29.12.2020, 15:14
Оқылды: 331

Жаңа жобаларға толы жыл болды

Биылғы жылы Казталов ауданы үшін жемісті жыл болды десек, артық болмас. Ауданымызда мемлекеттік бағдарламалар іске асып, халық игілігі үшін біраз жобалар нәтижелі болды. Атап айтар болсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» «Ақбұлақ», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында нысандар мен тұрғын үй құрылыстары және жолдардың күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл аяқталғанда жемісті жылдың айшықты және елең етер жаңалықтары туралы жазуды жөн көрдік.

 Жаңа жобаларға толы жыл болды

Жуырда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы іске асқан Чапаев – Жалпақтал – Казталов күрежолының 157-192 шақырымының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған болатын. Құрылыс жұмыстарын сапалы атқарған мердігер Казталов ауданы орталығына дейінгі күрежолдың 35 шақырымын сапалы жөндеп, тұрғындар игілігіне тапсырды. Күрежолдың іске қосылу және ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысып, жолдың сапасына қатысты бағасын берген болатын.

«Жолаушыны жол сынайды» демекші, қос өзен елінің халқы талай жылдар бойы жол азабын көріп, облыс орталығына қатынау үшін 9-12 сағат уақыттарын жоятын еді. Тіпті жауыншашын жауған кезде аудан тұрғындарының жол бойына түнеген кездері де болды. Бүгінде осы қиындықтардың бәрі арта қалып, түйткіл толығымен шешілді.

Казталов ауданына қарасты Болашақ ауылдық округінде биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен А.Байтұрсынов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл 461 орындық мектеп ғимараты типтік жобамен 1988 жылы салынған. Содан бері жөндеу көрмеген ғимараттың төбесінен су кетіп, балалардың білім алуына қолайсыздық туғызған еді. Облыстың, ауданның атқамінер азаматтары бұл жағдайды талай мәрте өз көздерімен көріп, мәселені шешу жолын қарастырған болатын. Көптің тілеуі бір арнаға тоғысып, биыл «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында қаржы бөлінді. Қазақтың біртуар азаматының есімі берілген орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтады.

Биыл Жалпақтал ауылында 4,1 шақырымды құрайтын жеті көше көрделі жөнделді. Жалпақталдағы Д.Нұрпейісова, М.Мәметова, А.Құсайынов, Д.Фурманов, Жалпақтал, Сламихин, Ғ.Әнесов көшелеріне қатқыл табанды жолмен қатар, 3,5 шақырым жаяу жүргінші жолы құрылысы жүргізілді. Сегіз көшенің жаяу жүргіншілер жолымен қатар Құрманғазы, М.Өтемісов, Ә.Молдағұлова көшелерінің жолдарына қара жамылғы төселді.

Жалпы Казталов аулындағы 6,5 шақырымды құрайтын тоғыз көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Орталықтағы Амангелді, Абай, С.Садықов, М.Әуезов, Құрманғазы, С.Сейфуллин, Г.Лукманов, Қ.Имашев атындағы көшелердің жолы көтеріліп, асфальт төселді. Аталмыш көшелердің кейбір бөлігінің 3,8 шақырымына жаяу жүргінші жолы салынды.

Биыл Қарасу ауылының тұрғындары «Ақбұлақ» бағыты аясында таза ауыз суға кенелуде. Жоба бойынша таза ауыз суды Қараөзеннен тазарту әдісі арқылы тарту жоспары тұрды. Соңғы жылдары Ресейден келетін судың аздығынан өзен суын тазарту мүмкін болмай қалды. Соны уақтылы саралай білген құрылысқа жауапты азаматтар суды Жаңақала ауданынан тартуға шешім қабылдады. Нәтижесінде 13 шақырым жердегі Искра топтық су құбырына қосылуға келісім алынған. Бұл құбыр жерасты суынан нәр алып жатқанын айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда су жүйесінің қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталып, ауылдағы 174 үй ауыз суға қосылып отыр.

Жаңа жобаларға толы жыл болды2

Соңғы уақытта аудан кәсіпкерлері мал бордақылау, сою алаңдары, мейрамхана, наубайхана, сұлулық салоны, супермаркет, қоғамдық монша, құс фермасы, кемпинг, жылыжай, емдеу-сауықтыру кешені, суармалы егіншілік, Сакрыл көлі жағасында аңшылық, балық аулау, демалу орны секілді жобаларды қолға алуда. Ірі жобалардың бірі – аудан орталығында ашылған «Нэфтек» жанар-жағармай бекеті. Бекеттің ерекшелігі сол, мұнда жолаушыға керектінің барлығы бар. Бұл бекеттен тек жанар-жағармайды сатып алып қана қоймай, өзіңізге қажетті қызмет түрлерін де тұтынуға болады. Яғни жанар-жағармай бекетінің ішінде азық-түлік, аутомайлар қойылған бөлмелерден бөлек арнайы душ пен әжетхана және намаз оқуға арналған бөлмелер бар.

Құрылысы жүріп жатқан басқа да ірі нысан, жоба көп. Бұл жобалар алдағы жылы аудан халқын қуантары сөзсіз. Сол күнге бірге жетейік.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале