4.07.2022, 11:45
Оқылды: 286

Жаңақалалықтардың жұмысы көпке үлгі

Оралда «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару және жайылым мәселесі қаралды. Сондай-ақ Жаңақала ауданында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын бастамашыл топтың жұмыс нәтижесі талқыланды.

WhatsApp Image 2022-07-01 at 20.22.10

Қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Атауов айтып өткендей, жеке тұрғындардың  малы  көбейгендіктен, жайылым жетіспей жатыр. Мұндай мәселе барлық ауданда кездеседі. Кезінде жер телімін меншігіне алып, бүгінде оны мақсатына сай пайдаланбай отырған шаруашылықтар аз емес. Енді олардан жерді мемлекетке қайтарып алу өте өзекті болып отыр. Шаруашылықтарға жерді мақсатты пайдалану қажет екені, олай болмаса, мемлекет жер телімін қайтарып алатыны  жөнінде үнемі айтылып жүр. Алайда көңіл көншітетіндей нәтиже жоқ. Жаңақалалықтар осы мәселені оңтайлы шешуді қолға алыпты. Бұл туралы кеңес отырысында аудан әкімінің орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Асқар Мұқамбетжанов баяндап берді.

– Төрт түлік мал басының өсуі ауданда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін тудырып отыр. Атап айтқанда, барлық малдың 30 пайыздан астамы жеке тұрғындардың үлесінде. Бұл жайылымға деген қажеттіліктің артқанын білдіреді. Осы бағытта аудан бойынша бірқатар нақты жұмыс қолға алынып, іске асырылып жатыр. Биыл аудан әкімінің өкімімен құрамында прокуратура мен жергілікті атқарушы құрылымдардың қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы сәуір айында барлық ауылдық округті аралап, шаруа қожалықтарымен және жеке тұрғындармен кездесті. Мәселенің мәнісін түсіндірді. Нәтижесінде 7 шаруа қожалықтың басшысы пайдаланылмай жатқан 20205 гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Аудан бойынша 55 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің (АШТӨ) 75354 га жерді тиісті мақсаттарда пайдаланбай отырғаны анықталды. Қазіргі уақытта 27 АШТӨ жалпы көлемі 31403 га жерді айналымға енгізді. Он сегіз АШТӨ-нің  34794 га жері тексерілуде. Алты АШТӨ-нің  9157 гектарына қатысты құжаттар сотқа жолданды. Сонымен қатар аудан әкімдігі елді мекендердегі 40 мың гектардай жайылымды кеңейтумен айналысып жатыр, – деді Асқар Жомартұлы.  Ол бұл жұмыстың биылғы екінші жартыжылдықта да жалғасатынын айтты.

WhatsApp Image 2022-07-01 at 20.22.11

Жаңақала ауданының прокуроры Ғалымбек Мұхитовтің айтуынша, елде жарияланған мораторий жеке қожалық иесінің жерін тексеруге мүмкіндік бермейді. «Біз ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты мониторингті, яғни тексеруге қойылған шектеуді  заң жүзінде алып тастау қажет деп есептейміз. Қазір пайдаланылмай жатқан жерлерді тек ақпараттық жүйелердегі мәліметтерге мониторинг жүргізу арқылы анықтап отырмыз. Желтоқсан-қаңтар айларында өткізген мониторингтің нәтижесінде жері бостан бос жатқан 63 қожалықты анықтадық. Ал халықпен кездесудің арқасында тағы да осындай 20-дан астам шаруашылықтың бар екенін білдік», – дейді прокурор. Сондай-ақ бұл бағытта көбінесе заңнамалық тұрғыда кедергілер кездесетінін мәлімдеді. Жиында жұмыс тобының мүшелері жер телімін мемлекетке қайтару барысында кездесетін қиындықтарға, кедергілерге тоқталды. Мәселен, «Жер кодексінің» 43-1, 48-баптары бойынша кедергілер бар екенін жеткізді. Сонымен қатар жаңадан қожалық ашып, атакәсіппен айналысамын деген азаматтарға 400 гектарға дейін жер учаскелерін конкурссыз негізде беру, жер комиссиясын алып тастау немесе конкурстарды өткізу тәртібін электронды түрге айналдыру қажет деген ұсыныстарын айтты. Жиынға қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, облыстық мәслихат жанындағы ауыл шаруашылығы мәселесі бойынша тұрақты комиссия төрағасы, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Жарылғапов, облыстық мәслихат  депутаты Алтынбек  Ермекқалиев те пікір-пайымдарын ортаға салды.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің баяндауынша, 2019-2022 жылдар аралығында 1 млн 389 мың га (соның ішінде жайылым – 1 060 мың га) пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталған. Ал биыл осындай 196 мың гектар (жайылым – 188 мың га) белгілі болған. Осы жерлердің 220 мың гектары (жайылым – 143 мың га) мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Басқарма басшысы жайылымдық жерлер тозып кетпес үшін, мал бағымын оңтайлы ұйымдастыру қажет екенін тілге тиек етті.

Қоғамдық кеңеске барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары, партия филиалдарының атқарушы хатшылары, кеңес төрағалары ZOOM платформасы арқылы қатысты. Кеңеске сондай-ақ «AMANAT» партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау департаментінің бас инспекторы Венера Батырқызы да қашықтан қосылды. Ол республикалық деңгейде шешілетін мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерді отырыстың қаулысына енгізіп, орталыққа жеткізу қажет деді. «Жаңақала ауданында құрылған жұмыс тобының іс-әрекеті нәтижесіз емес. Бірлескен жұмыстың арқасында  жарты жылға жуық уақыттың ішінде 20 мың гектардай жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Аталмыш мәселеде елге сыйлы, беделді азаматтардың сөзі өтімдірек болып отыр. Біз, партияластар, бұл бастаманы құптаймыз. Аудан әкімдіктері, партияластар осы жұмысты жалғастырып, одан әрі жандандыруы тиіс. Жаңақалалықтардың бастамасын өзге аудандарға да үлгі етіп, насихаттауымыз қажет. Шаруалар ел игілігі жолында атқарылатын істің мән-мазмұнын  түсінеді деп ойлаймын», –  деп қоғамдық кеңес төрағасы отырысты қорытындылады. Отырыстың қаулысына сәйкес, барлық аудандық партия филиалының төрағалары, аудан әкімдері қыркүйектің біріне дейін аудандарында осындай бастамашыл топ құруылары қажет.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале