5.10.2021, 12:29
Оқылды: 485

Жаңақалада жаңа әкім тағайындалды

4 қазан күні облыс әкімі Ғали Есқалиев Жаңақала ауданы активіне жаңа әкімді таныстырды.

Бұған дейін аудандық мәслихат хатшысы қызметін атқарып келген Дархан Закарин ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімімен Жаңақала ауданының әкімі болып тағайындалды.

6E5DDD5D-802A-4BC3-9085-B7CCF96829C0

Дархан Әмірханұлы – 1972 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін агроном және мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры мамандықтары бойынша тәмамдаған. Әр жылдары «Пятимар» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының бас агрономы, Жаңақала аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, «Коммунал» мекемесінің директоры, Жаңақала ауылдық округінің әкімі, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары болды. Күні бүгінге дейін Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды.

Алқалы жиынды ашып, жүргізген облыс әкімі Ғ.Нәжімеденұлы:

- 4 жылдан астам еңбек еткен жылдары аралығында Наурызбай Қадырбайұлы мол тәжірибесінің арқасында аудан тұрғындарының тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған ауқымды істер атқарды. Елге әбден еңбегі сіңді деп айтуға болады. Наурызбай Қадырбайұлының жетекшілігімен 2017-2020 жылдары аудан бойынша 10 елдімекен орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде аудан тұрғындарының орталықтандырылған таза ауызсумен қамту деңгейі 54 пайыздан 91 пайызға дейін өсті. Сол бағыттағы ең ірі жобалардың бірі құны 2,5 млрд. теңге болатын Жаңақала-Құлшық су құбырының құрылысын атап өтуге болады. Құлшық су құбырына ауданның 8 елдімекені қосылды. Бұл жаңақалалықтарды толғандырып жүрген мәселелердің бірі еді. 2018 жылы 147 млн. теңгеге Жаңақала ауылының Жуалыой, Мұқыр, Сарыкөл, Жангелді елдімекендеріне газ құбыры тартылып, былтыр әлеуметтік нысанмен 116 аула жылу электр станциясына қосылды. Бұл жұмыстардың да басы-қасында Н.Қадырбайұлы болды. Биыл Салтанат, Саралжын, Борық, Плантация сияқты 4 елдімекенге газ құбырын тарту жұмыстары басталғанын айта кетуге болады. Қазіргі таңда аудан бойынша көгілдір отын қамту көрсеткіші 95 пайызды құрап отыр. 2018-2019 жылдары аудан орталығында 47 учаскіге сыртқы инфрақұрылым жерлерін тарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа бюджеттен 800 млн. теңге қаражат бөлінді. Ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілді деп айтуға болады. 2019 жылы Жаңақала ауданы орталығында көпқабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар Жаңақала ауданы орталығында 160 орындық дене шынықтыру, сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Аудандық  балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Аудан әкімінің ауылдық елдімекендердегі спорттық нысандарды салу жұмыстарына аса назар аударғанын айта кету керек. Аудандық бюджет есебінен 2018-2019 жылдары барлық ауылдық округтерде шағын спорт алаңдары салынды. Сондай-ақ ауылішілік  және жаяужүргіншілер жолы салынып, тұрғындарға пайдалануға берілді. Өткен жылы Жаңажол ауылында жаңа мәдениет үйі бой көтеріп, халық игілігін көруде. Пятимар және Жаңақазан ауылдарындағы мектептерге де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, әрине, аудан әкімінің жұмысы тек құрылыспен шектелмейді. Бұдан да басқа көп істер бар, біраз жұмыстар атқарды. Осының барлығына аудан әкімі жауапты екені белгілі. Құрметті жерлестер, жоғарыда айтқанымдай Наурызбай Қадырбайұлының тәжірибесі өте мол. Елге қызмет жолында әлі талай жарқын жетістікке жетуіңізге шын жүректен тілектеспін, - дей келе Н.Қадырбайұлының алдағы атқаратын жұмысына сәттілік тіледі. Аудан активінің алдында өңір басшысы Ғ.Есқалиев осы кезге дейін ауданды басқарып келген Н.Қадырбайұлының еңбегі елеулі екенін айтып, алғыс хат және естелік сыйлық табыстады.

E442DA76-B622-48C0-8F63-E1A5B6086223

Келесі кезекте облыс әкімі Ғ.Нәжімеденұлы ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық маслихаттың келісімімен Жаңақала ауданының әкімі лауазымына Закарин Дархан Әмірханұлын тағайындады.  Көпшілікке өмірбаянын, қызмет еткен жылдарын айтып, сәттілік тіледі.

Одан кейін Наурызбай Қадырбайұлы өзіне сенім артқан өңір басшысына және Жаңақала халқына зор алғысын жеткізіп, рақметін айтты. Мұнан кейін жаңадан тағайындалған аудан әкімі Дархан Закарин ел сенімінің үдесінен шығу үшін тиянақты жұмыстанын айтты. Жиында Жанболат Семенов, Закария Сисенғали, Қанат Ешімов бастаған ел ағалары Н.Қадырбайұлының елге жасаған жақсылықтарын, ауданға сіңірген еңбегін айтып, ризашылықтарын білдірді. Және ауданның су жаңа әкімі Д.Әмірханұлына сенім артып, толағай табыстар тіледі. Тілек білдіріп, сөз сөйлеген азаматтар ауданның қордаланған мәселелері – су, жол және мал азығын тілге тиек етіп, облыс басшысынан оң шешімін табуға ықпал етуін сұрады. Сосын аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А.Декартұлы облыс әкіміне өзінің ұсыныс-пікірін жолдады. Ол ең алдымен кадр мәселесінен қате кетпеу керектігін, елге қызмет атқаратын мамандарды ептілігіне емес, еңбегіне қарай әділ таңдап, бағалау қажеттігін ескерсек деген ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы өткен жылдары айтылған өзекті тақырыптардың облыстық бюджет есебінен оң шешімін тапқанын, бұдан кейін де тұрғындардың түйткілді мәселелері, ұсыныстары ескерусіз қалмайтынын, айтылған жайлар бойынша жүйелі жұмыстанатынын жеткізді.

AACA7F3C-AAB5-41C3-9724-FDEA79942489

Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен келген өңір басшысы Ғ.Есқалиев су сорғы станциясы, аудандық электр желілері торабы, жол жөндеу жұмыстарымен және 2 пәтерлік 20 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Сонымен қатар Қызылоба ауылдық округіне қарасты «Хафиз» шаруа қожалығында болып, аудан шаруаларымен кездесіп, олардың жанайқайы мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

8CBA51D9-0B19-4302-85CD-4EC8FB6BE0EB

Құндыз Қадырбаева,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале