем кубогі кезеңі болмақ. Жаңа маусымдағы турнир жаңа, өзгертілген форматта өтеді, деп хабарлайды Olympic.kz.

47BED590-C1D9-4150-A456-173FA8E67DC3

Сурет: Olympic.kz

Маусым алдындағы дайындықты Қазақстан командасы көктемде бастады. Мамыр айында спортшылар алғашқы жаттығу жиынын өткізіп,  жазда мұзда дайындалды. Қазір спортшылар дайындықтың белгілі бір кезеңін артта қалдырды.

«Біз сәуір айында ғана маусымаралық үзіліс алдық. Мамырда дайындықты бастап кеттік. Алматыда тереңдетілген медициналық тексеруден өтіп, Аланияда  веложаттығу жасадық. Маусымда мұзға оралдық. Жаттығулар Астанада өтті.  Дайындық бүгінге дейін жалғасуда. 25  қазанда әлем кубогінің алғашқы кезеңі басталады. Турнирді Канаданың Монреаль қаласы қабылдамақ. Екінші кезең қарашаның басында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтеді», - деді бас бапкер Петр  Гамидов.

Жаңа маусымда әлем кубогі өзгерген форматта ұйымдастырылады. Енді турнир World Tour  деп аталады. Сондай-ақ, әрбір қатысушы команданың өзіндік тотемдері болады. Бұл көрермен қызығушылығын арттыру үшін жасалған қадам.

«Шорт-тректе мынадай  тәжірибе бар: егер титулды демеуші табылса, әлем кубогі форматы World Tour  (Әлемдік тур) серияларына өзгертіледі. Осы маусымда дәл осы өзгеріс жасалып жатыр. ҰХЛ секілді кубокті қызықты өткізу жоспарлануда.  Дизайн бір стилистика бойынша жасалды. Мұнымен Халықаралық федерация айналысты. Біз тек тотем мен түс бойынша өзгерту жасадық. Біз атты таңдадық»,  - дейді бас бапкер.

Әлемдік шорт-тректе тағы да өзгерістер бар. Петр Гамидовтің айтуынша, қатысушылардың жас ерекшелігіне байланысты ережеге өзгеріс енеді.

«Ережеде де өзгеріс жоқ емес. Әрбір спорт түрінде регламент жаңартылып отырады. Біздегі ережелердің кейбірі жақсарса, енді бірінде қаталдау болмақ. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.

Спортшылардың жасына өзгеріс енді. ISU тәжірибесі толысқан спортшылардың жоғары деңгейде жарысқанын қалайды. Мәселен, әлем кубогі кезеңдері мен әлем чемпионатына 17 жасқа толған атлет қана жіберіледі. Осыған ұқсас жайттар мәнерлеп сырғанауда да болып жатыр», - дейді маман.

Қазір бүкіл Қазақстан құрамасы ел чемпионатына дайындалуда. Республикалық турнир аясында жаттықтырушылар штабы жаңа маусымда құрамаға ілігетін спортшыларды анықтайды. Көптеген спорт түрлері сияқты жеңімпаздарға артықшылық беріледі. Сондықтан бұған дейінгі жетістіктер есепке алынбайды. Кім жеңсе, мүмкіндік соған ұсынылады.

«1-5 қазан аралығында Астанада Қазақстан чемпионатын өткіземіз. Турнир аясында біз жаңа маусым құрамын іріктейміз. Бұл спортшылар әлем кубогі кезеңдерінде, түрлі халықаралық жарыстарда, сондай-ақ, Азия ойындарында өнер көрсетеді. Жарыс спорттық принцип бойынша өтеді. Ел намысын үздіктер қорғайды. Ұлттық құрамаға рейтингтегі орны және уақыт көрсеткіші жоғары спортшылар да кіреді. Біз екі команда жасақтаймыз», - деді ол.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале