Кітап оқу мәдениетін дамыту, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру және қоғамда адалдық құндылықтарын насихаттау мақсатында Жаңақала ауданында «Мен оқыған бір кітап» атты танымдық іс-шара ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізіліп, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық қағидаттарын дәріптеу және заңға құрметпен қарау құндылықтарын нығайтуға бағытталды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры С.Түменбаев, Жаңақала ауданының әкімі А.Көшкінбаев, мемлекеттік қызметшілер, кітапхана қызметкерлері, жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар өздері оқыған кітаптары туралы ой бөлісіп, шығармалардағы адалдық, әділдік, жауапкершілік, заңға құрмет және адамгершілік құндылықтардың маңызын талқылады. Сонымен қатар кітаптардың тұлғаның қалыптасуына, азаматтық ұстанымның нығаюына және дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпалы туралы пікір алмасты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов кітап оқу мәдениетін дамыту жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
- «Адалдық пен әділдік құндылықтарын қалыптастыру - сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытудың маңызды негіздерінің бірі. Кітап оқу арқылы адам қоршаған ортаға, қоғамға және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Бұл құндылықтар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметінде де маңызды рөл атқарады», - деді М.Байсалов.

Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп талаптарын сақтау, қоғамға үлгі болу және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту бағытындағы жауапкершілігіне тоқталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры С.Түменбаев кітап оқудың құқықтық мәдениет пен сыни ойлауды қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, жастарды үздіксіз білім алуға және өзін-өзі дамытуға шақырды.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыру, «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу соңында қатысушылар кітап оқу арқылы білімін жетілдіру, азаматтық ұстанымды қалыптастыру және адалдық құндылықтарын күнделікті өмірде ұстану бағытында өз ұсыныстарын білдірді.
Осындай кездесулер жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, құқықтық мәдениетті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты және қоғамдағы адалдық қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
Айта кету қажет, бұған дейін осындай форматтағы «Мен оқыған бір кітап» атты танымдық іс-шара Казталов ауданында өткізілді. Аталған бастама облыстың барлық аудандарын қамту бағытында жалғасын тауып, кең көлемде жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі